Қырғыз елінен келген байқаушылардың пікірінше, 20 қараша – сайлау күні Алматыда ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген. Бұл туралы Қырғыз Республикасы ОСК жанындағы Лейлек-Сулукту аймақтық сайлау комиссиясының арнайы өкілі Әбдіуали Хамраев, оның әріптесі Қырғыз Республикасы Бішкек АСК төрағасы Бахадыр Конуров және байқаушы Тілек Шығай айтты, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматыда сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп есептейміз. Біз барған учаскелерде ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. Біз ондаған учаскелік сайлау комиссиясын араладық. Бүкіл жағдайды учаскелік сайлау комиссиялары қадағалады. Комиссия мүшелерінің тәжірибесі мол, учаскелік сайлау комиссияларында сенім білдірілген адамдар, кандидаттар мен байқаушылар да болды», – деді Әбдіуали Хамраев.
Байқаушы Тілек Шығай да әріптестерінің айтқанына қосылып, президент сайлауының нәтижелі өткенін айтты.
«Халықаралық байқаушылар және басқа да әріптес ретінде қатысып отырған елдердің арасында жоғары деңгей байқалады. Бұл – Қазақстанда сайлаудың қалай өтетінінің көрсеткіші болды деп ойлаймын», – деді ол.