Құттықтау хаттар мен жеделхаттар жолдады
Құттықтау хаттар мен жеделхаттар жолдады
Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайлануына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсіп жатыр. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өзінің құттықтау хатында бауырлас халықтың дауыс беруге белсенді қатысуы және Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы айқын жеңісі оның барлық салаларда жүргізіп жатқан реформаларына, ауқымды әрі игі жұмысына, сондай-ақ биік мақсаттарға жетуге бағытталған «Әділетті Қазақстан – барлығы және әрқайсысы үшін. Қазір және әрдайым» бағдарламасына деген халықтың зор сенімін тағы да растағанын атап өткен. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы айқын жеңісі қазақ халқының оған деген сенімі жоғары екенін растады және Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстанды құру жөніндегі бағытын қолдағанын анық көрсетті деп атап өткен. Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Қасым-Жомарт Тоқаевтың түрікмен-қазақ қатынастарын дамытуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалайтынын жет­кізген. Ол бауырлас екі халықтың игілігі үшін екіжақты байланыстардың барлық бағытын одан әрі нығайту жөніндегі сындарлы диалог пен бірлескен жұмыстың жалғасатынына сенім білдірді. Түрікменстан Милли Генгеші Халк Мәслахатының төрағасы Гурбангулы Бер­дімұхамедов өз құттықтауында Қазақстан Президентінің екіжақты қатынастарды нығайтуға сіңірген еңбегін атап өтіп, екі ел арасындағы серіктестіктің дәйекті түрде дамуын қамтамасыз ету үшін бірлескен күш-жігердің маңызды екеніне тоқталды. Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев дауыс беру қорытындысы халықтың Қасым-Жомарт Тоқаевқа деген зор сенімінің айқын дәлелі және бауырлас Қазақстанды жан-жақты дамыту жолындағы оның қызметіне берілген жоғары баға екенін жеткізген. Беларусь Президенті Александр Лукашенко екі ел арасында қалыптасқан ашық әрі сенімді қатынастарды жоғары бағалайды. Сондай-ақ Беларусь Қазақстанның жақын досы және сенімді серіктесі болып қала беретінін жеткізді. Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары лауазымды қызметте табыс тіледі.
– Қазақстан 2019 жылдан бері саяси және экономикалық жаңғырту үдерісін сәтті жү­зеге асырып келеді. Мұны біз зор қызығушылықпен бақылап отырмыз. Сіздің қайта сай­лануыңыз осы маңызды істің қарқынын сақтауға және Қазақстан халқының мүддесі үшін өзіңіз жариялаған реформаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Орта­лық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосып жүрге­ніңіз­ден хабардармын. Осы жолда Сізді толыққанды қолдаймын, – деп жазды Эмманюэль Макрон.
Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевқа алдағы маңызды міндеттерін атқаруда табыс, ал Қазақстан халқына бейбітшілік, еркіндік және бақ-береке тіледі.
– Қазақстан халқының игілігі үшін қолға алған Сіздің реформаларыңыз бен жаңғыру үдерісі жаңа өкілеттік мерзіміңізде жалғасады деп сенемін. Бұл ретте Германия Қазақ­стан­ның сенімді серіктесі болып қала береді, – деп жазылған жеделхатта.
Италия Президенті Серджио Маттарелла өзінің құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаев­қа толағай табыс тілеп, Қазақстан мен Италияны екіжақты тығыз қарым-қаты­настар байланыстыратынын атап өтті.
– Италия заң үстемдігін нығайтуға және елді жаңғыртуға бағытталған маңызды рефор­малардың жүзеге асырылу барысын бақылап отыр. Қазақстан және Орталық Азия өңірі үшін тұрақтылық пен дамудың жаршысы болатын бұл үдеріс Еуропалық Одақпен қатынастардың нығаюына байланысты да зор мәнге ие, – деп жазды Серджио Маттарелла.
Сербия Президенті Александр Вучич өзінің құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаев­қа көрсетілген үлкен сенім елдің даму және өркендеу бағытын жалғастыруға тың серпін беретінін атап өткен.
– Сербия Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала береді. Сондықтан Сіз жаңа пре­зиденттік лауазымда біздің елге сапармен келесіз деген үміттемін. Сіздің сапарыңыз екіжақты қарым-қатынастарды және Сербия мен Қазақстан арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосар еді, – деп жазды Александр Вучич.
Чехия Президенті Милош Земан өзінің құттықтау жеделхатында сайлау Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшысы ретіндегі берік бағдарын растады және азаматтардың оған сенімі жоғары екенін көрсетті деп атап өтті.
– Мен Сізді осы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Чехия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы қарым-қатынастың жылдар бойы достық сипатқа негізделгеніне қуаныштымын. Екіжақты ынтымақтастық тек экономикалық салада ғана емес, басқа да көптеген бағытта табысты дамып келеді, – деп жазды Чехия Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына өз құттықтауларын Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Молдова Президенті Майя Санду, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, БАӘ вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Татарстан Президенті Рустам Минниханов, ТМД Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы Сергей Лебедев және басқа лауазымды тұлғалар жолдады.