Ғарыш державасы болмақ едік...
Ғарыш державасы болмақ едік...
© коллаж: Елдар Қаба
711
оқылды
Елімізде аэроғарыш саласы, соның ішінде жер серігітік байланыс саласы кенже дамып келеді. Тіпті, тоқырап қалды деуге болады. 2007 жылы шындап қолға алынып, Ұлттық ғарыш агенттігі ашылған еді. Ол 7 жылдан соң жабылып тынды. «Бәйтерек» кешенінің құрылысы өте баяу жүруде. KazSat ғарыштық хабар тарту байланыс жүйесі стратегиялық маңызынан айырылды. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіз жер серігітік байланыс жүйесі жолға қойылмағандықтан, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне де қатер төніп тұр. Жалғыз депутатқа керек пе? Еліміздің ақпараттық дербестігі жалғыз депутатқа керек сияқты. Өйткені мүйізі қарағайдай ғалым­дар, тұтастай министрлік оты­рып аэроғарыш саласы туралы тек «AMANAT» партиясы фракциясы мү­шесінің үн қатуы осындай ша­ра­сыз ойға жетелейді. Өзінің депу­тат­тық сауалында Екатерина Смышляе­ва 2014 жылдан бері тоқырап қалған аэроғарыш саласын сынға ала оты­рып, стратегиялық бағытта қайта қол­ға алуға шақырады. Оның ай­туынша, осы уақытқа дейін атқа­рыл­ған жұмыстардың ішінен тек «Ға­рыштық зерттеу мен технология­лары» Ұлттық орталығының құрыл­ғанын және екі жер серігі пен Ақмола және Алматы облыстарында орна­ласқан жер бетіндегі басқару кеше­нінен тұратын KazSat сериялы ғарыштық хабар тарту байланыс жүйесін атап өтуге болады екен.
«Жерді шалғай кеңістіктен зонд­тау (ЖШКЗ) жүйесінің жұмысын көріп отырмыз. Бұл жұмыстар орта­ша және жоғары мүмкіндікке ие KazEOSat-1 мен KazEOSat-2 жер серігітері арқылы жүзеге асырылады. Асқан дәлдікке ие жер серігітік на­вигация жүйесі жұмыс істеп тұр. Отандық жер серіктерін қолдана отырып ғылыми жұмыстар жүргізу жолға қойылып келеді. Әйтсе де, соңғы кездері ғарыш саласы біз үшін стратегиялық маңызға ие болмай қалды. Бұл саланың жағдайын құл­дыратып жіберді. Мәселен, ұлттық агенттігіміз 2014 жылы комитет дең­гейіне дейін түсіп кетті. Ал құ­рас­тыру-сынау кешенін құру бойынша жоба аяқталмаған қалпы тұр. Шалғай кеңістіктен зондтау жер серіктерінің қаржыландыруды күткеніне бірнеше жыл болды. «Бәйтерек» кешенінің құрылысының жұмыста­ры, ұшыру қызметін жүзеге асыру бойынша коммерциялық жобалар өте баяу жүзеге асуда. Цифрлық да­му, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі былтыр KazSat-2R жер серігін дайындау жоба­сынан бас тартты. Ол байланыс жү­йесіндегі қазір жұмыс істеп тұрған жер се­ріктердің пайдалану мерзімі біткен кезінде орнын алмастыруға тиіс болатын. Сонда өз бетінше дербес, тәуелсіз жер серіктерін байланыс жүйесін нығайта түсу идеясынан бас тартқанымыз ба? Бұл дегеніміз мем­лекетіміздің ақпараттық дербестігіне де қауіп төніп тұр деген сөз емес пе? Қазақстан ғарыш саласын қалып­тастыру жолынан өткен ел, енді оны дамытудан бас тарту деген сөз ақылға сыймайды», – дейді депутат Екате­рина Смышляева.
