Туысыңыз картаңызға ақша жіберді, танысыңыз қарызын қайтарды делік. Бұл аударымдар жеке шотқа түскені үшін ғана кәсіптен түскен табыс болып саналмайды.
Межесі қайта өзгерген мобильді аударым
105
оқылды

Ал клиент тауардың не қызметтің ақысын сол картаға аударса, ол кәсіптің табысы болып есептеледі. 10 қарашадан бастап мобильді аударымдарды бақылаудың ақшалай шегі 1 млн 557 мың теңгеге көтерілді. Жаңа меже банк жеке шоттағы түсім туралы мәліметті салық органына қандай жағдайда беретінін айқындайтын болады.

Мемлекеттік кірістер комитеті өкі­лі­нің сөзінше, 2026 жылғы 10 қарашадан бас­тап мобильді ау­дарым­дарды бақы­лау­да қол­данылатын ақшалай меже 1 млн 557 мың теңгеге жетті. Бұған дейін ол 1 млн 20 мың тең­ге еді. Үш айдағы тү­сім­ге қойыла­тын шек осы­лай­ша 537 мың теңгеге, яғни 52,6 пайызға өсті. Жа­ңа меже айлық есептік көрсеткіш­пен есеп­телмек.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кі­рістер ко­ми­те­ті­нің Жеке тұл­ғалардың кі­­рістерін әкімші­лен­діру бас­қар­ма­сының бас­шысы Дина Құсайынова­ның ай­туынша, банк жеке шотқа қанша ақ­ша түс­кенін де, оны қанша адам жі­бер­­генін де есепке алады. Жіберушілер са­ны қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысы бойынша жеке саналады. Ал ақша көле­мін анық­тағанда осы үш айдағы түсім қосылады.

– Өздеріңіз білесіздер, жеке тұлғаға қа­тарынан үш ай бойы ай сайын 100 түр­лі адамнан мобильді аударым түссе, бұл аударымдар бақылауға алынады. Бұ­ған дейін үш айда түскен ақшаның жал­­пы сомасы ең төменгі жалақының 12 есе­ленген мөлшерінен асуға тиіс еді. Енді сол межені 360 айлық есептік көр­сет­кішке ауыстырдық. Яғни шекті сома 1 020 000 теңгеден 1 557 000 теңгеге өсті, – деді Дина Құсайынова.

Айталық, анасы баласына бір ай бойы күн сайын ақша жіберді. Банк сол айдағы жіберушілерді санағанда, анасы бір адам болып есептеледі. Ал қазанда 120, қарашада 110, желтоқсанда 150 бө­­лек адамнан ақша түссе, үш айдың әр­­қайсысында жіберушілер санына қойылған талап орындалады. Сонда банк осы кезеңде шотқа түскен қара­жат­тың жалпы сомасын қарайды. Ол бел­гіленген межеден асса, мәлімет са­лық органына беріледі.

Неліктен 360 АЕК?

Құсайынова ақшалай меженің өз­геруін Кәсіпкерлік кодексіндегі түзе­ту­лер­мен байланыстырады. Комитет өкі­лі­нің түсіндіруінше, мобильді ау­да­рым­дарды бақылау тәртібіндегі ақ­ша­лай өлшем кәсіпкерді міндетті тіркеуге қа­тысты кодексте көрсетілген мөлшер­ге сәйкестендірілген.

– Бұл өзгеріс Кәсіпкерлік кодексіне ен­гізілген түзетулерге байланысты. Ко­декс­ке сәйкес, кәсіпкерлік қызметтен түс­кен жылдық табысы 360 АЕК-тен ас­қан жеке тұлғалар дара кәсіпкер ре­тінде міндетті түрде тіркелуге тиіс, – де­ді ол.

