Мүмкіндігі шектеулі жандар – рухы мықты жандар
Мүмкіндігі шектеулі жандар – рухы мықты жандар
2,529
оқылды
«Рух бекінісін сақтау үшін дененің бекінісін сақтау керек» дегендей, осы күнде мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарынан қалмай, жұртпен бірге өмір сүріп, еліміздің дамуына өз үлесін қосып жатқаны бәрімізге аян. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі спортшылардың еңбегі ерен. Олар – ел намысын қорғап жүрген жігерлі жандар. Бүгінде үкімет тарапынан рухы мықты жандарға үлкен қолдау көрсетілуде. Соған қарай елімізде мүгедектігі бар жандарға арналған емдеу орталықтары ғана емес, спортқа бейімдеп, жаттықтыратын спорт мектептері секілді түрлі ұйымдар ашылып жатыр. Соның бірі – «Каспий» спортты дамыту қоры». Қоғамдық қордың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастар арасындағы спорттың дамуына үлес қосу. Сондықтан бүгінде олардың қандай бастамалардың басы-қасында жүргені жайында қордың атқарушы директоры Абдусаид Назаров айтып берді. https://www.youtube.com/watch?v=EV8r9c4wtLQ&feature=youtu.be

Жігерлі жандарды қолдайтындар қашан да табылады

 «Каспий» спортты дамыту қоғамдық қорының арқасында түрлі жобалар қолға алынып, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен біршама дүние жүзеге асты. Атап айтқанда, ірі нысандардың бірі – «Тарлан» мұз айдыны мен Паралимпиадалық дайындық орталығы. Мәселен, хоккей және мәнерлеп сырғанауға арналған жабық «Тарлан» мұз айдыны 2013 жылы салынған болатын. Кейін 2016 жылы «Барыс» мұз айдыны ашылғанға дейін онда «Барыс» хоккей клубы» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері айналысқан. Сонымен қатар қоғамдық қор мұз айдынын бес жыл бойы қайырымдылық жасап, жаттығу үшін Саңыраулар мен  мен мылқаулар қоғамына берген. 2014-2016 жылдары Сурдолимпиадалық шайбалы хоккей федерациясы шайбалы хоккей турнирлерін өткізіп тұрған. Мүмкіндігі шектеулі жандар Ал жазғы және қысқы паралимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрама мен спорт резервін сапалы және кәсіби түрде дайындауға арналған Қазақстандағы тұңғыш Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы 2018 жылы ашылды. Қай-қайсысын алсақ та осы екі нысанда мүмкіндігі шектеулі жандар өзі қалаған спортпен тегін айналыса алады. Бүгіннің өзінде мұнда келуші мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 7 мыңнан асады. – Бізге келем деушілерге есігіміз әрқашан ашық. Қандай да бір секцияны таңдамас бұрын алдымен біздің жұмысымызбен танысып алған жөн. Менеджерлеріміз жаттығу залдарын көрсетіп, спорттық құрал-жабдықтарды таныстырып, экскурсия жасайды. Тіпті, кез келген жан біздегі  видеожазбаларды көріп, қандай спорт түрлері барын біліп алу мүмкін. Өйткені бізге келіп, спортпен жаттығамын деген ерекше жандар алдымен өзіне не керегін түсініп алуы қажет. Жүрек қалауын таңдаған соң, өзіміздің спорт дәрігеріне қаралады. Олар анализ алып, толыққанды тексеруден соң қорытындысын шығарады. Себебі, кейбір жандарға белгілі бір спорт түрімен айналысуға тыйым салынады. Мысалы, қан қысымы бар жандарға интенсивті жаттығудың қажеті жоқ. Қан қысымын одан әрі көтеріп жіберуі ықтимал. Сондықтан дәрігерлеріміз не істеу керегін, қаншалықты қажет болатынын, қандай мөлшерде жаттығу қажет екенін тізбектеп айтып береді. Міне, осыдан кейін келушілермен келісімшартқа отырамыз, – деді «Каспий» спортты дамыту қорының атқарушы директоры Абдусаид Назаров.  