Ұлттық ғарыш агенттігі мем­лекеттік органына дербес статусы қайта берілуі керек. Одан бөлек, дәл қазір жүзеге асып жатқан ғарыш жобаларының басымдықтарын қайта қарап, әсіресе KazSat және KazEOSat жер серіктерін құрастыру бағытында даму мен қауіпсіздікке көбірек назар аудару қажет. Үкімет не дейді? Депутаттың айтып отырған сөзі­нің жаны бар. Өйткені соңғы гео­саяси оқиғалар стратегиялық ресурс­тардың қысым көрсету құралына ай­налып кетуі оп-оңай екенін сан рет дәлелдеп отыр. Әйтсе де, Үкі­мет­тің жауабынан дербестіктің лебі еспейді. Ғарыш саласына ұлттық статусын бергенді жөн көріп отырған жоқ. Депутаттың уәждерін де жоққа шығармайды. Баяндап отырғандары – «асықпаған арбамен қоян алады­ның» кебі. Шамасы, ғарыш сынды «қояндай» жүйрік саланы, «арбамен» қумайтынын түсінгісі де келіп тұрған жоқ сияқты. Былтыр қабылданған ұлт­тық жобада ғарыш саласы ғы­лы­ми-техникалық дамудың басым ба­ғыты болып белгіленгенін алға тар­тып отыр. Ал ол ұлттық жобаға кі­ріктірілген оған дейінгі мемлекеттік бағдарламада да сондай болған-тұ­ғын, бірақ одан өзгерген ештеңе жоқ еді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігі ғарыш саласын 2030 жыл­дарға дейінгі дамыту тұжырымдама­сын енді-енді жасап шығарып жат­қан көрінеді. Ол келер жылдың І тоқсанында қабылданбақ екен. 10 министрлік пен ҰҚК-ден тұратын ведомствоаралық жұмыс тобы ғарыш саласында ұлттық мүдделерді қорғау жоспарын бекіткен. Онда «Байқо­ңыр» кешені мен жерді шалғай ке­ңістіктен зондтау жүйесін дамыту қарастырылған. Ендігі жұмыстар осы жаңа құжаттар негізінде жүзеге асатындықтан, Үкімет дербес ұлт­тық бағдарлама жасауға ерте деп санайды. Сондай-ақ қазіргі ми­нистрліктің бар екенін алға тартып, Ұлттық ғарыш агенттігін құруды да құп көрмейді.
«Оның үстіне, ғарыш саласының бір мемлекеттік органда цифр­лан­дыру, байланыс, электронды өнер­кәсіп, геодезия және картографиямен біріктірілуі оң синергиялық әсер беріп отыр. Мәселен, бүгінде ғарыш мониторингі арқылы шамамен 400 мың заңсыз иеленген жер телімдері, 1 млн гектар пайдаланылмай жатқан егістік жерлер, 70 стихиялы қоқыс орны және 20 заңсыз пайдалы қаз­баларды өндіру оқиғасы анықталды. 2023 жылы есірткі қылмысымен кү­рес, субсидиялардың тиімді жұм­са­луын қадағалау, сондай-ақ мемле­кеттік шекараны 3D форматында модельдеу мақсатында мониторинг жүргізу жоспарлануда. 2030 жыл­дарға дейін арналған Мемлекеттік басқару тұжырымдамасында мем­лекеттік аппаратты одан әрі оңтай­ландыра түсу мақсаты көзделген­діктен, өз алдына Ұлттық ғарыш агенттігін құруды мақсатқа сай емес деп санаймыз», – дейді вице-пример Роман Скляр.
Ал техникалық параметрлері бойынша қазір көкте жүрген қол­даныстағы ЖШКЗ аппараттарының белсенді жұмыс істеу мерзімі 2021 жылы өткен екен. Бірақ оларды бас­қарушы оператор «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК техникалық аудит жүр­гізіп, қос KazEOSat-1, KazEOSat-2 жер серігітерінің пайдалану мерзімін 2024 жылға дейін созыпты. Теле­коммуникациялық ғарыш аппарат­тарына келсек, KazSat-2-нің пай­далану мерзімін 2024 жылдан 2026 жылға дейін созыпты. Ал KazSat-3-тің мерзімі 2029 жылы аяқталмақ. Сонда 2027 жылдан бастап тұрақты жерсеріктік байланыс үшін бір жер серігі қалмақ. Оларды KazSat-3R байланыс жүйесімен алмастыру жұмыстары жоспар бойынша 2024-2026 жылдары жүзеге аспақ. Бүгінде бұл екі жер серігі еліміздің байланыс пен телехабар тарату сұранысын толық­тай қамти алып отыр. Яки, қазір небәрі жобалық қуатының 72%-ында ғана жұмыс істеп тұр екен. Осы ретте тіпті Орталық Азия елде­ріне ғарыштық байланыс жүйесінің қызметін экспорттау жұмыстары жүріп жатқан көрінеді. Ештен кеш жақсы Депутаттың айтып отырғанын сарапшы мамандар да құптап отыр. Олардың ойынша, бұл – әбден пісіп-жетілген мәселе. Ал Үкімет жауа­бында сырғытпалық сипат басым деп санайды. Солардың бірі – «Ға­рыштық зерттеулер және техноло­гиялар» журналының бас редакторы Нұрлан Аселкан. Оның айтуынша, Қазақстан билігі еліміздің ғарыштық әлеуетінің қадірін біліп отырған жоқ. Бұл – дұрыс емес!
