Редакциядан: AIQYN қоғамдық-саяси газетінің редакциясы оқырмандарға арнап «Темірқазық» айдарын ашты. Осы шығарылымның аясында халықтар мен мемлекеттердің тағдыр-талайын айқындаған, ұлттың өсіп-өркендеуіне темірқазық болған тарихи кезеңдер мен оқиғалар туралы, өркениет пен мәдениеттің даму үдерістері, әлемге, қазаққа ұстын бола білген көрнекті тұлғалардың ғибратты ғұмыры жайлы толғамдарды үзбей жариялап отырмақпыз.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, заң ғылымының докторы, профессор, академик: Алаш пен жапон арасы
8,165
оқылды

Ресей империясы XX ғасыр басында үлкен Үндістанға бастайтын кілт пен қақпа ретінде қарастырылған Қазақстан мен Орта Азияны отарлауды аяқтайды. Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығы дербестігін сақтағанымен, экономикалық жағынан түгелдей Ресейге тәуелді еді. Сол замандағы ең алпауыт империя – Ұлыбритания мен Ресей бодандығына түскен елдер арасындағы буферлік аймақ саналатын ауған жеріне басып кіруге жүрегі дауаламаған орыс әскерлері осы күнгі Тәжікстан тұсынан тізгін тартады.

Ежелгі парсы жұрты да ұзақ жылдар бойы Ресей империясының көзін ар­бау­мен болды. Әуелі 1804-1813 жылдарда басталып, кейін 1826-1828  жылдарда шегіне жеткен екі бірдей орыс-парсы соғысының нәтижесінде озбыр орыс им­периясы Кавказ жұртын түгел жаулап, Туркманчай шартына сәйкес отарлық шекара шепті айқындайды. Осылайша, ежелгі түркі-мұсылман жұртындағы үл­кенді-кішілі хандықтар мен әмір­лік­терді басып алып, түстікті отарлауды тау­ысқан соң жемсауы бүлкілдеген оз­быр Ресейдің назары Қиыр Шығысқа ауады.

Орыс-жапон соғысы кеңес тарих­шы­лары жабыла жазғандай, жапон им­периализміне тұтқиылдан  жасалған соғыс болған жоқ. Ресей бұған жылдар бойы қапысыз даярланды. Әуелі дін қар­ын­дастығын алға тартып, Еуропа жұртшылығымен ауызбірлікті күшейтті. Ымыраласу, ықпалдасу бағытындағы үлкенді-кішілі шарттарға қол қойылды. Мэйдзи реформасынан кейінгі аз ғана уақыт ішінде экономикасы мен әскери күш-қуатын әлденеше есе арттырып, Қиыр Шығыстағы ең қуатты державаға айна­лған Жапонияның әр қадамын аң­дып, тыңшылық пен барлауды күшейтті.

Жапония 1894-1895 жылдардағы жапон-қытай соғысының нәтижесінде Қытайды тас-талқан етіп жеңіп, Корея­мен бірге Қытайдың солтүстік-шығыс­ындағы Манжурияны қоса жаулап, осы өңірге үнемі  көзінің құртын салумен болған  Ресейдің өзіне қауіп төндіреді.

Император екінші Николайдың жазбалары мен хаттарына қарап, оның жапондармен соғысқа 1900-1901 жыл­дарда-ақ дайындала бастағанын аң­ғарамыз. Бүлікке ілік іздеген екі жақтың қарым-қатынасы барған сайын ушығып, әуелі жапон әскерлері 1904 жылы Порт-Артурды басып алады. Олар мұнымен де тоқтамай, 1905 жылы Мукден (осы күнгі Қытай жеріндегі Шэньян қаласы) түбінде орыстарға ойсырата соққы беріп, Цусима теңіз шайқасында өзінен ондаған есе үлкен Ресейдей алып им­перия­ның теңіз флотын тас-талқан етіп жеңеді. Орыс-жапон соғысын сырт­тай бақылап отырған алпауыт мемлекеттер оның әлемдік геосаясатқа зор ықпал жасайтын қорытындысынан барынша өз мүдделерін қорғап бақты.

АҚШ пен Ұлыбритания үшін Ре­сейдің күш алып, Еуропаға қауіп төн­діруі қажет емес еді. Олар Корея мен Қытайды тізерлетіп, Ресейге ауыз салған Жапония­ның Азияны жеке-дара билеп-төстеуге ұмтылған озбырлығынан да қатты сес­кенді. Мұның соңы АҚШ-тың арағай­ындығымен 1905 жыл­дың 25 там­ыз­ында «Портсмут бейбіт келісімінің» жасалып, оның нәтижесі бойынша орыстар ұзақ жылдарға жалға алып келген Ляодун түбегі, Порт-Артур мен Дальян порттары, сондай-ақ Ресей сал­­ған Оңтүстік-манжур теміржолы және Сахалиннің оңтүстігі түгелдей жапондар иелігіне өтеді. Осылайша, XX ғасыр басында жер көлемі шағын, халқының саны шамалы болса да шымыр жаңғақтай мықты, аз ғана уақыт ішінде орасан зор техникалық және техноло­гиялық жетістіктерге қол жеткізген Жа­пония сияқты азиялық жолбарыс әлем тарихының төріне қарай озды.

ХІХ ғасыр бойына Орта Азия мен Кавказдағы әлемдегі өнеркәсіптік рев­олю­циядан шет қалып қойған шағын мемлекеттерді қанды қырғынмен жау­лап, орыс қаруының жеңімпаздығы жөнінде миф қалыптастырып үлгерген алып Ресейдің алақандай Жапониядан оңбай жеңілуі жалған аңызға өлердей сеніп келген орыс мұжығының ашу-ыза­сын туғызып, кеңестік тарих ғылымы мен оқулықтарда әсіре насихатталған «бірінші орыс революциясын» туғызды. 

                                                                          Жас Мұхтар Әуезов

Бүкіл әлем бұрын артта қалған, жа­бық ел санатындағы Жапонияның табыстарына таң-тамаша болып, оның экономикасы, әскери күш-қуатымен қатар тілі, байырғы мәдениеті мен өнерін де зерттей бастады. Солардың қатарында Мәскеу мен Петербордың және Ресейдің аса үлкен университеттері мен жоғары оқу орын­дарында білім алған Алаш қайраткерлері де болды.

Жапон жұртын әлемдік өркениет биі­гіне көтерген «Мэйдзи реставрациясы» деген қандай реформа еді? Енді осының тарихына да аз-кем тоқталып өтейік...

