Берекесі кеткен бекзат спорт
Берекесі кеткен бекзат спорт
583
оқылды
Астанада көркем гимнасшыларға арналған талапқа сай зал жоқ. Олар осыған дейін Тәуелсіздік сарайында дайындалып жүрген. Алайда тамыз айынан бері ата-аналар жас спортшыларды түрлі орынға тасып әлек. Аталған сарайда жөндеу жұмысы жүріп жатқандықтан, 400-ден астам спортшы «далада» қалған. Иә, ата-аналар осы жағдайдан соң өзін «далада» қалғандай сезінген. Себебі көркем гимнастиканың талабына сай жаттығу залын салу мәселесі көтерілгеніне біршама жыл болды. Стандартқа сай зал жоқ болғасын елорда әкімдігі 2020 жыл­дан бері балалар мен жасөспірімдердің Тәуелсіздік сарайында дайындалуына рұқсатын берген. Астана қаласы Көркем гимнастика федерациясының президенті Сайранбек Ербатырұлының айтуынша, алдын ала келіссөзде жылына екі-үш рет мемлекет деңгейінде іс-шара ұйымдас­тырылғанда залды босатуға келісім бер­ген. Алайда ата-аналар 15 тамыздан бері сарайдың есігінен кіре алмай жүр. Ал­ғашында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің төртінші съезі өтетінін айтып, жөндеу жұмысы басталғанын хабарлаған.
«Мамыр айында сарайда ULTTYQ ONIM–2022 онкүндік көрмесін ұйымдас­тырды. Содан кейін қыздар біршама уа­қыт залда дайындалды. Бірақ 15 тамыздан бүгінге дейін балаларды жан-жаққа тасып жүрміз. Қай жерде орын бар, қаланың түкпір-түкпірін шарладық. 4 қараша күні сарай басшылығы ендігі жаттығудың онлайн өтетінін, залды бізге бере алмай­тынын хабарлады. Ал 5 қараша күні Ас­тана әкімдігі сарайда еденді ауыстыру жұмысы жүріп жатқаны туралы жазба жариялады. Білуімше, мұндай жөндеу жұмысы туралы алдын ала хабарлап, құлақтандыру керек. Әкімдік ата-аналар бас көтеріп, БАҚ-қа хабарласқаннан кейін «қимылдап» отыр. Содан 7 қараша күні «Сарыарқа» велотрегінің баскетбол залында дайындалуға болатыны туралы естідік. Бірақ велотрек басшылығы бөлген 2,5 сағат уақыт жетпейді. Өйткені арнайы жаттығу тұғырын ары-бері тасу­дың өзіне біраз уақыт кетеді. Қауіпсіз жат­тығу жасауға жағдай жоқ. Тренерлер амалдауға тура келетінін ескертті. Мы­салы, баскетбол ойыны болатындықтан 10-12 қараша күні велотректе жаттығу өткізе алмаймыз. Қала чемпионаты болса жа­қын­дап келе жатыр. Балаларға тыңғы­лықты жаттығу жасау керек», – дейді ата-ана Венера Абрахманова.
Расымен, бір ғана елордада бес мыңға жуық қыз көркем гимнастикамен айна­лысады. Жалпы, Астанада бір мемле­кеттік, 14 жекеменшік мектеп қыздарды аталған спорт түріне баулиды. Жоғарыда аталған Тәуелсіздік сарайына 400-ден астам бала мен жасөспірім жаттығуға ба­ра­тын. Сарайда балалар мен жасөспірім­дер спорт мектебінің өкілдері жаттығады. Айта кетерлігі, бұл мектеп Олимпиада резервіне сай іріктеу өткізіп, балаларды 5-6 жастан бастап қабылдайды. Мәселеге қайта оралсақ, Астана қала­сы әкімдігі таратқан ақпаратқа сай, Astana Venue Management ЖШС-і ғимаратта жаттығу жасау жағдайын жақсарту үшін еденді ауыстыру жұмысын жүргізіп жатыр. Жөндеу жұмысы 20 желтоқсанға дейін жалғасады. Содан кейін «№1 ОРМЖСМ» КММ Тәуелсіздік сарайына қайта оралады. Алайда ата-аналар бұл істің сиырқұймышақтанып кетеріне сенімді. «Сарайды бізге бермеудің амалын жасап жатыр» дейді олар.
