Ақтауда елімізде баламасы жоқ әскери-теңіз күштерінің сүңгуірлерін даярлауға арналған оқу-жаттығу кешенін ашу жоспарланып отыр. Осы орайда жаңа кешеннің құрылысы, ерекшелігі талқыланып, көпшілікке таныстырылды.
Жиынға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбай, Ақтау қаласының әкімі Ербол Ізбергенов, әскери-теңіз базасының командирі, ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының орынбасары, екінші дәрежелі капитан Бауыржан Мұратұлы, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мен орталық қызметкерлері қатысты. Сүңгуірлерді дайындайтын оқыту кешені еліміздің инженерлік әлеуетін және қорғаныс күшін көтеру мақсатында салынады. Сонымен қатар орталықта мамандарды суда еркін жүзуге үйрету және суда қорықпай жұмыс істеуін қамтамасыз ету көзделген.
Жобаның бас инженері Төлеген Жәрдемнің айтуынша, кешен әскери қызметкерлер үшін теориямен шектелмей, практикалық тұрғыда дағдылануға таптырмас орталық болмақ. «Бұл кешенде сүңгуірлер теориялық және практикалық тұрғыда дайындықтан өтеді. Кемені бақылап, құрылғылармен дұрыс жұмыс істеуді үйренеді. Сүңгуірлер толқынға қарсы жүзуді үйреніп, су астында жаттығулар жасайды. Тереңдігі бес метр бассейнде олар құтқару жаттығуларын орындайды», – деді Т.Жәрдем.
Нысанның құрылысы 2021 жылдың қыркүйек айында басталған. Учаскенің ауданы он гектарды құрайды, жоба құны – 2,2 млрд теңге. Кешен 12 жылдан бері кеме жөндеу және кеме жасау қызметін көрсететін «Кеме жабдықтары және сервис» компаниясының жеке инвестициясы есебінен салып жатыр. Компания директоры Дмитрий Донских кешенде ҚК Әскери-теңіз күштерінің әскери қызметшілерін даярлауға барлық жағдай жасалғанын атап өтті. «Құрылыс барысында өз елімізден шығатын материалдарды қолдандық. Ал өзге технологиялар мен техникалар шетелдерден сатып алынды», – деді Дмитрий Донских.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
Маңғыстау облысы