Мэйдзи реформасы – әлем ғалымдары тарапынан жан-жақты зерттелген құбылыс. Белгілі жапонтанушы ғалым, Гарвард уни­верситетінің профессоры Эндрю Гор­­донның (Andrew Gоrdon) «Жапонияның жаңғыру тарихы: Токугава заманынан бүгінге дейін» (A modern history of Japan: from Tokugawa times to the present) атты еңбегі АҚШ-та қатарынан төрт рет басыл­ып, әлемнің бірқатар тіліне аударылды. Бұл зерттеу Жапонияда мойындалып, авторға мәртебелі сыйлық та берілді. Тағы бір америкалық жапонтанушы, Йель университетінің профессоры Джон Уитни Холлдың (John Whitney Hall) «Жапония: арғы тарихтан бүгінге дейін» (Japan: from prehistory to modern times) атты моногра­фиясы да әлемдік жапонтанушылар та­ра­пынан жоғары бағаға ие болды. Бұл зерттеу де жапон тарапынан айрықша атап өтілді. Тізімді тым ары созбай, тағы бір еңбекті атар болсақ, оған америкалық жапонтанушы, профессор Джеймс Л.Мак-Клейннің (James L.McClain) «Жапонияның жаңғыру тарихы» (Japon: а modern history) монографиясын қосуға болады.

Біздің мақсатымыз бұл еңбектерді тү­гелдей талдап шығу емес. Әлем зиялы қауымымен бірге Алаш қайраткерлерін де таң-тамаша қалдырған Мэйдзи рефор­масының құпиясын осындай ірі ғалым­дардың байсалды байламдары арқылы танып, түсіндіру. Жапон тарихындағы түбегейлі өзгерістерге жол ашқан бұл ре­фор­маны зерттеушілер оны «Мэйдзи реставрациясы», «Мэйдзи жаңаруы», тіпті «Мэйдзи төңкерісі» деп те атайды. 

Жапон қоғамын 1192 жылдан бастап 1868 жылға дейін әскери ақсүйектер өкілі – сёгундар биледі. Оларды біздің отаршыл тарихымызға жақындау ұғыммен сипаттар болсақ, «генерал-губернаторға» жуықтау. Ресейде генерал-губернаторды император тағайындаса, сёгун өз аймағында жеке-дара, тәуелсіз билік жүргізді. Олардың билік пен жерге үздіксіз талас-тартысынан жапон қоғамында бітпейтін қарулы қақ­тығыстар орын алып, елдің әбден берекесі кетті. 

Мэйдзи реформасы өзара қырық пы­шақ болған сёгундық билікті бір орта­лыққа біріктіріп, императорлық басқаруды орнықтырды. Сол замандағы ең ықпалды сёгун Токугава 1867 жылы 9 қарашада бар билікті Жапония императорына өт­кіз­ген күннен бастап, самурайлардың бес ғасыр бойы, ал Токугава әулетінің табан аудармастан 265 жыл Жапонияны билеу дәуірі аяқталып, билік атаулы бір­жол­ата жас императордың қолына көшеді. Қабағынан қар жауып, қаһарына мұз қатқан сұрапыл самурайларды оп-оңай жуасытып, билікті қолына алған император Муцухитоның жасы 1867 жылы енді ғана 15-ке толған еді. Әрине, мұндай төңкеріс жас баланың қолынан келмейтіні өзінен-өзі түсінікті.

ХІХ ғасырда Еуропада өнеркәсіп рев­олюциясы өрістеп, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған техникалық, тех­­нологиялық өзгерістерге жол ашылды. Әлемдегі алпауыт мемлекеттер жаңару жолына түсті. Жапон зиялы қауымымен өзара қырқысудан әбден титықтаған сё­гундар ел дамуына серпіліс әкелетін жаңғырудың қажеттігін жақсы түсінді. Ол үшін бір орталықтан басқарылатын мығым билік қажет еді. Ал оның бірден-бір жолы императорлықты нығайту болды.

Сёгунат заманында императордың жапон қоғамындағы ықпалы шамалы еді. Сондай әлсіз императордың бірі Ком­эй 1867 жылы аяқастынан 36 жасында дүние салады. Осылайша, билік басына 1867 жылдың 3 ақпанында тақ мұрагері Муцухито келеді. Жыл соңында жапон қоғамын үш ғасырға жуық билеп келген ең ықпалды әулет өкілі Токугава Ёсинобу өз еркімен сёгундік атақтан бас тартып, бар билікті императорға өткізеді.

Келесі 1868 жылдың 4 қаңтарында Муцухито Жапонияда императорлық биліктің толық қалпына келтірілгені жөнінде жарлық шығарып, жер-жаһанға жария етеді. Бұл шешімге қарсылық білдірген елдегі түрлі саяси күштердің қарулы көтерілістері мен қарсылықтары бір жыл ішінде түгелдей тойтарылып, 1869 жылы ескі дәстүрге сай Жапонияның 122-императорының «Мэйдзи» дәуірі басталады. Осы тұста жапон тілінде «білімді билік» деген мағына беретін «мэйдзи» сөзінің төркіні Жүсіп Балас­ағұнның «Құтты білік» деген ұғымымен ұштасатынын аңғарта кетсек, артық бола қоймас.

Жаңа император елді байырғы байтақ – Киотодан басқарып, бұған дейін сёгундар қор­ғаны болып келген көне қала Эдоның атын «Токио», яғни «шығыс астана» деп өзгертеді. Бүгінде әлемге әйгілі Токионың дәуірлеу кезеңі де осы өзгерістен басталды. «Мэйдзи» ұлттық салт-дәстүрлерді сақтай отырып, күллі әлемнен оқшауланып кел­ген жапон қоғамын түбегейлі түрде жаңғыртты. Жаңа үкімет жасақталып, «Дайд зёкан» деп аталатын Қазақ ханды­ғындағы «хан кеңесіне» ұқсас мемле­кеттік кеңес палатасы құрылды.

Жапондар әуел бастан бірден-бір дұрыс жол таңдап, АҚШ Конституциясына сәйкес билікті: заң шығарушы, атқарушы және сот билігі деп үш тармаққа бөледі. Бұл сёгунат заманындағыдай бар биліктің императордың ғана қолында шоғырлануын болдырмай, жаңа демократиялық үдеріс­терге жол ашып, билік тармақтарының дербестігін және қоғам алдындағы жауап­кершілігін күшейтті. 

Сёгунат жойылғанымен, елдегі үлкенді-кішілі хандық бөліністер («хан» деп жа­пон­дар кішігірім кінәздікті атаған) сақ­талып қалды. Император 1871 жылы 277 хандық құрылымдарды жойып, оның орны­на орталыққа бағынышты префек­туралар құрды. «Мэйдзи» реформасы талапты, табанды, ержүрек, еңбекқор жапон халқын әлемге жаңа қырынан танытты. Саяси, экономикалық үдерістер жапон қоғамын серпілтіп, жедел жаңғыру жолына түсірді.

                                                                       15 жасар император Муцухито

Ескі жапон қоғамын дүр сілкіндірген орасан зор өзгерістерді қанша данышпан болса да 15 жасар император жүзеге асыра алмайтыны белгілі еді. Дүниежүзі халықтарын әлі күнге дейін таңғалдырумен келе жатқан бұл ғажайып реформаның авторы ретінде жапонтанушылар үш арыстың есімін атайды.