Өзіне сырласатын дос табатын орта

Осыдан кейін бүкіл мәлімет ортақ базаға енгізіліп, сәйкестендіру нөмірі енгізілген арнайы карта беріледі. Енді осы картамен әркім өзіне қажетті спортпен айналыса алады. Абдусаид Назаровтың айтуынша, оның артықшылығы келуші аптасына неше рет келетінін өзі біледі. Себебі, оған ешқандай шектеу қойылмаған. Қалаған уақытында келіп, ұнаған спортымен айналыса алады. – Бізге келушілердің көбі күніне екі рет, таңертең және кешке жаттығады. Арасында таңертеңнен кешке дейін жүретіндері де бар. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін орталығымыз екінші үйіндей болып кеткен. «Үйде істерге іс таппай, ішім пысты. Тектен-текке төрт қабырғада қамалып отыра бермей, бос уақытымды осында өткізейін» деп келетіндер де көбейген. Өзінің ортасын тауып, дос-жаранмен уақытын өткізеді. Олармен бірге спортпен айналысып, тамақтанып та алады. Артынан тынығып, саунаға да барады. Одан кейін қосымша тағы бір спортпен айналысып, уақытын қызықты өткізеді. Байқасаңыз, мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігі тұйықтау, кісікиіктеу болып келеді. Біздің орталықта жүріп, адамдармен араласуды, ортаға сіңісіп, өзгелермен тіл табысуды үйренеді. Біз үшін олар – рухы мықты жандар. Сондықтан олар жадырап жүрсе – бізге бақыт, – дейді қордың атқарушы директоры. Мүмкіндігі шектеулі жандар Жалпы, жыл сайын спортпен шұғылдануға болатын мүгедектігі бар, яғни ерекше жандардың тізімін Астана қаласының Денсаулық басқармасы беріп отырады. Биыл тізімде 11 мың адам бар. «Бізге келушілердің 4 мыңы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Біріншіден, біз үшін, яғни орталыққа ерекше жандардың келуі ай сайын көбейіп жатқаны байқалып жатыр. Себебі, біз әр ай сайын сараптама жүргіземіз. Нәтижесінде, спортпен айналысуға елуден жүзге дейін мүмкіндігі шектеулі жандардың келіп жатқанын білдік. Олардың арасында жаттығуды үзбей, тұрақты түрде келетіндері бар. Дегенмен ішінде көңіл күйі болмай немесе жұмыстан шыға алмай, жаттығуды орта жолдан тастап кеткендері де болады», – деген Абдусаид Назаров олардың орталыққа келіп-кетуінің өзі үлкен мәселе екенін жеткізді. Оның айтуынша, инва-такси тек І топтың мүгедектеріне бөлінген. Ал ІІ-ІІІ топ мүгедектеріне қарастырылмаған. Сондықтан олардың орталыққа жетуінің өзі қиын. «Енді бірі мүгедек спортшыларға арналған «Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен» арнайы жеткізіледі. Оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында өткен жылы әкімдіктің қолдауымен паралимпиадалық орталықтың алдына жылы аялдама қойдық. Енді олар қоғамдық көлікті қақап тұрған далада емес, жылы жерде күте алады», – дейді «Каспий» спортты дамыту қорының атқарушы директоры. Мүмкіндігі шектеулі жандар

Жаттығушылардың денсаулығы дәрігердің бақылауында

– Біздің орталықтың менеджерлері Денсаулық басқармасы өткізген тізім бойынша 11 мың мүмкіндігі шектеулі жанның әрбіріне хабарласып, осындай орталықтың барын айтып, оның тегін екенін көрсетеді. Бұл – жылма-жыл қайталанатын үрдіс. Егер келушілердің біреуі соңғы кездері келмегенін байқасақ, менеджерлеріміз хабарласып, себебін анықтауға тырысады. Бірі сырқаттанып қалса, енді біреуі басқа қалаға көшіп кеткен болып жатады. Соның ішінде, олардың қызығушылығы төмендегенін байқамадық, – дейді Абдусаид Назаров. Оның үстіне, осы орталық жайында ақпараттық билбордтар бүкіл қалалық аурухана мен емханаларында ілулі тұр. Жарты жылдай «Қазақстан теміржолы» қолдау көрсетіп, вокзалдар мен вагондарда бейнероликті ойнатқан. Сол секілді Астана қаласының әкімдігі де елорда бойынша барлық жерлерге хабарландыруларды жариялап, билбордтар іліп, жан-жақты қолдап жатыр. – Бізде жаттығушылармен келісімшарт бір жылға жасалады. Бір жылдан кейін қайта жаңартылады. Жаттығатындар үшін дәрігердің тексеруінен қайта өте алатындығы қолайлы. Сол арқылы біз оның денсаулығын бақылай аламыз. Оның қалай шыңдалғанын, қаншалықты жақсарғанын нақты біліп отырамыз. Тіпті, бастапқыда тыйым салынған спорт түрімен енді шұғылдануы мүмкін. Не болмаса айналысып жүрген жаттығуын тоқтатып, спорттың басқа түрімен айналысуға кеңес беруі ықтимал. Сол себепті, жыл сайын тексерілген жөн. Ал оның уақыты келгенде менеджерлер бір ай бұрын ескертіп, хабардар етеді, – дейді «Каспий» спортты дамыту қорының атқарушы директоры. Мүмкіндігі шектеулі жандар

