Осы күні елорда төрінен баспаналы болып, өз үйі – өлең төсегіне қол жеткізгендердің саны артып келеді. Мәселен, жуырда ғана тұрғын үй кезегінде тұрған бірқатар тұрғын Астана қаласы әкімінің қолынан пәтер кілтін алған еді. Жаңа қоныс- танушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедектер, жетім балалар, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, бюджеттік ұйымдардың қызметкері секілді әлеуметтік топтағы адамдар бар. Алдағы уақытта да баспана кезегін күтіп жүрген елордалықтардың қолжетімді бағада әрі жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көруге мүмкіндігі көп.
Бүгінгі таңда қаладағы коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж 47 704 адам кезекте тұр. Оның ішінде 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2 710 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала, 6 274 «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасы, 19 697 халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адам, 18 949 мемлекеттік қызметші, бюджеттік ұйымдардың қызметкері, әскери қызметші, ғарышкер мен ғарышкерлікке кандидат, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкері және мемлекеттік сайланбалы лауазымдарды атқаратын адам, 73 тұрғын үйі апаттық жағдайда деп танылған тұрғын бар.
Сатыпалутәсілдерісаналуан
Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» мекемесінің қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Бекжан Сипаттың айтуынша, үй кезегінде тұрған тұрғындар бірнеше сатып алу тәсілдерін пайдалануға болады. Мысалы, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бірыңғай тұрғын үй саясаты іске асырылады. Айталық, бұл бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй, «Отбасы банк» АҚ-на жеңілдікпен кредит беру, кредиттік тұрғын үй салу және сату секілді мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірнеше бағыты көзделген. Соның ішінде сатып алу құқығынсыз әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үйді сату шеңберінде де тұрғын үй беріледі. Бұл санатқа кезектілік тәртібімен көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кіреді. Ал қатысушыларды іріктеу тұрғын үйге мұқтаждарды есепке қою күнінен бастап жүргізілсе, тұрғын үй 5 жылдан кейін жалдау шартын ұзарту мүмкіндігімен сатып алу құқығынсыз жалға беріледі екен.
Сонымен қатар, елордалықтар үшін «Отбасы банкі» жанынан «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болу да қарастырылады. Яғни ол бағдарлама Жергілікті атқарушы органда кезекте тұрған әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған. «Бұл бағытқа кезекте тұрған көпбалалы отбасылар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатыса алады. Оларға «Отбасы банкі» АҚ арқылы 20 жылға дейінгі мерзімде жылдық мөлшерлемесі 2 пайыз, ал бастапқы жарнасы 10 пайыздан кем емес жеңілдікті қарыз береді. Алайда бұл санатқа кіретіндерге тек Астана қаласы әкімдігінен салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға болады. Сондай-ақ банк жыл сайын кезекте тұрғандардан өтінімдер қабылдайды. Ал қатысушыларды іріктеу Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айқындаған қарыздар санына қарап жүргізілсе, әкімдіктің 1,5 миллион теңге мөлшерінде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттарын ұсыну да қарастырылады», – дейді Бекжан Жанболатұлы.
Кепілгерлертартушартыдакөзделеді
Бұдан басқа, Астана қаласының әкімдігіне ведомстволық бағынысты білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру саласының қызметкерлері, сондай-ақ Полиция департаменті мен Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ арқылы жалға берілетін тұрғын үйді сатып ала алады екен. Яғни тұрғын үйдің жалға алу ақшасы төленіп біткеннен соң үйді өз аттарына тіркеп алуға да мүмкіндік қарастырылған. Бұл ретте, бағдарламаға қатысушыларға сатып алумен жалға берілетін тұрғын үйдің шарттары да мейлінше жеңілдетілген. Мысалы, баспананы жалдау мерзімі 20 жылға дейін берілсе, жалға берілетін тұрғын үйді мерзімінен бұрын сатып алу туралы шарты бар. Сонымен бірге, бастапқы жарна мен өтінішті қарау үшін комиссияның болмауы, табыс жеткіліксіз болған кезде кепілгерлерді тарту да көзделеді.