Жапондықтар зор құрметпен «Үш ұлы қаһарман» немесе «Үш асылзада аза­мат» деп атайтын үштіктің ұшар бас­ында тұрған Кидо Такаёси елдегі ең қиын түйінді жер реформасы мен жаңа әкім­шілік-аумақтық басқару жүйесін енгізіп, ұзақ жылдар бойы императордың кеңесшісі қызметін атқарды. Озық тәжірибені үй­рену үшін АҚШ пен Еуропа, тіпті Ре­сейге дейін барып, олардың табысын зерттеген қайраткер тұлға біраз уақыт Мәдениет министрі қызметін де атқарыпты. 

Тағы бір қаһарманның есімі – Окубо Тосимити. Ол Жапонияның жаңа эконо­микалық саясатын жүзеге асырып, батыс­тық үлгідегі қаржы-қаражат жүйесін ор­нық­тырды. Бірнеше мәрте Қаржы және ішкі істер министрі болып қызмет атқарды. 

Үш асылзаданың соңғысы ретінде Сайго Такаморидің есімін ерекше атауға болады. Жапон Қарулы күштерін рефор­малауға аса зор еңбек сіңіріп, Қорғаныс министрі қызметін атқарған ол Жапония­ның әлем алдындағы беделі мен әскери күш-қуатын арттыруға аса зор еңбек сіңірді. 

Бір ғажабы, елді еуропалық үлгімен жаңарту жолына түсірген үш қаһарманның үшеуі де танымал самурай әулетінен шық­қан еді. Ұлтқа деген құрмет пен қызмет оларды ескі тәртіпті сақтаудың орнына Жапонияны әлемдік даму мен өркениет биігіне бастаған жаңа рефор­маларға алып келді. 

Осы тұста Мэйдзи реформасының табысты болуына зор үлес қосқан, әуелде губернатор, Ішкі істер министрі қызметін атқарып, кейін төрт мәрте Премьер-ми­нистр болған Хиробуми Итоның да есімін айрықша атап өткен жөн. Жас кезінде Ұлыбританияда тағылымдамадан өткен Ито батыстағы өнеркәсіптік революция жетістіктерін өз көзімен көрді. Кейін АҚШ-та болып, сол кезде мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Александр Фишпен таныс-білістік орнатады. 

Батыс елдерінің қалай ілгерілеп кет­кенін өз көзімен көрген Ито білімге құштар 107 жапондық жас азаматты АҚШ-қа тағылымдамаға жібереді. Кейін Премьер-министрлігі кезінде Австро-Венгрия мен Германияға жапон жастарын жіберіп, олар да дамыған елдер тәжірибесінен тағылым алады.

Ито батыс қоғамы жетістіктерін Жап­онияға жеделдете енгізуге үлкен күш жұмсайды. Оның өмірлік ұстанымдары мен саяси, экономикалық көзқарастары Әлихан Бөкейхановтың ой-тұжырым­дарына өте ұқсас еді. Сталин бастаған шала сауатты бәлшәбек басшыларды он орап әкететін Алаш арыстары ойға алған жоспарларын жүзеге асыра алмай, арманда кетсе де, олардың мол мұрасы мен көрсетіп кеткен бағыт-бағдарлары тәуелсіздік тұ­сында жүзеге асты. Мэйдзи реформа­сының табыстарына жүздеген жапон интеллектуалы зор үлес қосты.

Жапонның үш қаһарманы туралы жазу барысында Алаш қозғалысының көш басында тұрған үш арыс – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатов есіме түсті. Олар да жалғыз емес еді. Кейін олардың қатарына Ресейдің ең беделді жоғары оқу орындарын бітірген Ж.Ақбаев, М.Шоқай, М.Тынышбаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, Ж.Дос­мұхамедов, Р.Мәрсеков, т.б. Алаштың ардақты қайраткерлері қосылды. Енді осы тақырыпқа қарай ойысалық.

Бар әлемнен ауашаланып, ортағасыр­лық феодалдық басқару жүйесін сақтап келген жапон қоғамы Мэйдзи реформасы арқасында небәрі 30 жылдың ішінде зор табысқа қол жеткізді. Өзінен жер көлемі, халқының саны, экономикалық және әс­кери күш-қуаты жағынан әлденеше есе үлкен алып империя саналатын Ресейді теңіз бен құрлықтағы шайқастарда күйрете жеңген Жапония жетістіктері Алаш қай­раткерлеріне көп ой салады. 

Күншығыс елінің тамаша табыстарын алғаш қазаққа үлгі етіп жариялаушылардың қатарында сол кезде тырнақалды туын­дылары енді ғана баспа бетін көре бастаған балаң жігіт Мұхтар Әуезов болды. Ұлт әде­биетінің болашақ классигінің «Япония» атты мақаласы 1918 жылы Семейде шығып тұрған «Абай» журналының 4, 5-сандарында басылды. Дәл осы мақала жазушының басына кесір болып жабысқаны соншалық, Мұхаң өмірінің соңына дейін бірде-бір жазбасында, сөйлеген сөзінде, тіпті кейін Жапонияға барған сапарында жазған күн­деліктерінде оның атын мүлде ата­майды. Мақала Әуезов дүние салған соң жарық көрген бастапқы 12 томдық, кейінгі 20 томдық шығармалар жинағына да енбеді. Қайта құру кезеңіндегі «ақтаңдақтар ақиқатын ашу», «жариялылық» ұрандарына сай цензура босаңсыған жылдарда аса көрнекті абайтанушы ғалым, профессор М.Мыр­захметов «Японияны» «Абай» журналынан тауып, алғаш рет 1988 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының 8-нөмірінде жариялайды.

Жиырмаға енді ғана толған жас Әуезовтің «Япониясы»: «Бұл күнде қай халық тәртіпсіз, ғылымсыз, елеусіз қалып­тан асып, алдыңғы дәрежеде жүрген ха­лық­тармен тізелесіп отырарлық теңдікке жетуі тездігінен болатын жұмыс емес», – деген сөйлеммен басталып, жазушы оқырманның назарын бірден теңдікке жетудің оңай шаруа емес екендігіне аударады.

                                                          Орыс-жапон соғысы кезіндегі карикатура

Бұдан ары автор мақалаға нысана етіп алған ойын тарата түсіп: «Ал бұл заманда надан халықтың қатарға кіріп кетуіне себеп болатын жүз тараулы шарттар бар», – деп оның «терең ой», «қажымайтын қайрат», «талап», «еңбек» екеніне назар аударады. Бала күнінен Әуез атасының ұстаздығымен Абай өлеңдерін жаттап өскен адамның бұл сөздерінің қайнарында «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой» деген данышпанның «бес асыл ісі» жатқанын аңғару қиын емес. 

Жазушы бұдан әрі «мешеу» мен «меңі­реу» қалыпты серпіп тастап, «зор­айтып», «көркейтіп», «бүткіл дүниені шамдандырып әрі қызғантып», «ішін қайнатып» отырған ел ретінде Жапониядан үлгі-өнеге алуға шақырады.

