Ор қазсаң, оңбайсың!
Ор қазсаң, оңбайсың!
571
оқылды
Ор қазып болып, тамсана қарап тұрған. «Ойпырмайлай» келіп, орға өзінің түсіп кеткені. Ары ышқынды, бері ышқынды, тіпті ысқырды, қышқырды, шыға алар емес.Тізесін бүгіп, отыра кетіп, ойланды: – «Біреуге ор қазба, өзің түсесің!» – деген сөздің рас болғаны ма?» Орнынан ұшып тұрып, жоғары тағы ышқынды. Ышқыры босап, төменге қара қоңыздай домалап түскені. «Ойпырмай, терең қазып қойғаным ба? Жаңа қалай шықтым өзі?» Енді ол ұялы телефонын алып, досымен хабарласа бастады. – Алло, Жексен, қайдасың? – Үйде, теледидар қарап, жүз грамм жалап. – Маған кеңкелес болмасаң, кел. – Неге? – Қарным ашты. – Немене? – Орға құлап кеттім. – Сауап болыпты! – Досымсың ғой, жәрдем бер. – Байқамайсың ба? – Жоға, біреуге ор қазып жатқанмын. – Кімге? – Нөмірі бірінші дұшпаныма. – Соны шақырсаңшы? – Ол көме салады ғой. Келші, Қисалаң көшесі, сиыр жайылып тұрған жерде. – Қандай сиыр? – Қара ала. – Құйрығы өрілген бе? – Ой, келші деймін. – Ол менің сиырым ғой. – Келші енді. – Жарайды, барам. Ордан шығарсам, жуасың ғой? – Ой, алқашым, әуелі шығарып алшы! – Мені алқаш деме, бармаймын! – Жарайды, сырғаш дейін. – Ол немене? – Сыра көп ішесің, сырғаш дегенім ғой. – Жарайды, қазір барамын, ешқайда қашып кетпе. – Қайда қашам? Кел, тез! Досы шынында, тез келді. Ор ішінде, шұңқырда жатқан Арамбекті көріп, көздері шарадай болды. Бір жерден ұзындау таяқты тауып әкелді. Құлдыраңдап келіп, Арамбайға ұсынды. Ол таяқтың ұшынан ұстап, бұл кері тартып жатқан, таяғы құрғырдың ортасынан сынып кеткені. Шалқалай түсіп, жалп ете қалды. – Ей, неғып жатырсың? – деп сұрады досы төмен төніп. – Демалып. – Арам адамсың ғой, ор қазып едің, өзің түстің. Мына бар ғой, Ресей Украинаға ор қазып, соғыс ашып еді, енді сол орға өзі түсейін деп жатыр. Нең бар-ей, ор қазып? Қазғыш болсаң, эксковатор жалдамайсың ба? Сөйтіп, дұшпаныңды ертіп келіп, итеріп жібермейсің бе? Ха-ха-ха! – деп қарқылдай күлді досы. Аузынан арақтың исі бұрқырап тұр. Езуіне темекі қыстырды. – Саясаттың сорпасын ішпеші, одан да мені шығар! – деді Арамбай. – Үйден арқан әкелейін, – деген ол жүгіріп кетті. Арамбай ойға шомды: «Мен оны жек көремін. Маған ештеңе істемесе де, жек көремін! Байып кеткені үшін! Қызметі өсіп кеткені үшін! Менің сәлемдескім келмесе де, қуалап жүріп, сәлемдесетіні үшін! Енді міне, сол орға өзім түсіп кеттім!» Бір кезде Жексен келді жетісіп, қолында арқан түгілі албасты да жоқ. Ине-жіп әкеліпті. –Үйде арқан қалмапты. Бар еді, Сүйіндік сұрап әкеткен, қолым енді тиді, асылып өлейінші, мына қымбатшылықтан жалықтым деп. Содан арқан да жоқ, өзі де жоқ, Астанаға кетіп қалыпты. Этаждан құлап өлмек. – Көп сөйлей бермеші. Ине-жіпті неге әкелдің? – Сені тартып шығарайын деп. – Бір ноқатың кем бе? – Жоқ, түгел. Кеше санап шыққам. – Ине-жібің не-ей? – Мә, ұшынан ұсташы? –деген ол жіңішке ине-жіпті төмен түсіре бастады. – Ұста! – деді ол. – Ұстамаймын! – Ұста деймін. – Жындының сөзін сөйлемеші. – Қазақта «Қалауын тапса, қар жанады!» – деген сөз бар. Арамбай жіптің ұшынан ұстап, жоғары ышқынды. Ой, Алла, жіп үзіліп кетсе де, өзі аяғын әр жерге тіреп, сорайып шыға келді. Жетісіп тұрған Жексенді құшақтай алды. Сөйтті де, оны орға итере салды. Ал Жексен жылап отыр, Құдайдан Арамбайдың арам қатуын сұрап отыр. Беу дүние-ай! –деп бұл әңгімені бітіре салайық. Ендігі айтпағымыз мынау. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің майоры Айдын Алпысбаевты кәсіпкер Игорь Кудин деген біреу 2015 жылдың көктемінде «Маған қастандық жасады, өлтірмек болды. Шыбын жаным ұшып кетті! Әлі ұшып жүр!» – деп арыз жазған. Содан Айдын жазықсыз қамалып, сегіз жылға сотталып кете барды. «Аққа құдай жақ» деген осы емес пе? Айдын Алпысбаев ақырында ақталып шықты! Өзге былықтары үшін Игорьдің өзі ұсталып, қамаққа алынды. 2022 жылдың маусымында алқа билер алқасы Айдынды ақтаған үкім шығарды. Сараптаманың жалған нәтижелері үшін сарапшының өзі жауапқа тартылды. Сауап болды! Қылмыс тық істі тергеген Астана Полиция департаменті криминалдық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Сәкен Сүлейменов Айдынға қатысты азаптау шараларын қолданғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Сауап болыпты! Игорьдің жағдайы анау. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» – деген осы! Сауап болыпты!

М.ШЕРІМ