Отырыстың күн тәртібі бекіді
Отырыстың күн тәртібі бекіді
554
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығы­мен Палата бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 2022 жылғы 24 қарашаға жоспарланған Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Алдағы Палата отырысында сенаторлар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Ұсынылған түзетулердің қатарында еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайту және бірыңғай төлемді енгізу туралы норма бар. Нақты айтқанда, қазір микро және шағын бизнес субъектілері еңбекақы төлеу қорынан 34,5 пайыз төлейді. Ал 2023 жылдан бастап біртіндеп 2028 жылы 26,3 пайызға дейін өсе отырып, 20 пайыздық бірыңғай төлемді ерікті негізде төлеу ұсынылады. Сонымен қатар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралады. Бұл құжат жолдардағы көліктік бақылауды автоматтандыру бөлігінде өзгерістерді, теңіз көлігі саласындағы халықаралық шарттардың нормаларын имплементациялауды, теміржол көлігіндегі оқиғаларды, кемелерге қатысты апаттық жағдайларды және азаматтық авиацияны тергеу тәртібін жетілдіруді көздейді.