Бұл кезде Семейден көп ұзап шыға қоймаған жас Әуезовтің оқыған-тоқыған­дары мол екені мақаланың әр сөйлемінен айқын аңғарылады. Ол Жапония тарихын әріден бастап, «XIX ғасырдың әуелгі жар­ты­сында Қытай мен Америка һәм басқа Еуропа патшалықтарының саудасы қызды», – дей келіп, «бұлардың бір-біріне қатынасатын жолында Япония болды», бұдан әрі «Білімді жұрттар Японияның да ішіне өз саудасын кіргізіп, олардың қанын соруға айналды», – деп Жапония ресми түрде тәуелсіздігін сақтағанымен, экономикалық жағынан озбыр елдердің талауына түскен кіріптарлығын да көрсетіп береді. 

Ежелден ержүректігімен аты шыққан самурайлар елінің мұндай халге түсуіне: «Англия, Франция, Голландия секілді білімді жұрттардың Японияның надан­дығын пайдаланғысы келген қомағайлығы болды», – деп Еуропа жұртының жемқор­лығын да түйреп өтеді. 

Орыс отаршылдығының қазақ дала­сындағы озбырлығын өз көзімен көріп өскен жазушы олардың қомағайлығын кей­інгі шығармаларында жиі әшкерелеп отырған. 

М.Әуезовтің 1928 жылы жарияланып, оның жазушылық талантын баршаға бірдей мойындататын «Қилы заман» тарихи романы: «Базар ортасында ұзын, биік ағашқа аспандатып көтерген екі басты самұрықтың суреті желкілдейтін. Бұл қомағай қарынды, жалмауыз тілекті ертегі обырының айқын тұрған белгісі еді», – деген орыс отаршыларының тілегі жалмауыз, ал қарны қомағай келетінін мұқатып өтетін сөйлемдерден басталатын.

Жас Мұхтар өз мақаласында: «Япония білімді жұрттардан келетін зиянды көрген соң оларға өткел бергісі келмеді», – дей отырып, «Японияның сүйегіне сіңген ұлтшылдық, жігерлілік қаны оянды», – деп өр халықтың отарлыққа қарсы күресіне зор ризашылығын білдіреді. 

Әуезов жапон тарихын, оның ұлттық серпіліс жолындағы күрес тәсілдерін жіті зерттеген. Ол: «Айлалы, азулы жауға өзінің ұстап келген қаруындай қару ұстап, өзінің сүйенген тәртібіндей тәртіпке сүйенбесе, басқа болмайтын болды», – деп жапон реформаторлары алпыс екі айлалы жаудың өз қаруын өзіне қарсы ұтымды пайда­лан­ғанына айрықша назар аударады. 

Жапон халқының тығырықтан жол іздеуінің соңы Мэйдзи реформасына алып келгенін: «Жұрт басшысы, қамқорлары бұл халді ұғып, осының жолына бастарын сарп етіп, жаңа жол табуға ізденді. Солардың талпынуының себебінен 1868 жылдағы жаңалық (реставрация) дүниежүзіне келді», – деп сипаттайды. 

Ақпарат тапшы заманда жазылған шағын мақаласында жас Әуезов жапонның арғы-бергі тарихына қатысты деректерді молынан келтіреді. Ол сол тұста орын ал­ған мемлекеттік басқару жүйесінің жағ­дайы туралы: «Бұрын Японияда Микадо (патша) болса да оны ешкімге иелетпей, бар билік қолынан тарайтын, бұрын соғыс басшы Сиогундікі болатын», – деп жапон қоғамындағы мемлекеттік басқару жүйесінің арасалмағын нақтылап көрсетеді. Бұдан әрі: «Соңғы уақытта сиогундар күшейіп кетіп, Токугава деген тұқым 265 жыл бұл дәрежені ұстап тұрды», – деп биліктің басым бөлігін өз қолына шоғырландырған Токугаваның жайынан да хабар беріп өтеді. 

М.Әуезов Мэйдзи реформасының жан-жақты ойластырылып жүзеге асырылғанын: «Японияның бетін түзеп алып, ретке келтіруге аяқ басқанының басы 1885 жылдан бері қарай» екенінен де журнал оқырмандарын хабардар етеді. 

Әуезов мақаласының басқы тұсында Мэйдзи реставрациясына бір ғана император емес, ел «қамқорларының», яғни кейінгі тарихта «ұлттың үш арысы» атанған реформатор тұлғалар мен солардың төңірегіне топтасқан жапон қоғамының өрлеуі мен өркендеуі үшін жанын салған оқымыстылар жүзеге асырғанына ерекше назар аударады. Жазушы солардың жұмысын шеберлікпен үйлестіре білген алғашқы Премьер-министр Хиробуми Итоның рөлін де ерекше атап өтеді. 

Мұхтар Әуезов 1894 жылы болған Жапон-Қытай соғысының жеңіспен аяқталуынан кейін: «ғылым, шаруа, сауда жолында аса көзге көрінерлік екпінділік істеді», – деп атап көрсетеді. 

Сол кезде енді ғана Семей семи­нария­сын тәмамдап, әлі университет есігін де ашпаған жас Әуезов жапон халқының аз ғана уақыт ішінде мұндай зор табысқа жетуінің сырын олардағы оқу-білім мен сауаттылық дәрежесінің жоғарылығымен түсіндіреді. Ол: «Оқу жолында 1901 жыл­дағы есепте Япониядағы оқуға жасы дәл келген еркек баланың школда жүргендерінің саны 94% (жүзден 94), әйел баласының саны 81 процент болды», – деп жапон халқының сауаттылық деңгейі өте жоғары болғаны жайлы нақты статистикалық дерек­тер келтіреді. 

Ол жапон қоғамының бұл жетістігін «һәр жүректі осындай болсам деп үміт­тендіріп, екпін, жігер беріп, талпынтатын тарих жүзіндегі үлгісі мол сабақ», – деп білім деңгейі жоғары жұрттың жетістігінен үлгі алуға үндейді.

Жапон тарихын тыңғылықты зерттеген Әуезов Ито үкімет басқарған жылдарда жа­пон жастарының ғылым-білім мен жаңалыққа ұмтылысын да назардан тыс қалдырмай: «Жаңалық басталғанынан-ақ Япония жастары ғылым дүкені құрылып тұрған жақтарға ағыла бастады», – дей келіп, мұның себебін: «Бәрінің һәр жерге келгендегі мақсаттары Японияның бақытты болу қамы болды. Сол себепті бұлардан Еуропа ғылымын біліп алғандарды тоқта­мастан жеріне қайтып, жиып алған білім­дерін елдеріне егіп отырды», – деп олардың көздегені ұлт болашағы жолындағы ұлы мұраттар екенімен түсіндіреді.

                                                    Жапонияның премьер-министрі Хиробуми Ито

Премьер-министр Ито Ұлыбритания, АҚШ, Австро-Венгрия және Германия сияқты заманындағы даму мен өркениет көшінің шырқау шыңында тұрған мем­лекеттер тәжірибесін сол күйінде қа­был­даған жоқ. Ол ел басқару мен жаңа экономикалық қатынастарды орнық­тыруды ұлттық дәстүрлерге сай өрбіту керектігінен бастады. Қажетсізін ысырып тастап, қолайына жаққанын кәдеге жа­рат­ты. Мұхтардың назарынан бұл үдеріс те тыс қалмай: «Япония Еуропа не істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ. Әр­қай­сысының жиып апарған білімін зейінге салып, сынап, өздеріне қолайлы, жақсы дегендерін ғана алды», – деп атап өтеді. 