Қатысушыларды қанаттандыратын жобалар

Бастысы, келем деушілерге жас шектеуі жоқ. Оның арасында үлкені де, кішісі де бар. Олардың спортқа деген құлшынысын арттыру мақсатында өз ішінде түрлі жобалар ұйымдастырылады. Мысалы, жаттығушының орталыққа қалай келгені, қандай спорт түрлерімен айналысқаны, жаттығулардан кейін өмірі қаншалықты өзгергені жайында айтып, күнделік жүргізуге болады. Не болса орталықтың ең мықты, ең мақсатты, ең белсенді спортшылары ай сайын чемпион футболкасымен марапатталады. Сонымен қатар, ай сайын ең белсенді келушіге қор өз атынан жекелей сыйлық береді. – Сонымен бірге, Қазақстанның ұлттық құрамасы кестесіне қарай арасында бізде оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Әсіресе, халықаралық сайыстың алдында дайындалады. Мәселен, өткенде ғана Қазақстанның құрама командасы параволейболға байланысты дайындығын жүргізді. Қазір олар 2024 жылы Парижде өтетін олимпиадаға жолдама алу үшін Бостондағы әлем чемпионатына қатысып жатыр. Біле білсеңіздер, бүгінде параволейболдан Қазақстанның ұлттық құрамасы әлемнің ең мықты командасының ондығына кірген. Ал Азия елдерінің ішінде үздік үштікте тұр, – деді  Абдусаид Назаров. Мүмкіндігі шектеулі жандар

Шыңды бағындырған рухты жандар

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін Паралимпиадалық жаттықтыру орталығында спорттың 19 түрімен айналысуға мүмкіндік бар. Атап айтсақ, отырып ойнайтын волейбол, парадзюдо, паратаэквондо, паракарате, парачерлидинг, параүстел теннисі, парапауэрлифтинг, параармрестлинг, бочча, йога, парабадминтон, текбол, голбол, шоудаун, цигун, шахмат, шашки, тоғызқұмалақ және дартс. Ал жалпы орталықтың ішінде тренажер, ойын залы, күрес залдары бар. Соңғы екі зал көпфункциялы, қажет кезінде ішіндегі бүкіл жабдықты жинап тастап, қандай да бір жиын өткізуге де ыңғайластырылған. – Өз орталықтарымыздағы жаттығу залдарын да, мұз айдынын да мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін әкімдікке қарасты ғана емес, қаладағы барлық мекеменің емделушілеріне тегін береміз. Мысалы, «Нұрлы жүрек», Мүгедек спортшыларға арналған «Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» түлектері бізде дайындалады. Тіпті, Спорт басқармасымен бірлесе отырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қандай тобы жаттығуға өздеріне қарайласатын қанша адам ертіп келе алатынын анықтады. Мәселен,  паралимпиадалық орталыққа біреу, «Тарлан» мұз айдыны болғандықтан өзімен үш адам ертіп келе алады. Себебі, мұз айдынында екі жағынан екі адам болуы қажет. Ал біреуі киініп-шешінуіне көмектеседі. Қалай жүріп-тұруын түсіндіретін инструкторларға дейін бар», – деген басшы оның бәрі білікті мамандардың бақылауында болатынын жеткізді. Мүмкіндігі шектеулі жандар «Тарлан» мұз айдынында спорттың үш түрі бар. Олар – пара хоккей, сурдо хоккей және қаланың мүмкіндігі шектеулі жандарына сырғанауға берілген. Абдусаид Назаровтың айтуынша, Паралимпиадалық жаттықтыру орталығы  әлемдік стандартқа сай тұрғызылған. Ал оның жобасын халықаралық паралимпиадалық комитеттің аккредитациясынан өткен америкалық компания жасаған. – Жақында ғана «Тарлан» мұз айдынында парахоккейшілері айналысып жатыр. Олар мамыр айында Словакияның спортшыларымен жолдастық кездесу өткізген. Сонда шетелдіктер «сіздердің жаттығып жүрген мұз айдыны мүмкіндігі шектеулі жандарға толығымен арналған екен. Ал бізде бәрі олай ойластырылған» деп таңданғаны бар, – деді  Абдусаид Назаров.