Екі жағдайда да 360 АЕК көрсетіл­ге­німен, есептелетін мерзім мен қара­жат­тың сипаты бөлек. Банк мәлімет жол­дау шарттарын қарағанда жеке шот­қа қатарынан үш айда түскен ақ­шаны есептейді. Ал Құсайынова сөз ет­кен міндетті тіркелу талабында бір жыл ішінде кәсіпкерлік қызметтен түс­кен табыс ескеріледі. Сондықтан банк мә­лімет жолдай ма деген сұраққа үш ай­дағы түсім мен жіберушілер саны ар­қылы жауап берілсе, кәсіпкер ретінде тір­келуге қатысты бұл талапты бағала­ғанда жылдық табысқа қарайды.

Құсайынованың айтуынша, ба­қы­лау тауардың, атқарылған жұмыстың не­месе көрсетілген қызметтің ақысын же­ке шотына алып жүрген азаматтарды анық­тауға бағытталған. Комитет өкілі кәсіпкер клиентпен QR-код арқылы да, қолма-қол да есеп айырыса алатынын түсіндірді. Екі жағдайда да төлем тір­келуге тиіс.

– Кәсіпкерлер өз қызметі үшін тө­лем­ді кәсіпкерлік шот арқылы қабыл­дау­ға тиіс. Клиент QR-код арқылы тө­лесе, ақша кәсіпкерлік шотқа түсуі ке­рек. Ал қолма-қол есеп айырысқанда ба­қылау-касса машинасы арқылы чек бе­рілуі қажет. Тауарлар, жұмыстар мен қыз­меттер үшін жасалған барлық төлем тір­келуге тиіс, – деді Дина Құсайынова.

Ал жеке картаға түскен қызмет ақы­сы үш айда 1 млн 557 мың теңгеге жет­пе­се, оны қалай есепке алады? Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саи­да Тілеуленова мұны шебердің та­бы­сы мысалында түсіндірді. 

– Мобильді аударымдардың бақы­лау шегінің жоғарылауы – ең алдымен, са­лықтық әкімшілендіру критерий­лері­нің бірін жеңілдету. Бұл азаматтарды са­лық төлеуден босату немесе тауарлар мен қызметтер үшін төлемді жеке банк картасына қабылдауға рұқсат беру де­ген сөз емес, – деп атап өтеді Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саи­да Тілеуленова.

Банк мәліметті қай кезде береді?

Қаржыгердің түсіндіруінше, банк кәсіпкерлікке арналмаған жеке шотқа қа­тарынан үш күнтізбелік айдың әр­қай­сысында кемінде 100 бөлек адамнан ақ­ша түсіп, сол кезеңдегі жалпы сома 360 АЕК-тен асқанда мәліметті салық ор­гандарына жолдайды. Есепке үш ай­дағы түсімнің жиынтығы алынады. Ал ақ­ша жіберген адамдардың саны әр ай бойынша жеке есептеледі.

Сөз басындағы шебердің жағдайын алайық. Үш айдың әрқайсысында оған жүз түрлі клиент ақша аударды. Демек, адам санына қатысты шарт орындалды. Бірақ үш айдағы 1,2 млн теңге бұрынғы ме­жеден асқанымен, жаңа шекке жет­пейді. Қаржыгердің айтуынша, бұл ақ­­шаның көрсетілген қызмет үшін тө­ленгені оның табыс ретіндегі сипатын ай­қындайды.

Екінші мысалда жеке шотқа үш ай­да 1,6 млн теңге түседі. Сома межеден асып тұр, бірақ айлардың бірінде ақша жі­бергендер саны 80 адам болған. Мұн­дайда банк осы тәртіп бойынша мәлімет бер­мейді. Үшінші мысалда да түсім 1,6 млн теңге. Бұл жолы үш айдың әрқай­сы­сында кемінде жүз бөлек адам ақша ау­дарған. Екі шарт та орындалған соң банк мәліметті салық органына жол­дай­ды.

– Жаңа критерий салық салын­бай­тын шекті соманы белгілемейді, тек ық­­­­­тимал кәсіпкерлік қызметті анықтау механизмін айқындайды. Халық ара­сын­да енді 1,557 млн теңгеден аспайтын кез келген төлемді бизнесті тіркемей-ақ жеке картаға қабылдауға болады деген қа­те түсінік қалыптастырмау маңыз-ды, – деп түсіндіреді сарапшы.