Жапон интеллектуалдары мен ел басшылары «Мэйдзи» реформасына кіріскен кезде әуел бастан-ақ ұлт мүд­десін басшылыққа алып, жастарға еуропаша білім беру кезінде жапон халқын өзгелерден даралап тұрған ұлттық құндылықтардың ұмытылмауын қатаң қадағалаған. Олардың бұл ұстанымы жас Әуезовке майдай жағып: «Шеттен келген адамдарға шарт қойып отырды. Ол шарттар: Японияның ұлт­ты­ғына зиян келтірерлік нәрселерді оқытып жүрген шәкірттерінің жүрегіне сіңірмеулері, мұндай мінездері байқалған адамдар болса қызметтеріне кіргізбеді», – деп жапон халқының өз ұлттық ерек­шеліктерін қызғыштай қоруына риза­шылығын білдіреді. Батыстың ғы­лым-білімі, техника және технология саласындағы жетістіктерін «егу» арқылы: «бұл күнде Япония тура күшею жолын­да», –  деп Күншығыс халқының табыстарына шаттана қол соғады.

Мэйдзи реформасының қалай жүзеге асқаны туралы мақаланың алғашқы бөлігі «Абай» журналының білмекке құмар оқырмандары тарапынан үлкен қызығушылық туғызады. Жас автор оны жалғастыруды қажет деп тауып, екінші бөліктегі ойын реформаның бүгінгі Жапонияға не бергені тақыры­бында өрбітеді. Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған болашақ академик-жазушы әңгімені оқу-білімнің жай-күйінен бастайды. 

Әуезов: «Ғылым, қуат қай жұртқа болсын мысқалдап бірте-бірте сіңбек, орнамақ һәм бойға баптанып, кемеліне келіп, жай орнаған нәрсе нағыз берік болмақ», – деп өнерлі жұрттың ғылым-біліміне ден қою барысында тиянақ­тылық, кемелдік қажет екеніне айрықша назар аударады. 

Бұдан әрі автор жапон балалары мектеп табалдырығын алты жастан ат­тай­тынын және орта білім алу жалпыға ортақ міндет екенін атап өтеді.

Өзі әлі жоғары оқу орнына түсе қой­маған Әуезовті Жапония универ­ситеттерінің жай-күйі де ерекше қызық­тырған. Ол: «тіпті университеттер Еуропа үлгісіне ерте түскен. Мысалы, 1880-1890 жылдарда Еуропадағы не түрлі университеттер болсын, Японияда да ашылды», – дей келіп, тек 1900 жылы 3 126 жапондық жас сол университеттерді бітіргені жөнінде нақты мағлұмат кел­тіреді.

Кез келген халық тағдырына қатысты қалам тартқанда Әуезовті әрдайым толғандыратын тағы бір мәселе – тіл тағ­дыры, жазу-сызу мәселесі. Бұл тұр­ғыдан келгенде жас жазушы: «осы күнге шейін қиындығы кетпей жүрген бір нәрсе – Қытай мен Японияның әдебиеті ерте уақытта қосылып кеткендігі, бұл қосылу себепті Японияның жазба сөз­дерінің бәрін қытай тілі кернеп, Япония­ның кітап тілін жеңіп кеткендік», – деген тұжырым жасайды. 

Әрине, мақала жазылған уақытта жас Әуезов тілдердің шығу теориясы мен туыстығы, жіктелуі туралы универси­тетте оқытатын ғылыми еңбектерді тау­ыспаған. Солай бола тұрса да, жапон тілі мен жазуы тарихындағы проблеманы тап басып айтқан.

Жапон тілінің шығу тарихы жөнінде мақала жазылған осыдан 100 жыл бұрын басталған ғылыми пікірталас әлі күнге дейін толас тапқан емес. 

Тіл білімі мамандары қытай тілін сино-тибет тілдер тобына жатқызады, ал жапон тілінің табиғаты мүлде бөлек. 

Жапон тілі агглютинативті, яғни жал­ған­балы тіл, ал қытай тілінің граммати­касында септеу, жіктеу атаулы мүлде жоқ. Сол себепті лингвист ғалымдардың бір тобы жапон тілінің грамматикалық ерекше­ліктерін зерттей  келіп, оны түрік-монғол, тұңғыс-манжур тілдерінен құралған алтай тілдер тобына жатқызады. Мәшһүр тілтану­шы ғалым, профессор Э.Тенишев алтай тілдер туыстастығының екі топтан құралаты­нын, оның екінші тобына «Корей және жапон тілдері» кіретінін атап көрсетеді («Алтайские языки». В книге «Тюркские языки», М., 1996, с. 7). Бұл пікірді түркітану­шы ғалымдардың басым бөлігі қолдаса да, тағы бір тобы жапон тілін «сино-тибет» немесе «алтай» тілдер топтарына қоспай, өз алдына жеке-дара қарастырады. Даулы мәселенің анық-қанығына жетуді тілші ғалымдардың үлесіне қалдырып, жапон жазуының тарихына ойысар болсақ, ол төмендегідей болып шығады.

Біздің дәуіріміздегі 6-ғасырдан жапон жерінде буддизм ықпалының күшеюімен қатар, қытай мәдениетінің де әсері арта түсіп, жапон тіліне қытай тілінен көптеген сөз бен термин ене бастайды. Қытай иеро­глифтері жалғанбалы тіл саналатын жапон тілінің ерекшеліктерін түгел қамти алмады. Қашанда өнертапқыш жапондар мұның да қыбын келтіріп, қытай иероглифтерін жетілдіру негізінде катакана және хирагана  атты жаңа жапон жазуын ойлап табады. Ахмет Байтұрсынұлы араб графикасы не­гі­зінде түрлеген жаңа қазақ әліпбиі де тура осындай жолмен жасалды. 

                                            Мориока қаласындағы оқушы қыздардың бір тобы, 1900 жыл

Әуезовтің қытай тілінен енген сөздердің «Японияның өз тілін жеңіп кеткендігі» туралы пікірі де шындықтың ауылынан алыс емес. Жапонның тілтанушы ғалым­дары­ның мойындауынша, осы күнгі жапон тілінде қытай тілінен енген сөздердің үлес салмағы шамамен 60 пайызды құрайды. Мұны байқаған Әуезов: «Оқушылар әуелі қытай тілімен таныс болып һәм басқа жұрт­­тардың тілін тағы үйренуі керек», – деп жапон мектептеріндегі тіл сындырудың проблемалы мәселелерін де назардан тыс қалдырмайды.

Жас Мұхтар «Япония» мақаласынан бұрын 1917 жылы Семей қаласында шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласын жариялайды. Бұл да Әуезовтің көзі тірісінде оның бірде-бір жинағына енбеген мақала. Оны алғаш тауып, 1966 жылы «Лениншіл жас» газетінде жариялаған жас ғалым, кейінгі үлкен ака­демик Рымғали Нұрғали еді. 

Әйел тақырыбы әрдайым Әуезовтің басты назарында болған. Сондықтан Жа­пония туралы мақаласында да әйелдердің жапон қоғамындағы орны, алатын білімі мен атқаратын қызметі жазушы қаламына іліккен. Ол әуелі: «Бұрынғы уақытта Япо­ния­ның әйелі ескерусіз күйде болып, ескі ата-бабаның салтымен әйелге өсіп-өну көзімен қарайтын», – деп бір түйіндеп өтеді. 

Бұдан кейін жапон қоғамында әйелге деген ескі көзқарастың өзгергенін: «Бұл күнгі жаңалық ағымы ол салтты қалдырып, әйелді де мемлекеттің құрметті мүшесінің бірі деп біліп, қатарға кіргізіп барады», – деп әйелге құрметті айрықша атап өтеді.

Автор бұдан әрі қыз балалар үшін арнайы төменгі дәрежелі мектептер мен жоғары оқу орындары ашылғанынан хабар­дар етеді. Қай істе болсын, ұлттық ерекшелікті жоғары қоятын жапондардың бұл мәселеге келгенде де тапқырлық тан­ыт­қанын: «Еуропа әйелдерінің мектептері­нен артық бір түр тапты», – деп көрсетіп, ары қарай олар ен­гізген жаңалықты тарқата жазады.

Жапондар: «Әйел оқығанда бір жағынан үй-ішінің шаруасын үйрену керек», – деп болашақ ананы күнделікті үй тұрмысына қатысты еңбекке баулуды басты назарда ұстағанын атап өтеді. Оның себебін: «Еуропа әйелдері үй шаруасына ыңғайы аз, еркек секілді сөлекет болады, өмірден алыстап кетеді», – деп түсіндіреді. 

Әуезов қыз балаларға арналған мектепте олардың «жиырма-жиырмадан» топқа бөлініп оқитынын, әр топтың басында бір тәрбиеші (авторда – «бір үлкен қатын») болатынын, оны «қыздар шешесіндей көре­тінін», «өз араларында апалы-сіңлі кісідей жақын жүретініне» дейін тәптіштей жеткізеді. 

Жапон мектебіндегі қыз баланың оқуы мен тәрбиесі жайлы өзі байқаған ой­л­арын тұжырымдай келіп: «Қыздар һәрі ғылым үйреніп білімі артады, һәрі шаруа жүзінде, өмірге керекті тәжірибе алады. Бұл – Японияның басқа халық­тардың қатесін көріп тапқан өзгеше түрі», – деп жапондар енгізген жаңалықты «Абай» журналының оқырмандарына өнеге ретінде ұсынады.

Қай тақырыпқа жазса да тереңіне сүң­гіп, ширата жазатын жас Әуезовтің жан-жақтылығына таңғаласың. Жапон қыз­дарының мектепте оқып жүрген кез­де­рінде-ақ үй шаруасына бейімделуін ширата жазып, жаңа қазақ мектептерін осындай жақсы жаңалықтан  үлгі алуға шақырады. 

Жас Әуезов жапон халқының өмір салтын бірыңғай мақтап шығуды мақсат етпеген. Ол жапондардың будда діні мен Конфуций ілімін қатар қуып, «неше дінді ұстанып келе жатқан жұрт» екенін, мұның өзі жапондарды «Еуропа халықтарымен қатар қоюға бөгет болатын нәрсе» екенін де назардан тыс қалдырмайды. 

Жапон қоғамындағы діннің әралу­андығынан олардың бір бөлігі «ескі салт­тан жерініп, көбі басқа дінге өтіп кеткенімен» түсіндіреді. Дін мәселесіне келгенде жа­пон­дардың енжарлығын сынап: «кейбір­еулері мүлде дінсіз, бірталай Еуропа фило­соф­тарының жолын ұста­нады», – деп жазады. Әйтсе де, автор: «Японияны көбінесе аударып бара жатқан христиан діні», – деп мәсіхшілер ықпа­лының кеу-кеулеп тұрғанына алаңдау­шылық танытады. 

Жапон қоғамындағы Әуезов өзі байқа­ған жат қылықтың бірі: «қатын алғанда өзімен тұқымдас жақын атаның қызын алу», – дей келіп, мұны олардың: «басқа атаның қызын алса қан өзгеріп кетеді-міс», – деген жалған ұғым, жат ғадеттен туындағанын түсіндіреді.

Жапонияның арғы-бергі тарихына қатысты энциклопедиялық сипаттағы мақалада олардың әдебиеті мен баспасөзіне де орын берілген. Жазушылыққа бет бұр­ған жас Әуезов: «Өзге жағының ілгері­леуіне қарағанда, солақай кем қалған нәрсе – Японияның әдебиеті», – деп жапон әдебиетінің бүгінгі жай-күйіне риза емес қалып танытады. 

Мақала жарияланған тұста қалтарыс-құпиялары мол жапон қоғамы батыс жұрт­шылығына енді ғана танылып келе жатқан. Оның көк түрік заманынан тамыр тартатын аса бай әдебиеті жайлы деректер ғылыми жұртшылыққа жете қоймаған. 

Жапон жазба әдебиеті 7-8 ғасырларда дүниеге келген «Кодзики», «Нихон Сёки» киелі кітаптарынан бастау алады. Ал жа­пон мектептерінде оқылатын алуан жанрдағы классикалық әдебиет 764-1185 жылдардағы Хэйан кезеңінде жасалды. Бұл кезеңде жапон әйелдері арасынан Мурасаки Сикибу сияқты жазушы «Гэндзи туралы повесть» атты күрделі филосо­фиялық-психологиялық прозаны дүниеге әкеліп үлгерген еді. 

Сёгундар билік құрған ортағасырлық әдебиетте самурайлар ерлігі жырға қосыл­ған әскери әдебиет алдыңғы шепке шық­­ты. Мұны қазақ әдебиетіндегі жыр­аулық поэзия үлгілерімен, жорық жыр­ларымен салыстыруға болады. 

Кітап басу ісінің өркендеуі жапон әдебиетіндегі барынша гүлденген Эдо дәуірімен тұспа-тұс келіп, бұл кезеңде діни, философиялық, моралистік жанрлар өрістеді. 

Әлемдік поэзияның інжу-маржан­дарына қосылған Мацуо Басё, Ёса Бусон мен Исса Комбаяси сияқты хайку жанры­ның шедеврлері, Ихара Сайкакудің «Ма­хаб­батқа бөленген бес әйел» бел­летристикасы, Такэда Идзумоның драма­тургиясы дәл осы кезеңде жасалды. 

                                                           Жапон поэзиясының классигі Мацуо Басё

Мэйдзи реформасы кезінде жапон әдебиетіне еуропалық дәстүрлер мен жанр­лар жедел түрде еніп, модернистік бағыттағы жаңа романдар жарық көрді. Олардың қатарында Нацумэ Сосэкидің «Кокоро», Токутоми Роканың «Куросиво» және Токутоми Сохоның «Хототогису» романдарын атауға болады. 

