– Өздеріңіз білесіздер, темір есікті ашу өте қиын. Сондықтан біздің өрт сөндірушілер екіге бөлініп, есікті ашып жатты, екінші учаскеде өрт сөндірушілеріміз 12-қабаттан арқанмен терезе арқылы түсті. Терезені сындырып үйге кірді. Үйдің ішінде ашық лаулап жатқан оттан біздің екі өрт сөндірушіміз зардап шекті, – деді қалалық ТЖД ресми өкілі Аягөз Фазылова.Асқар бірнеше адамды бір ажалдан аман алып қалды. Бірақ өзінің өмірін қатерге тікті. Жалыннан ауыр жарақат алған оның жағдайы ауыр. «Күйік шогы» деген диагноз қойылыпты. Қазір өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
– Асқардың жағдайы өте ауыр, 3-дәрежелі күйік алған. Қазір реанимацияда. Желдеткішке қосылған. Жақын арада операция жоспарланбаған.Ал Аянның жалпы жағдайы орташа ауырлық дәрежесі ретінде бағаланды. Екі науқас та токсикология бөлімінде емделіп жатыр. Бүгін пациент қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылды. Одан әрі емдеу және тексеру толық көлемде жүргізіледі. Пациенттер үшін донорлық қанның қажеті жоқ, – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Раушан Арманқызы.Қызметтегі ерлігімен елге танылған Асқар – 28 жаста. Оның тез сауығып, қатарға оралуын жұбайы мен екі қызы тілеп отыр.
– Асқар реанимация бөлімінде жатыр. Дәрігерлермен жиі байланысып тұрмыз. Досымыздың отбасына қолдау көрсетіп, күні бойы қасындамыз. Президент қаһарманның еңбегін ескеріп жатыр. Бірақ бізге Асқардың денсаулығы ғана маңызды болып отыр. Тезірек аяққа тұрып кетсе екен деп тілейміз. Бұған дейін ол өрт сөндіру кезінде екі рет жарақат алған. Өз мақсатынан айнымайтын табандылық мінез Асқарда бұрыннан бар. Берілген тапсырманы соңына дейін жеткізеді. Ол ештеңеден қорықпайтын. Жұмысын қатты жақсы көреді. Өрт сөндіруші болып жүргеніне он жылға жуық уақыт болды, – дейді Асқардың досы Абылайхан Бірлес.Айта кету керек, Мемлекет басшысы Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде ерлік көрсеткен және бірнеше адамның өмірін құтқарған елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Президент Жарлығымен қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен; Төтенше жағдайлар министрлігі Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі №10 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Аян Кемпіров III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Батырлардың еңбегінің еленгеніне халық риза болды. Енді тек Асқар мен Аянның аман-сау отбасына оралуын тілейміз! Сондай-ақ, ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен елорда әкімі Алтай Көлгінов Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификатын табыс етті. Ал Аян Кемпіровтың отбасына ипотеканы өтеуге көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, Асқар Забикулин мен Аян Кемпіровтың отбасыларына жалпы сомасы 6 миллион теңге болатын несиесін өтеуге көмектесу туралы шешім қабылданды.
К.ЕСІМХАН