Туыстың жіберген ақшасы, қай­тарыл­ған қарыз немесе ортақ сый­лыққа жи­налған қаражат жеке картаға түскені үшін ғана кәсіпкерлік табысқа жат­пай­ды. Ал тауардың не қызметтің ақысы бел­гіленген межеге жетпесе де табыс бо­лып қала береді. Кәсібін тір­кеген адам да түсімін жеке картасына қа­был­даса, жоғарыдағы шарттар орын­­­далған кезде банк сол шот тура­лы мәліметті салық органына береді. Мұн­да қара­жат­тың қай шотқа түскені ес­керіледі.

Хабарлама келсе, қайтеміз?

– Белгіленген критерийлерге сәй­кес келу бірден тексеру жүргізіледі не­­­месе банк шоты бұғатталады дегенді біл­дірмейді, – деп атап өтеді қаржыгер. – Қаржы министрлігінің түсіндірмесіне сәйкес, алдымен салық органы ақ­па­рат­тық хабарлама жібереді. Кейін негіз бол­ған жағдайда камералдық бақылау жүргізілуі мүмкін. Егер оның нәти­же­сінде сәйкессіздіктер анықталып, ха­бар­лама жолданса, азамат түсініктеме беру­ге немесе оларды жоюға мүмкіндік ала­ды. Белгіленген критерийлерге сәй­кес келудің өзі шот бойынша опера­ция­лар­ды тоқтата тұруға негіз бола ал­май­ды.

­Тілеуленованың бағалауынша, шек­­тің өсуі жеке картасына түскен ша­ғын аударымдар жөнінде түсініктеме беруге тура келетін жағдайларды азай­туы мүмкін. Кәсібін енді бастаған адам­дар­ға түсетін әкімшілік салмақ та жеңіл­деуі ықтимал. Сонымен бірге кей сатушылар «түсімім осы межеге жет­кенше тіркелмей жұмыс істей берсем бо­лады» деп ұғуы мүмкін. Қаржыгер осы тұста кәсіпті ресімдегеннен кейін оны жүргізуге қандай жағдай жасал­ға­нына назар аударады.

– Шағын бизнестің көлеңкелі эко­номикадан шығуы үшін тек бақылау те­тіктері ғана емес, жұмыс істеуге қо­лай­лы жағдайлар да қажет. Атап айтқан­да, тіркеудің қарапайым тәртібі, түсі­нік­ті салық режимі, есеп жүргізуге ар­нал­ған қолжетімді цифрлық құралдар, құ­ны төмен бизнес-шоттар мен эк­вай­ринг қызметтері, сондай-ақ есептілікке қа­тысты болжамды әрі тұрақты ереже­лер болуға тиіс, – деп есептейді қаржы­гер.

Сарапшы өзгерістің нәтижесін екі көр­сеткішке қарап бағалауды ұсынады. Бірі – жеке аударымдарға қатысты қате жі­берілген хабарламалар санының азаюы. Екіншісі – түсіндіру жұмыс­та­ры­н­ан кейін кәсібін ресми тіркеген адам­дардың саны. Ал экономикалық тиім­ділікті бағалағанда, кәсіптің ре­сім­делуінен бюджетке қанша қосымша кі­ріс түскені және сол нәтижеге жету үшін мемлекет қанша шығын жұм­са­ға­ны қатар есепке алынады.

– Мен экономикалық тиімділікті заң­дастырылған бизнестен түсетін қо­сым­ша салық түсімдері мен мемлекеттің құ­қықбұзушылықтарды анықтауға, банк­тік ақпаратты өңдеуге және бақы­лау шараларын жүргізуге жұмсайтын шы­ғындарының арақатынасы арқылы ба­ғалар едім, – деп қорытындылады сарап­шы.

Кәмила ДҮЙСЕН