Бұл деректер Әуезов мақаласы жазылған заманда ол ақпарат алған орыс баспасөзі мен әдебиетін былай қойғанда, батыс жұрт­шылығына да әлі жете қоймаған еді.

Жас Мұхтар Жапония баспасөзінің жай-күйіне де тоқталып өткен. Әуезов: «Японияда ретті газеттер шыға бастаған уақыт 1870 жылдардың шамасы», – деп жазады. Мұндағы «ретті» сөзін «күнделікті» деп түсінетін болсақ, бұл жапонның 1871 жылдан бастап шыға бастаған «Ёкохама майнити симбун» газеті болып шығады. 

Жазу-сызуы ертеден басталған ел баспасөзінің бұдан бұрын да болғанын «газет шығарумен таныстығы ертеден бар-ды» деп ескертіп өтуді ұмытпайды. Түбін қазар болсақ, «каварабан» деп аталатын газет парақшалары Жапонияда XVII ғасырларда-ақ пайда болған. Мұрағат атаулыға ыждағатты келетін жапондарда бұл газеттің 1615 жылы шыққан бірінші нөмірі әлі күнге дейін сақтаулы. 

Әуезов реформадан кейін жапон баспасөзінің саны күрт артып: «1899 жылда шығатын газет-журналдардың саны 978 болған», – деп нақты деректі алға тартады. 

Автор жапон ғылымының да жаңа өріске шыққандығынан хабар беріп: «Япония оқымыстыларының Еуропа білгіштерімен тайталасып, ғылымға қызмет қылып жүргендері де бар», – дейді. Ары қарай пікірін сабақтай түсіп: «Мысалы, жер сілкіну өзгерісін оқитын «сейсмология» ғылымына Япония білгіштерінен жетік Еуропада оқығандар жоқ саналады», – деп елде жиі болып тұратын зілзала себептерін зерттеу жа­ғы­нан жапон ғалымдары еуропалық­тардың алдына түсіп кеткенін атап өтеді.

Әуезов жапон ғылымының дамуы туралы пікірін тым тереңдетпей: «Бұдан басқа да һәртүрлі ғылымдарға түр кір­гізу­ге еңбек қылып, үлкен атақ алып жүргендер бар», – деп қысқа қайырады. Бұл – мақаладағы соңғы сөйлем. Мақаланың жапон ғылымының жай-күйіне қатысты тұсқа келгенде кілт үзіл­уі оның толық аяқталмай қалғанынан хабар береді. 

Журналдың екі бірдей санында басы­лып, жапон халқының арғы-бергі тарихы, оның сан ғасырлар бойы оқ­шау­ланып келген томаға-тұйық өміріне зор серпіліс, жедел жаңғыру әкеліп, фено­мендік құбылыс ретінде әлем жұрт­шылығы тү­гелдей мойындаған Мэйд­зи мәйегі туралы тереңнен толғап жа­зылған мақала қазақ қоғамының жаңа­лыққа жаны құмар, оқыған аза­маттарына үлкен ой салды.

Жапон тақырыбына қалам тартуға келгенде Мұхаң жалғыз емес еді. Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орта Азияны, Кавказ жұртын түгелдей жаулап, отаршылдық қамытын баса енгізіп, тыпыр еткізбей отырған Ресейдей алып империяның Қиыр Шығыстан басталған кезекті амбициялық жобасы – «Желтороссияның» тамырына балта шапқан алақандай Жапонияның алапат табыстарын қазақ зиялы қауымы қуана қабылдады.

Он тоғызыншы ғасырдың соңында Цинь империясы әлсірей бастағанда Ре­сей 1898 жылғы Орыс-қытай кон­вен­ция­сына сәйкес әуелі Манжурияның теңізге сұ­ғына орналасқан ұрымтал бөлігі – Кван­тун облысын соқыр тиын да төле­мес­тен 25 жылға жалға алады. Қысы-жазы қат­пайтын әскери мақсат пен сауда-сат­тық­қа қолайлы Порт-Артур портын тас қа­малға айналдырып, 1897-1903 жылдары Транссібір магистралі мен Манжур темір­жо­лын салады. Мұнымен де тоқтамай, Хар­бин мен Порт-Артурдың арасын қо­са­тын, ұзындығы 1000 шақырымнан еркін асатын Оңтүстік-Манжур болат жолын тө­сейді. Ресей империясы бұдан кейін күші қайта бастаған кәрі Қытайдан Ман­журияны біржолата бөліп алып, оны өзі­нің Қиыр Шығыстағы иеліктеріне бір­жо­лата қосу жоспарын жасайды. Өзінің ме­шеу қалған өңірлерін дамытудың ор­ны­на Ресей қомағайлықпен Қытайға мил­лиардтап қаржы құйып, оған біржо­ла­та орныға түседі. 

Мейманасы тасыған орыстарды жапондар орыс-жапон соғысы бары­сында теңіз бен құрлықта бірдей есең­гірете жеңіп, орыс экспансиясының та­мырына балта шабады. Күмпілдеп, күп­сінген Ресей империясы Порт-Артур, Кван­тун облысы, Оңтүстік-Манжур те­мір­жолы, Ляодун түбегімен қоса, оңтүстік Сахалиннен де айырылып, әлем алдында масқараға ұшырайды. Әрине, мұның бәрі әскери технологиядан кенже қалған ұсақ мемлекеттерді зеңбіректің күшімен оп-оңай жаулап, «жеңімпаз» деген жалған атақ­қа масаттануға үйренген орыс мұ­жық­тарының ашу-ызасын туғызып, Ре­сей­де патшаға, самодержавиеге қарсы бү­­­­­ліктерді өрістетті. Орыс баспасөзі бор­ке­мік император Николай мен оның бо­ша­лаң саясатын аяусыз сынға алды. Көзі қарақты қазақ зиялылары мұның бәрін ба­қылап қана отырған жоқ, сол кездегі қа­зақ даласына түгел тараған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жетекшілік еткен «Қа­зақ газетінің» бетінде жапон жеңістері на­сихатталды.

                                                                  Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы

Ахмет Байтұрсынұлы Жапония туралы ар­найы еңбек жазбаса да, осы тақырыпқа қалам тартқандардың көш басында тұр. Ол «Қазақтың» 1913 жылғы 9 наурызында жа­риялаған «Сырт патшалар жайынан» ат­ты мақаласында: «Азия патшасының ең мық­тысы Жапония болып тұр. Жапон қан­­дай екені Русиямен соғысқанда көрін­ді. Оны білмейтін қазақ жоқ шығар», – деп ер халыққа деген ризашылығын біл­ді­ріп өтеді (Байтұрсынов А. Шығармалары, А., 2023, 20-том, 226-бет).