«Олимпиада стандартына сай көркем гимнастика залы биіктігі 18 метрден төмен болмауы керек. Мұндай зал тек Шымкент қаласында бар. Ел бойынша жаттығу залы тапшы. Кез келген ғимарат көркем гимнастикаға лайықталмаған. Тіпті, Тәуелсіздік сарайының өзі кей талапқа сәйкес келмейді. Айта кетерлігі, федерация осыдан үш жыл бұрын «Ду­ман» ойын-сауық орталығында жатты­ғатын. Әрі аталған орталықтағы биіктік талапқа сай келеді. Алайда жекеменшікке өтіп кетті. Қыста суық, шатырынан су ағатыны да жасырын емес. Жаз бен күзде амалдауға болғанымен, қыста жаттығу жасау қиын. Осы жағдайды ескере келе, тек елордада емес, Қазақстанның барлық қаласы пен облысында көркем гимнас­тикаға арнап сарай салу керек. Жалпы, гимнастикаға көңіл бөлген жөн. Оның ішінде спорттық гимнастика, батутты гимнастика бар. Олимпиадалық спорт түрі болғанымен, жетерінше қолдау жоқ. ТМД елдері ішінде Әзербайжанда арнайы академия бар. Гимнастикадағы бар спорт түрі еркін дайындық жүргізетіндей тұр­ғызылған. Мысалы, спорттық гимнастика бар спорттың бастауы іспетті. Сонда икемделген бала кейін басқа спорт түріне оңай ауыса алады», – дейді Астана қаласы көркем гимнастика федерациясының президенті Сайранбек Ербатырұлы.
Федерация басшысы жөндеу жұмы­сын жүргізіп жатқан жеке компаниямен байланыста екеніне сендірді. Тәуелсіздік сарайы біраздан бері жөндеу көрмегенін, саммит басталар тұста тек қабырға мен төбені жөндеуден өткізгенін атап өтті. Оның айтуынша, еденді ауыстыру жұ­мысы бітуге таяу. Керек заттарға Еуро­падан тапсырыс беретіндіктен біраз күту керек. Ал ата-аналар болса, балаларды қай жерде жаттығу орны бос сонда тасып шаршаған. Жекеменшік орталықтағы жаттығу үш сағаттан аспайды. Мәселен, М. есімді ата-ана 9 жастағы қызының бұрындары хореографияны қосқанда бес сағат дайындалатынын айтады. Сарай­дағы мәселеден соң, қызын бір ай бойы ақылы орталыққа апарған. Кейін балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жаттығу өткізетін орын жайын шешіп берген. Бірақ ата-ана көркем гимнастиканың қымбат спорт түрі екенін алға тартып, біраз мәселенің басын ашты. Оның айтуынша, жаттығу тегін болғанымен, қатысатын кез келген жарыс ақылы.
«Жекеменшік көркем гимнастика мектебі өткізетін жарыс ақылы болса бір сәрі. Қалалық ашық чемпионат ақылы өтеді. Көркем гимнастика – өте қымбат спорт түрі. Амал жоқ, баланың болашағы үшін көнеміз. Бір жарысқа қатысу құны – 20 мың теңге. Жеке көрсетілім бойынша – 12 мың теңге, топтық көрсетілім – 8 мың теңге. Осы күнге дейін жарнасы 20 мың теңгеден арзан сайыс кездестірмедім. Орын алған балаға мақтау қағазы мен медалін береді. Алмағанына ол да жоқ. Білуімше, медаль мен грамотаны әкімдік тарапынан береді. Ал ата-ана жарысқа киетін бір костюмды сатып алуға 70-80 мың теңге жұмсайды. Әрине, оған қоса көрсетілімге қажет заты бар. Балалар жылы деп балаларымызды қаңғыртып қойғаны тағы бар. Одан бөлек, жыл сайын федерацияға 10 мың теңге жарна төлейміз. Алайда федерация өз кезегінде қалалық жарыстың өзіне тегін қатысуға жағдай жасай алмай отыр. Бір жарысқа жүзден астам бала қатысқанның өзінде қаншама қаржы түсетінін ойлаңыз», – дейді М. есімді ата-ана.
Байқағанымыздай, көркем гимнас­тика төңірегінде мәселе жетерлік. Ата-ана­лар федерация басшылығының ауыс­қанын, жағдай түзелгенін қалайды. Олар көркем гимнастикаға арналған жаттығу залының жобасы дайын дегенімен, оған төрт топ қана сиятынынан хабардар. Астана қаласындағы федерация басшысы бекзат өнерге мемлекет тарапынан қолдау керегін атап өтті. Ал әкімдік болса, көркем гимнасшыларға арнап бөлек ғимарат салу жоспарда барын ғана ашып айта алды.

А.АЙДАРҚЫЗЫ