Спортпен шұғылдануға жағдай жасалған
Спортпен шұғылдануға жағдай жасалған
696
оқылды
Астанада бірқатар спорт орталығы мен Оқушылар сарайы салынады. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.
– Елордада балалар мен қала тұрғындарына арналған бірқатар спорт және демалыс орталығын салып жатырмыз. Мысалы, Алматы ауданында («Қазақстан» спорт сарайы жанында) жеке инвестиция­лар есебінен көпфункционалды балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт орталығының құры­лы­сы жүріп жатыр. Спорт орталы­ғының базасында футбол алаңдары, сол сияқты үстел теннисіне, дзюдоға, парадзюдоға, хореографияға және тағы басқаға арналған залдар болады, – деді Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Инвестиция тартылуда Сондай-ақ көпфункционалды спорт орталығының базасында спортшыларды оңалтуға арналған дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері болады. Ал жеке инвестициялар сомасы – 5,5 млрд теңге. Спорт орталығын 2023 жылы ашу жоспарланып отыр. Сол сияқты қа­лада жеке инвестициялар есе­бінен үстел теннисі орталығы («Алау» мұз сарайының жанында) ашылады.
– Қаланы аралау барысында жаңа Оқушылар сарайының (Есіл ауданы, Тұран даңғылы) құрылысымен таныстым. Оқушылар сарайының құрылысы да жеке инвестициялар есебінен жүріп жатыр. Оқушылар сарайының жалпы ауданы шамамен 6,5 мың шаршы метрді құрайды. Оның базасында бассейн, гимнастика, спорттық-бал би­лері залдарын, шахмат, ро­бо­тотех­ни­ка және IT-бағдарламалау кабинеттерін ашу жоспарланып отыр, – деді елорда әкімі.
Оң жағалауда Оқушылар сарайы бар. Қала тұрғындарының өтініші бойынша сол жағалауда Оқушылар сарайына арналған орын бөлінді. 2023 жылы Оқушылар сарайын ашуды жоспарланған. Сол сияқты бокс, жекпе-жек өнері орталықтары, жекпе-жек залы, спортшыларға арналған медициналық орталық (А-82 көшесіндегі «Нұрлы Жол» теміржол вокзалының жанында) ашылды. «Жастар» сарайында, «Толқын» спорт кешеніне жөндеу жұмысы жүргізілді. «Қазақстан» спорт кешенінде қайта құру және жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. «Өндіріс» және «Көктал-2» елді ме­кендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Оларда спорттың 10 түрі бойынша 1 мыңға жуық бала жаттығады. Тағы екі елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізілуде. Қала тұрғындарының спортпен шұғылданып, бос уақытын пайдалы өткізе алуы үшін спорт және демалыс орталықтарының желісі ары қарай да кеңейеді. Спорт орталықтары бұқаралық спортты дамытуға және балалар мен жасөспірімдер спортына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.  Бұқаралық спортқа ден қойған Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұқаралық спортты дамытудың басымдығын ескере отырып, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын аза­маттарды арттыру мақсатында Астана қаласында арнайы бағдарламалар мен түрлі жобалар әзірленген. Алтай Көлгінов Айталық #AulaFit жобасы 2020 жылдың мамыр айынан бастап «Манхэттен-2», «Олимп Палас-2», «Азат-2» тұрғын үй кешендерінің аулаларында жүзеге асырылуда. Жазғы кезеңде дене шынықтыру және спорт бойынша сабақтар аптасына 5 сағат, қысқы кезеңде – 3 сағат өткізілді. Жобаға білікті жаттықтырушылар қатысты. 2021 жылдан бастап футбол, шахмат, стрит воркаут, баскетбол, балалар фитнесі бойынша барлық аулаларда тегін жаттығулар ұйымдастыру арқылы қаланың шет аймақтарын дене шынықтыру және спортпен қамту жоспарланған. «Спорт парк­­тер» бағдарламасына емдік дене шы­нықтыру, скандинавия­лық жүріс, йога, шах­­мат, дойбы, фитнес және басқа да спорт түрлері енгізілген. Тұрғын үй ке­шен­дерінің тұрғындары спорт­­­­пен өз ау­лала­рында, тәжірибелі жаттықтырушылардың көмегімен тегін негізде айналыса алады. Аға буын, жастар мен балалар күн сайын спортпен шұғылданады, бос уақыттарын, демалыстарын қызықты және пайдалы өткізеді, психологиялық қолдау алады. Сонымен қатар, елордада «Асар жолы» қайырымдылық акциясы басталған. Жоба аясында мұқтаж жандарға қолдау көрсетумен қатар жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулу көзделген. Осы орайда ұйымдастырушылар қалалық ипподромдардың бірінде киіз үй тігіп, асық атып, құрылтай өткізді. Марафонға мұрындық болған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, қала әкімдігі мен Asar Ume қайырымдылық қоры. «Асар жолы» акциясы театрландырылған қойылым түрінде басталды. Бірақ басты рөлдерде әртістер емес, кәсіпкерлер мен өзге де қайырымды азаматтар. Олар акция аясында әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасыларға баспана беріп, қолдау көрсетуге келген. Осы бағдарламалар аясында елордада спорттың ойын түрлері (футбол, стритбол) бойынша аула лигалары өткізілді. Сонымен қатар, халықтың спортпен шұғылдануына да барлық жағдай жасалынған. Нақтырақ айтсақ, қалада 18 спорт кешені, 1500 және одан да көп орындық трибунасы бар стадион, 27 бассейн, құрама командаларды дайындау орталықтары және сол сияқты 44 теннис корты бар. Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамыту мақсатында қазіргі заманның талабына сәйкес халыққа спортты қолжетімді ету үшін One sport жобасы әзірленді. Бір мобильді қосымша ар­қылы қаладағы барлық спорттық инфра­құры­лымды, спорт түрлері бойынша жаттығулар өткізілетін залдарды, спорт мекемелеріндегі жат­тық­тыру­шылар, спорттық іс-шара­лар және бас­қа да ақ­паратты қам­ту жоспарлан­ған. Бұл – қала тұр­ғын­дары еркін пікір алмаса ала­тын платформа.