Мәжілісте ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мәселелері талқыланды
Мәжілісте ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мәселелері талқыланды
222
оқылды
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың төрағалығымен өткен дөңгелек үстелге Аграрлық мәселелер, Әлеуметтік-мәдени даму және Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеттерінің депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. Жиынға депутаттардың өңірді аралауы кезінде Жамбыл облысының шаруасы Георг Кох жасаған үндеу себеп болды. Кәсіпкердің 1300 басқа арналған сүт өндіретін фермасы бар. Кәсіпорынды қосымша 1200 бас ірі қараға көбейту жобасын әзірлеп, өз қаражаты есебінен 50 пайызын орындап үлгерген. Енді мемлекеттен субсидия алу үшін ол жобаның құрылысын аяқтауға несие алуы керек. Содан кейін ғана шығындардың бір бөлігін өтеуге өтініш бере алады.
– Барлық түскен қаражатты кейін банктерге бермес үшін бізге құрылыс кезеңінде мемлекеттен қолдау алу маңызды, – деді кәсіпкер.
Отырыс барысында депутаттар тараптарды тыңдап, Солтүстік Қазақстан облысының Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі арқылы жеңілдетілген несиелендіру бойынша оң тәжірибесін Жамбыл облысына тарту туралы оңтайлы шешімге келді.  Министрлік пен Ауыл шаруашылығы басқармасы бұл механизмді қарастыруға уәде берді.
– Аграрлық секторды мемлекеттік реттеу – экономикалық саясаттың ажырамас бөлігі. Ауыл шаруашылығын тиімді дамыту мемлекеттің басты мақсаты деп ойлаймын. Өңірдегі жұмыс барысында біз фермерлік шаруашылықтардың өкілдері мен ауыл шаруашылығы өндірісінің қызметкерлерімен жиі кездесеміз. Бұл салада көптеген проблема бар екенін мойындаймыз. Сондықтан бүгінгі кездесудің мақсаты – кейбір проблеманы ашық талқылап, олардың шешімін бірге табу, – деді Г.Нұрымова.