Бұдан бөлек, барлық кезекте тұрған астаналықтарға арналған «5-10-20» Шаңырақ» бағдарламасы да жұмыс істейді. Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Отбасы банк» АҚ салымшыларына әкімдіктің кезегінде тұрғандар үшін 5-10-20 «Шаңырақ» бағдарламасын іске асыруды бастаған болатын. Кезекте тұрғандар Астана қаласының әкімдігімен салынып жатқан тұрғын үйді банк арқылы жеңілдетілген қарыз есебінен жылдық 5%-бен, бастапқы жарнасы 10%-бен 20 жылға дейін несиеге ала алады. Осы бағыт шеңберінде әкімдік өткізу құны 1 шаршы метр үшін 290 мың теңгеден аспайтын тұрғын үй салуды жүзеге асыруда. Ал қатысушыларды іріктеу кезектілікке сәйкес жүргізіледі. Мәселен, осы бағдарламасы аясында ғана соңғы екі жыл ішінде 4 363 адам қоныс тойын тойлаған. Бұл туралы жақында ғана «Отбасы банкінің» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың өзі де айтқан. Айтуынша, жыл басынан бері шаһарда барлығы 19 335 осындай несие беріліпті.
Тұрғынүйкезегі тұрақтыбақылауда
Айта кету керек, халықтың әлеуметтік осал топтары санаты бойынша кезекте тұрғандар мен білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары, полиция, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне, Астана қаласы әкімдігіне ведомстволық бағынысты мәдениет, әлеуметтік қамсыздандыру саласының бейінді мамандарына бастапқы жарнасын жабу үшін 1,5 миллион теңге мөлшерінде сертификат беріледі. «Сондай-ақ 35 жасқа дейінгі жастарды қолдау мақсатында әкімдік «Отбасы банк» АҚ-мен бірге «Елорда Жастары» бағдарламасын бекіткен болатын. Бағдарлама шеңберінде банктен 18 млн теңгеге дейін жылдық мөлшерлемесі 5%, бастапқы жарнасы 10%-бен 25 жылға бөліп төлеу мүмкіндігімен үйлі болып жатқандар көп. Ол үшін өтініш берушінің жасы 35-тен аспау керек. Соңғы бір жылда Астана қаласында тұрақты мекенжай тіркеуінің болуы міндеттеледі. Одан бөлек, өтінім берген сәтте және соңғы 5 жылда отбасы мүшелерінің атында мүлкінің болмауы, «Отбасы банкте» жинақталған сомасы бар шот болуы қажет», – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Бекжан Сипат. Ал тұрғын үйді бөлу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге де барынша көңіл бөлінеді. Айталық, тұрғын үй кезегінен халықтың үнемі хабардар болуы үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу тәсілдерінің барлық шарттары, құжаттарды қабылдауды жүргізу туралы ақпарат, қарау нәтижелерінен бастап қатысушылардың тізімдеріне дейін тұрғын үй инспекциясының Zhil-astana.kz және тұрғын үй қорының Zhilfond.kz интернет-ресурстарында жарияланады.
Елдегі ішкі көші-қон бас қалаға қоныс аударушылардың артуына алып келді. Оның үстіне демографиялық дүмпуі де жыл санап өсіп келе жатыр. Бұл орайда әкімдік халықтың басты мұқтаждығын қанағаттандыру үшін тұрғын үй құрылысының жанданып, ел игілігі үшін жұмыс істейтін бағдарламалардың тиімділігін арттыруға мүдделі. Соның арқасында үй-күйсіз жүрудің азабын тартпау үшін тұрғындар да баспаналы болудың амалын қарастырып, алғашқы жарна арқылы мемлекет шығарған бағдарламаларға қатысуға ниет білдіріп келеді.