Археологияда алтын іздеу сәнге айналды – Зейнолла Самашев
Археологияда алтын іздеу сәнге айналды – Зейнолла Самашев
959
оқылды
Жуырда Астанадағы Ұлттық музейде «Берел» ғылыми-зерт­теу залы ашылды. Онда археолог Зейнолла Самашев жетекшілік еткен археологиялық экспе­диция Берелдегі қорғандардан тапқан 2 мыңнан астам архе­ология­лық артефакті жинақ­тал­ған. Ал ғалым биыл 75 жасқа толып отыр. Саналы ғұмырын археология ғылымына арнаған ғалым Аралтөбе, Сарайшық ес­керт­кіштеріне, Елеке сазы пат­ша­лар жазығындағы Түркі дә­уіріне тән қағандар кешеніне, Ақбауырда сақ заманының қоныс­тарына қазба жұмыстарын жүр­гізген еді. Біз ғалымнан елі­міз­дегі археология саласындағы жетіс­тіктер мен кемшіліктер ту­ралы сұхбаттасқан едік. – Зейнеолла Самашұлы, мерейлі жасы­ңыз құтты болсын! Археология ғылымына кездейсоқ келдіңіз бе, әлде шынымен де көңіліңіздің қалауы ма? – Мен Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Бестерек деген ауылда дүниеге келген жанмын. Жоғары сыныпта оқып жүргенде мектептің директоры тарих пәнінен сабақ берді. Өте қатал, сабақты жоғары деңгейде жүргізетін еді. Содан бастап тарихқа қызықтым. Бала кезімізде ауылдың қариялары жиналып, батырлар жырын оқытып қоятын. Бағзы заманға қатысты көп әңгіме, ертегі айтылатын. Эпостардың кей үзінділерін жатқа айта­тынбыз. Осының бәрі бала кезімізден тарихи сананы қалыптастырды. Кейін оқуды Өскемендегі жалғыз қазақ мектеп-интернатында жалғастырдым. 1966 жылы бітіріп, Өскемендегі педагогика институтының тарих факультетіне оқуға түстім. Тарихшы болғым келді. Сол жылы жоғары оқуға түсу қиын болғаны есте қалыпты. 10-11 сыныптар бір жылда қатар бітірді. Өйткені 11 сыныпты алып тастаған еді. Конкурс қиын болды. Институтта орыс­ша оқыдым. Бірге оқығандардың көбісі орыстар еді, әрі әскери борышын өтеп, жұмыс істеп келгендер. Орысшамыз нашар болғандықтан бізге күлетін. Намысқа тырысып, орыстілділерден қа­лып қоймау үшін жақсы оқыдық. Бірінші курстан бастап «Археология негіздері» пәнінде доцент Фирая Арсланованың дәрісін тыңдадық. Бір күні лекцияға декан кіріп келді. Қолында шүберекке оралған бір дорба темір-терсек бар екен. Шүберек­тің ішінен жебенің ұштары, пышақтар шықты. Дәріс оқыған ұстазымыз оның әрқайсысы қай ғасырға жататыны, не мақсатта пайдаланылғаны жөнінде айтып берді. Ұстазымыздың мұнысына таңғал­дым. «Қалай біліп тұр?!» деген қызығу­шылық пайда болды. Осы сәттен бастап менде «ұстазым секілді боламын» деген мақсат пайда болды. Жазда институт полигоны болған Ертістің жағасындағы көп қорымға археологиялық тәжірибеге бардық. Онда жаныма бір студент қызды қосып, қолыма күрек беріп, шеңбер сызды да «осы жерді қаз» деді. Ол жерден төртбұрыш тас жәшік таптық. Ішінен адам сүйегі шықты. Алғашқы олжам еді. Соған қатты қуандым. Бұл 1967 жылдың жазы еді. Содан бері жыл құрғатпай археологиялық қазба жүргізіп келемін. Кітапханаларда көп ізденіп, қазба жұ­мыс­тары бойынша ғылыми жұмыс жаздым. Ғылымдағы жолым осылай басталды. Пединститутты бітірген соң жолдамамен мектепке жіберді. – Мұғалімнің ғылыммен айналысуына мүмкіндік болды ма? – Өскеменнен бірнеше шақырым