«Қазақстан америкалық SpaceХ компаниясы мен еуропалық OneWeb компаниясы ұсынып отырған жаңа төменгі орбиталық жерсеріктік байланысқа қосылғанды қолай көріп отыр. Сондықтан төл жер серікте­ріміздің біреуін ғана қалдырғанды жөн са­напты. Бірақ мамандар қа­уым­­дас­ты­ғы мұны құп көріп отырған жоқ. Олар бұл тәуекелі жоғары қатерлі жағдай деп отыр. Өйткені бірін­шіден, шетелдік жер серіктері өзге елдердің қадағалауында болады. Олар кейбір ақпараттарды бермей қоюы немесе өз мақсаттарына пай­даланып кетуі мүмкін. Екін­шіден, біз байланыс үшін шетелге ақша тө­лейтін боламыз. Яки, ақ­шамыз сырт­қа кетеді деген сөз. Тағы да айтарым, ғарышта жалғыз жер серігін қал­дыруға болмайды. Бай­ла­ныс жүйесі қашан да дубльді қосым­ша нұсқада жүруі қажет. Өйткені ғарыштағы қоршаған орта өте қатал, күрт өз­гергіш болып келеді. Онда ауа тем­пературасының өзі +100 градус­тан -100 градусқа кез келген сәтте кілт ауыса салады. Түрлі сәуленің әсері көп. Мұндай қолайсыз ортада аппа­раттар кез келген сәтте істен шығуы мүмкін. Сондықтан да екінші жер серігімен сақтандырып қою керек. Ал жерді шалғай кеңістіктен зондтау жайына келер болсақ, одан айырылсақ, біз елімізді ғарыштан қадағалай алмай қаламыз. Қазіргі алмағайып заманда шекарамыздың жанында не болып жатқанын жедел түрде білмей қалуымыз мүмкін. Мә­селен, соғыс болып жатқан Украи­нада мұндай мәліметтерді әріптестік негізде АҚШ беріп отыр. Біз де сөй­тіп біреуге кіріптар болсақ, қаншама ақша төлеуіміз керек. Сон­дықтан да қолда бар мүмкін­дік­те­рімізден айырылып қалмай, кері­сінше оны дамыта түсуіміз керек. Біз шындығын айтқанда кешігіп қал­дық. Бірақ ештен кеш жақсы!», – дейді сарапшы Нұрлан Аселкан.
Маманның айтуынша, Байқо­ңырдың да жағдайы мәз емес. Соңғы жылдары одан ұшырылатын ғарыш аппараттарының саны азайып кет­кен. Тіпті, Украинадағы қақтығыс басталғалы жағдай мүлдем шиеле­нісіп кеткен. Мысалы, Ресей OneWeb компаниясына қарасты Британдық оператордың 36 жер серігін арестке алды. Енді осыдан кейін басқа елдер бұрынғыдай Байқоңырдың қызметін пайдаланудан бас тартып отыр. «Бәйтерек» кешенінің жағдайы да мәз емес. 2004 жылдан бері оның құрылысы қағаз жүзінен аспай келеді. Мұның барлығы еліміздің аэроғарыш саласы жетім баланың күйін кешіп отырғанын білдіреді. Ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан айтқанда да, қауіп зор. Телера­дио­хабар таратуда өз жер серігіміздің айырылып қалып, ең жақын деген ресейлік аппараттарға жүгінер бол­сақ, біріншіден ақша төлейміз, екіншіден қазақстандықтар ресейлік телеарналарды көріп, олардың идео­логиясын тыңдауға мәжбүр болмақ. Ал жер серігінің жоғалып кетуі де­ген­нің не екенін біз өз тари­хы­мыз­дан білеміз. Сондықтан да депутат­тың айтқанының жаны бар. Оны тек қана өз алдына агенттік етіп қана құрып қоймау керек. Тікелей Прези­дентке бағынатын ету қажет. Міне, сонда ғана бұл салаға жан бітіп, стратегия­лық бағыттың бойына қан жүгірмек.