Әділет министрлігі азаматтардың саяси партия құру жөнiндегi бастамашылық тобы, сондай-ақ партия мүшелерi тiзiмдерiнiң дұрыстығын тексеру epeжеciне өзгерістер мен түзетулер әзірледі. Саяси партия құру жөніндегі азаматтардың бастамашыл тобының және саяси партия мүшелерінің тізімдерінің дұрыстығын тексеру мынадай жағдайда жүзеге асырылады:
- бастамашыл топ үшін саяси партия құру ниеті туралы хабарлама берген кезде. Тексеру "Саяси партиялар туралы" Заңның 6-бабына сәйкес хабарлама алынған күні жүргізіледі;
- Саяси партия мүшелері үшін "Саяси партиялар туралы" Заңның 10-бабында көзделген құжаттарды тапсыру кезінде.
Шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың мүшелігіне, сондай-ақ саяси партияға ұжымдық мүшелікке жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының азаматы бір ғана саяси партияның мүшесі бола алады.
Саяси партияға мүшелік ерікті, жеке және тұрақты болып табылады.
Саяси партияға қабылдау жазбаша өтініш негізінде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия қатарында болмауы тиіс.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, төрағасының орынбасары, судьялары жəне өзге де соттардың төрағасы мен судьялары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уəкіл, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жұмыскерлері, əскери қызметшілер саяси партиялар қатарында болмауы, қандай да бір саяси партияға қолдау көрсетпеуі тиіс.
Тiзiмдердегі саяси партия құруға бастамашылық жасаған азаматтардың саны облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың үштен екiсінің атынан өкiлдiк ететiн кемiнде 700 адамды (шамамен 1 мың адам) құрауы тиiс.
Тiзiмдерде көрсетілген саяси партия құрамының жалпы саны партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қаладағы және астанадағы олардың әрқайсысында саны кемінде 200 партия мүшесi бар құрылымдық бөлімшелерінің (филиалдары мен өкiлдiктерінiң) атынан өкiлдiк ететiн кемінде 5 мың партия мүшесi болуға тиiс.
Ал мұның алдында партия мүшесі 40 мың адам болуы талап етілген.
Ұсынылатын тізімдерге қатысты осы ережелерде белгіленген талаптардың сақталуын тексеру олардың дұрыстығы тұрғысынан жүргізіледі:
- саяси партия құру ниеті туралы хабарлама келіп түскен кезде;
- саяси Партияның құжаттары мемлекеттік тiркеуге түскен кезде;
- арыздар, өтiнiштер, шағымдар, хабарламалар мен өзге де ақпараттар түскен кезде;
- тiркеушi орган бекiткен мемлекеттiк тiркеуден (қайта тiркеуден) өткен саяси партияларға қатысты бақылауды жүзеге асыру жоспары бойынша жүргiзiледi.