Еуроодақпен қарым-қатынас тереңдей бермек
Еуроодақпен қарым-қатынас тереңдей бермек
558
оқылды
Мемлекет басшысы Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жө­ніндегі Жоғарғы өкілі – Еуропалық Комис­сияның вице-президенті Жозеп Боррельмен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Жозеп Боррельге ілтипат білдіре отырып, оның Астанаға сапары Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы қарым-қатынастарды нығайту тұрғысынан өте маңызды екенін атап өтті. Президент Қазақстан мен Еуропалық Одақ ара­сындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақ­тас­тық туралы келісім барлық саладағы ынты­мақ­тастықты тереңдетудің жаңа кезеңіне жол ашқанын айтты.
– Біз Қазақстан мен ЕуроОдақ арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстарды қолдаймыз. Осыған байланысты Еуропалық Кеңестің Прези­денті Шарль Мишельдің өте табысты болған сапарын және Еуропалық Комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйенмен жүргізген келіссөзімді атап өткім келеді. Біз ынтымақтастығымыздың көптеген мәселесі бойынша өзара түсіністікке қол жеткіздік деп ойлаймын. Сондай-ақ Египетте Қа­зақстан Премьер-Министрі мен Урсула фон дер Ляйен қол қойған Меморандумды құптаймын. Бұл – өзара ынтымақтастық тұрғысынан өте нақты қадам, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Жозеп Боррель Қасым-Жомарт Тоқаевқа құрмет көрсете отырып қабылдағаны үшін алғыс айтып, Астана мен Брюссель арасындағы өзара қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– ЕуроОдақ пен Қазақстан – жақсы серіктестер. Біз өзара сенім мен құрмет көрсете отырып, ортақ сын-қатерлер туралы айтамыз. Сіздер Қазақстанды ашық, инклюзивті және демократиялық ел ету үшін өзгерістер жасауға бағытталған реформалар үдерісін бастадыңыздар. Менің сапарым осы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр, – деді Еуропалық Одақтың Жоғарғы өкілі.
Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық және инвести­циялық байланыстарды одан әрі нығайту перспек­тивалары талқыланды.