жер­дегі Ленинка деген ауылда сабақ бердім. Ала жаздай оқушылармен бірге тау-тасты аралап, петроглифтерді жинадым. Қорым­дарды қазу үшін қаржы, адам күші жоқ. Ал жартасқа салынған суреттерді зерттеу оңай. Өзің ғана жүріп айналысуға болады. Менің бағыма қарай ауылдың маңайындағы тастарда керемет сызбалар болды. Соларды жинап жүрдім. Жазғы демалыстарда Тарбағатай, Күршім, Зайсан сияқты алыс ауылдарға барып, ол жақтан да тастағы таңбаларды жинадым. Жеті жыл уақытым­ды бекер өткізбей материалдарды жинап алып, кейін кандидаттығымды қорғадым. Кітап та жаздым. – «Берел» қорымдарын зерттеу ғұмы­рыңыздағы елеулі кезең болған шығар. Алтай тауларында қазба жұмыстарын жүргізу керек деген шешімді қай кезде қабыл­дадыңыз? – Берелдегі сақ қорғандарына барғанға дейін кәсіби археолог болып толық қалып­тастым. Ресейде, шет елдерде әріптестермен бірге істедім. 1990 жылдары Алтайдың ре­сей­лік бөлігінде Новосібірдің археолог­тары Үкөк деген мәңгі мұздықтан, содан соң Қытайдағы ғалымдар құмның арасы­нан сол дәуірдің ескерткіштері мен мумияларын тапты. Сол кездері «Қазақтың Алтай тауында қазба жұмыстарын жүргізіп, өзімізге керекті тарихи ақпараттарды алып, кәдемізге жарайтын материалдарды зерт­тесек» деген ой келді. Сонымен бірге сол кезде кеңінен тарала бастаған ДНҚ арқылы зерттеуді де қолға алмақ едік. 1990 жыл­дары француз ғалымдарымен 5 жыл бірге жүргізген зерттеу жұмысы аяқталды. Де­ген­мен олармен бірлескен экспедиция ұйымдастырып, Алтайдың тоң қабаттарын­дағы қорғандарды зерттейік деп келістік. 1997 жылы Қатонқарағай ауданындағы Берел қонысына бардық. Ғылым академия­сының Алматыдағы География инсти­тутында бір зертхана бар. Ол Якутиядағы Ресей Ғылым академиясына қарасты мұздықты зерттеу институтының бір фили­алы екен. Тоң басқан қабатты зерттейтін ғалымды «криолог» дейді. Содан маман­дарды ертіп алдық. Берелдегі қорымдардың біреуін 1865 жылы ғалым Вильгельм Радлов қазып ішінде «мұз кристалдары бар» деп жазып кеткен. №11 қорғанды мамандар бұрғымен 2,5 метр тереңдікке дейін тесті. Бұрғының басындағы өлшеуіш құралдар қорғанның ішіндегі температура 0,-1 градус екенін көрсетті. Яғни мұздық қабаты бар, онда биологиялық материал сақталып қалуы тиіс деген сенімде болдық. 1998 жылы қазуды бастадық. Содан «Берел» эпопеясы басталды. – Зерттеуді кім қаржыландырды? – Зерттеу жұмыстарына Италияның қаржысын алған француз археологтары келді. Біз Ғылым академиясына тақырып бекіттіріп, өзіміз қаржы тауып алдық. Мәңгі мұздықтағы №11 «Патша қорға­нынан» жуан балқарағайдан ойып жасалған табыт, ішінен ер және әйел адамның және әбзелдерімен бірге жерленген 13 жылқы­ның сүйегі табылды. Табыттағы қымбат заттар сол заманда тоналған. Ал аттардың әбзелдеріне ұрылар тиіспеген болып шықты. алтын – Берелдегі қорымдар толық зерттеліп болды ма? – Жоқ. Сақ қорғандарындағы жұмыстар аяқталды. Осыдан 4-5 жыл бұрын бағымызға орай қазба жұмыстары кезінде мүлдем басқа кезеңді сипаттайтын ескерткіштер шыға келді. Бұл үлкен қорғандардың айналасында шымның астында қалған, тастан үйіліп қоршалған ескерткіштер еді. Қазып зерттесек ғұндар заманынан кейінгі, бірақ ежелгі түркіден бұрынғы кезең екен. Материалдарды қарап салыстырып отырсақ, біздің заманы­мыздың 2-5 ғасырына дейінгі аралықтағы сяньбилер екен. – Сонда Берел қорғандары белгілі бір кезеңмен шектелмейтін болғаны ғой. Жалпы олар қай ғасырлардың мұрасы? – Әрқалай. Мәңгі мұздықтағы сақ қорғандары біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырдың аяғы мен ІV ғасырына жатады. Сақтар заманындағы халықтармен кейіннен ғұндар соғысып, жеңген. Одан кейін сяньбилер келіп ғұндардың жерін иемденген. Содан соң араға біраз уақыт салып, біздің дәуіріміздің V-VI ғасыр­ларында түріктер келіп сяньбилерді қуып шығады. Біз бір аумақтағы тарихи ескерт­кіштерден солардың тарихи сабақтас­тығына куә болдық. – Берелден табылған жәдігерлер мен құнды мәліметтер жиынтығы ғылыми айналымға енді ме? Еліміздің ғылым-білім жүйесіне жетті ме? – Жоқ. Табылғанына 20 жылдай уақыт өтсе де, әлі жете қойған жоқ. 2 мыңнан астам жәдігерді Ұлттық музейге табыс­тадық. Онда «Берел» ғылыми-зерттеу қоры ашылды. Эскпонаттар консервацияланып, реставрацияланды. Ал 2008 жылдан кейін табылған қазбаларды Берелде ашылған мұражайға өткізіп жатырмыз. Бәрі ғылыми айналымға енгізілген жоқ. Оны қолға алсақ та жан-жақты зерттеу 20-30 жылды қажет етеді. Әдебиетші, тарихшы, өнертанушы, пәнаралық зерттеуші, медицина ғалымы, геолог, полинолог, геоморфолог, ботаник, топырақтанушы секілді 20 мамандықтың өкілі зерттеуге қатысты. Қазір біразы зерттеу жұмыстарын аяқтады. Ғылыми еңбектерін жариялап жатыр. Ал, поли­генетиктер ДНҚ анықтауды аяқтауға жақын. Дүниежүзінің бірқатар мықты зертханасында артефактілерге радио­көміртегі анализдері жасалды. – ДНҚ-сы белгілі болса, олар біздің бабаларымыз деп айта аламыз ба? – Менің мақсатым – материалдық құн­дылықтар ғана емес, көне ДНҚ мен қазіргі қазақтардың ДНҚ-сын поли­генетикалық тұрғыдан салыстыру бола­тын. Мақса­тымызға жеттік. Дүниежүзінің 25 ғалымы 8 жылдай зерттеп, Берелден шыққан салт аттылар мәдениетін құрған қауым түркі ха­лық­тарының тікелей атасы деген қоры­тынды жасады. Ғылыми мақалалар жа­рық көрді. Мұны біз айтатын болсақ, өз­гелер пантүркист деп айыптаушы еді. Сондықтан өзгелердің дәлелдегені дұрыс. Бұл – ғылыми тұрғыдан үлкен жетістік. – Сіздің ойыңызша археологқа не жетіспейді? Қаржы ма, заманауи құрал жабдық па, әлде басқа дүние ме? – Мәселе қаржыда емес. Оны табуға болады. Уақыт жетіспеушілігі бар. Менің уақытым жетпей жатыр (күледі). Ар- хе­ологиямен айналысатын жас ғалымдар көп болуы керек. Дарынды, белсенді жас ғалымдардың басында әлі шешілмеген әлеуметтік мәселе көп. Айталық бірінің үйі жоқ, бірі бала-шағасын асырай алмай жүр дегендей. Біз кеңес заманында өстік. Үй-күйге алаңдамай, «жұмыссыз қаламын» деп уайымдамай, таза ғылымға ғана ден қой­дық. Қазіргі жастарға қарағанда кітапты көп оқыдық. Ал қазір кейбір жастар тез атақ алғысы келеді, амбициясы басымдау... – Археология саласында қабаттарды көрсететін сканер, нысанды әуеден дронмен зерттеу, рентгендер, терең лазерлік құралдар бар ма? Болса оны зерттеу кезінде қол­данасыздар ма? – Ол жабдықтардың біразы бізде бар. Жоқ болған жағдайда зерттеуге қатысатын шетелдік әріптестеріміз ала келеді. Кейбір терең зертхана анализдері бізде жасалмауы мүмкін. Ондайда Америкадан археолог әріптестерді шақырамыз. Анализді солар елдеріне апарып жасатады. Кей жылдары Кембриджден келген әріптестер қол ұшын созды. Ал заманауи құрал-жабдық табыл­ған жәдігерлердің құндылығын арттыру үшін пайдаланылады. Негізі мәселе бас­қада, ол – қолда бар ақпаратты кәдеге жарату. Археологтың жәдігерлерді табудағы басты мақсат – соның негізінде тарихи-этиникалық процестерді көрсету. археология – Еліміздің батысындағы көне Сарай­шық қаласының орнында қазба жұмыстарын жүргіздіңіз. Сол шаһарды зерттеу қалай басталды? – 1980 жылдардың аяғында Иманғали Тасмағамбетов екеуіміз дос болдық. Ол археологиялық жәдігерлер мен зергерлік бұйымдардан коллекция жинайтын. Содан кейін ол Археология институтына келіп «мына зат қай замандікі, мынаның сипаттамасы қандай болады?» деп сұрап, анықтап алатын. Содан танысып кеттік. Ол: «Біздің жақта Жайықтың жағасында Сарайшық деген көне қала шашылып жатыр. Соны неге қазбайсыңдар?» деді. Қаржы табуын өтіндім. Ол мәселе шешілді. 1989 жылы Атырауға барып, қазба жұмыс­тарына алғышарт әзірлеуге қатыстым. Содан 1990 жылдардан бастап ақырындап қаза бастадым. 1996 жылы стационар қазу жұмыстарына кірістім. Үш жылдан кейін И.Тасмағамбетов сол облысқа әкім болып барды. Екі күннің бірінде қазба жұмыс­тарына келіп, көріп кетіп жүрді. Сөйтіп 1950 жылдары тоқтап қалған Сарайшық эпопеясын қайтадан жандандырдық. Нәтижесінде екі музейді толтыратын жәдігерлерді тауып бердік. Әлкей Марғұлан 1950 жылы бір маусым ғана шаһардың орнында қазба жұмысын жүргізген, саяси қуғын-сүргіннің екінші кезеңі басталып, ол кісі де қуғындалды. Содан қайтып келмей кеткен. Алғашқы болып қолға алғаннан кейін осы бағыттағы жұмыстар сол ғалымның атымен көп аталады. Ал, біз қаланың орнында 20 жылдай қазба жұмысын жүргіздік, Сарайшық туралы кітап шығарып, ғылыми мақала жаздық. Ол жерден құмыралар, қыш ыдыстар, зергерлік бұйымдар, адам қаңқалары көп табылды. – Қазақстанда қазір зерттелмей, мән берілмей қалған археологиялық нысандар бар ма? – Қазір археологтар әр жерден түртіп қаза береді. Содан кейін жылтыраған алтын табатын адамдардың жұмысы елге танылады. Сәнге айналып кетті. Мұны жақсы құбылыс деп айта алмаймын. Ал археология ғылымында алтын табудан басқа да көптеген мәселе бар. Кейінгі бір-екі жылда көне тарихымызды тереңірек зерделеу үшін ежелгі өндірісті, көне экономиканы, экономика орталықтарын зерттеп, солардың негізінде тарихи процестерді көрсетіп беруіміз керек еді. Алтын жәдігерлер соның бір ғана көрінісі. Алтынның барлығы сақтардың обаларынан ғана табылады. Оба – адам жерленген зират қана. Адам зиратта жатқанымен оның тұрған үйі, көшесі, қаласы болады. Сондай-ақ, көне шаһарларымыздың экономикасы, нарығы, суландыру жүйесі, егістігіне мән берілмей адамдардың назары «Алтын адамға» ғана ауып кетті. Тарихты зерделеу бір жақты болып барады. Егіс орындарын, қоныстарын зерттемесе олардың тұрмысын, әсіресе экономикасын, алыс-жақын елдермен қарым-қатынасын, құрал саймандарының эволюциясын қалай білеміз?!. Мысалы көне шахталар, ежелгі тау-кен қазындыларды да зерттеуіміз керек қой. Руданы қазып алып, оны ерітіп алтын-қалайы алу, қола балқыту үшін талай жылдық тәжірибе қажет. Ондай білім-тәжірибе болмаса кенді қалай игересің? Ал бұрынғы адамдардың арасында сондай білімді-біліктілері болды. Өзінің білімін атадан-балаға мұра ретінде қалдырып отырды. Алайда «ата-бабамыз көшпелі болды, қолына қылыш-семсерін, садағын алып көршілерін жаулап жүрді» десек, олар қылышын қалай жасады, металға руданы қайдан тапты, мысқа қалайыны қосып қоланы қалай жасады? Осы сауалдардың жауабы қайда? Оны Қытай, не болмаса Македонский әкеліп бермейді ғой. Демек бабаларымыздың қоғамында да білім болғанын, тәжірибе қалыптасқанын дәлелдеп, зерттеу керек. «Оның технологиясы қандай болды?» деген сұраққа жауап әлі жоқ. Алтыннан сым созды, фольганы жасады. Мысалы Шілікті мен Елеке сазынан табылған алтыннан сірке салынған жәдігердің көлемі бір милимметрге де жетпейді, алайда ортасында тесігі бар. Қолында лупасы жоқ көне дәуірдің адамы соны қалай тесті? Біз оны білмейміз. Бізге ол технология жеткен жоқ. Қазір біздің көзіміз бір милимметр артефактідегі тесікті көруге жетпейді. Міне көрдіңіз бе, ежелгі заманда қандай керемет технология болған! Осылардың орнына обадағы алтын адамдарды ғана іздеп кетсек ғылым бір жақты болып қалмақ. Кейбір шетелдік ғалымдар «сендер оны жасамадыңдар, оны қытайлар не гректер жасаған» деп шыға келеді. Көрдің бе? Соны дәлелдеу үшін терең ғылыми зерттеу қажет. – Демек мұндай жәдіргерлер көшпелілер өркениетіне қатысты көзқарасты да өзгертуі мүмкін ғой. Келісесіз бе? – Иә. Ол технологияны атқа мініп, шауып жүріп жасай алмайсың. Ендеше сол дәуірдегі қоғамда мал бағатындар ғана емес, отырықшылар да болды. Осы бұйымдар металлургтердің, руданы білетін кеншілер еңбегінің жемісі. Сосын кен орындарын қоршап, қорғау керек. Әйтпесе басқа халық тартып алады. Ол процестерді ұйымдастыратын ұжым, оны басқаратын мемлекеттік жүйе бар деген сөз. Осыларды зерттеп, дәлелдеу үшін обадан шыққан материалдар аздық етеді. Полиэконо­миканы қолға алмақ керек. Сол екеуін біріктіргенде ғана тұтас тарихымыз шы­ғады. Осы жағы әлі ақсап жатыр. Бұл келешектегі ғалымдар буыны зерттеуі тиіс тақырып. Біз оның негізін қалыптастырып жатырмыз. Немістермен бірігіп бес жыл Семей жақта қола өндірген шахтаны қаздық. Онда өндірілген қалайының құ­рамы анықталды. Ол тіпті ежелгі өркениет орталығы – Месопатамияға жеткізілген. Бұл Алтайдан бәлен мың шақырым жермен сауда-саттық байланыс орнағанын көрсетеді. Оңтүстік Сібір (Тува, Хакасия) жақта қалайы кені жоқ. Олардың жасаған заттарының құрамында қалайы бар. Қалайыны олар бізден ғана алды. Осыдан ерте дүние заманында макроэкономикалық қарым-қатынас болған деген қорытындыға келеміз. Мінеки, осыны да зерттеу керек. Оны зерттеу, үлкен қорытынды жасау жөніндегі идеялар қолға алынса. Оны жүзеге асыратын жас ғалымдар шоғыры керек. «Қазақстанның археологиясында осындай ақтаңдақтар бар, осыны зерттеу керек» деп оларға ой салуымыз қажет. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Жәнібек АМАНГЕЛДІ