Ахаң Жапонияның табыстарын «азия­лық ынтымақтастық» тұрғысынан наси­хат­тайды. Ол жапондардың ара-тұра Еу­ро­­паның дамыған мемлекеттерінің өзіне сес көрсете бастаған Ресейді жеңіп шық­қа­нынан кейін: «Еуропа жұртының көңі­ліне қорқыныш кіре бастады», – деп жа­зады. Бұдан соң Ахаң ойын ұзата түсіп: «Бұл қорқыныштың мағынасы мынау: Жа­понияның ойанып, күшейгенін көріп, Азия­дағы өзге жұрттар ойанады. Азия ойан­са... күшін қосып Еуропаға жабы­ла­ды», – деп сол замандағы еуропалықтар қа­лыптастырған жадағайлау пікірдің ше­тін шығарады. Олар мұны болдырмау үшін «Ойанғанның арасына алалық кір­гізіп бытыратып, аздырып, берекесін ке­­тіру керек деген Еуропа білімділерінің пі­­кірлері бар», – деп бастапқы ойын дәйек­тей түседі. 

Шындығында еуропалықтардың бұ­лай ойлауы азиялықтарды дамудың тө­мен­гі сатысында тұрған «жар­ты­лай жа­байы халық» деген астамшыл пі­кірден туын­дады. Олар Азия халық­тары­­ның ба­­сым бөлігі бір-бірімен мүлде ара­­лас­па­ған тілі, өмір салты мүлде бөлек, діні әралуан, даму деңгейі де әртүрлі екен­ді­гін біл­се де, олардың бәріне керенау-кер­­­­­­дең­дікпен қарады. 

Жапондардың өзі де шығу тегі жағы­нан өздеріне жақын келетін корей халқын мәдени дамуы төмен халық ретінде баға­ла­ды. Ал жазу-сызуының төркіні бір, мың­даған жылдық тарихы бар қытайларға са­ны басым болса да, замана жаңалығына іле­се алмаған мешеу жұрт ретінде назар ау­дарды.

А.Байтұрсынов қай тақырыпқа қалам тарт­са да, қазақтың қамын бәрінен биік қой­ған. Ол «Қазаққа керегі» деген мақа­ла­­сында: «Жапон соғысы Русиаға жағ­дай­сыз тиіп, іс жаманға айналып, бітеу жара сы­қылды іштегі нәрселер, 1905 жылы те­сі­ліп сыртқа шықты», – деп келіп, қазақ мұн­­дай жағдайда Ресей билігінен өзіне қа­жетін талап етуі керек деген мәселені алға шығарады. 

Ахаң қазақ зәру мәселелерді төрт топ­қа жіктеп, оларды дін ісі, оқу комиссиясы, құ­қық мәселесі және шаруа комиссиясы деп жіліктеп көрсетеді. 

Ол «үкімет ісінің азғындығын» сынға алып, оны түзету үшін қазақ өз мұқтажын өзі таңдап, сол үшін күресу қажеттігіне тоқ­талады. 

Ахаң жетектеген «Қазақ» газетінің ав­­торлары жиі-жиі жапон тақырыбына қа­­лам тартып, жігерлі жұрттың табыс­та­рын қазақтарға үнемі үлгі-өнеге ретінде ұсынып отырған.

«Алаш» көсемі Әлихан Бөкейханов та жа­пон тақырыбынан тыс қалмаған. Оның 1910 жылы жазылған «Қазақтар» (түп­нұс­қа­да – «Киргизия») атты мақаласында: «Же­делхаттар жапондардың үздіксіз жеңістері жайлы хабар жеткізумен бол­ды», – деп, жапондардың орысты ойсы­ра­та жеңгендігі туралы хабар қазақ дала­сы­на кеңінен тарағанын жазады. Соның ар­қасында жапондардың қазақпен «туыс­тас», тіпті «діндес» екендігі жөнінде дала ұзын­құлағының желдей ескендігін де көр­сетіп өткен. Орыс-жапон соғысы тура­лы хабарлардың қазақ даласын елең­дет­кені туралы: «Мұның бәрі олардың соғыс­қа деген қызығушылығын оятты. Қазақ да­­ласына татар тіліндегілерді былай қой­­ғанда, орыс газеттері көптеп жете бас­та­ды», – деп жазады (Бөкейхан Ә., А., 2016, Шығармалары, 8-том, 52-бет).

Ә.Бөкейханов өзінің «Қыр баласы» де­ген бүркеншік атпен «Қазақ» газетінде жа­рияланған «Жапон һәм Қытай» атты ма­қаласында орыс-жапон соғысының нә­тижесінде «бұрын орыс қол астында бол­ған солтүстік Манжурия» ендігі жерде жа­понның қарамағына өтіп, «Жапон сау­дасына бостандық жол ашылды» деп, со­ғыстағы жеңістің Жапонияның сауда-сат­тығын күшейтіп, экономикалық әлеуе­тін арттыруға зор мүмкіндіктер аш­қан­дығын тарата жазған. 

Бөкейханов: «Қытайды Жапон биле­мек, пайдаланбақ. Қытайдың ақша, те­мір­жол, оқу министрлігі мекемесінде жа­пон ақылшы кісі ұстайды», – деп, Жа­­­понияның Қытайды бағындыруының эко­номикалық тиімділігіне көбірек үңі­леді.

                                                                 Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов

Мақала жарияланған 1915 жылы сая­си күресте әбден шыңдалып, Мем­лекеттік Думаға депутат мәртебесіне дейін көтерілген Әлихан Бөкейханов жа­пон­ның түпкі мақсатын: «Жапонның осы мақ­саты түгел орнына келсе, Қытай Жапон патшалығының бір уалаяты болады», – деп ашық көрсетеді. Бұдан әрі алып Қытайды бір­жолата бағындырудың оңай еместігіне де назар аударып: «Жапонның бұл ісі асы­ғыс­тық, артықшылық болса керек», – де­ген баға береді (Бөкейхан Ә. Шығармалар, А., 2016, 8-том, 460–61-беттер). Кейінгі та­рих қазақтың сұңғыла саясаткері пі­кірінің дұрыстығын дәлелдеп берді.

Бірнеше тіл біліп, соңына қазақтың ар­ғы-бергі тарихына, ескі әдебиет үлгі­ле­рі­не қатысты мол мұра қалдырған Халел Дос­­мұхамедов те жапон тақырыбына ар­найы мақала жазбаса да, еңбекқор елдің зор табыстары оны студент кезінен-ақ қы­­­­­зықтырған екен. 

Х.Досмұхамедов Императорлық әс­кери-медициналық академиясында оқып жүргенде саяси күреске қатысқаны үшін үнемі жандармерияның аңдуында болған. Мәскеудің әскери-тарихи мұрағатында сақ­талған Халелдің 1904 жылы 7 қазанда Қа­зан мал дәрігерлік институтының сту­денті Ғұбайдолла Бердиевке жазған ха­тын­да: «Когда подумаешь, что кроме тебя, десят­ки или даже сотни киргизовъ по­лу­чаю­тъ высшее образование, то приходить къ всяческимъ, что и этотъ народъ спо­со­бенъ къ труду, къ прогрессу, что и онъ, мо­жет быть когда-нибудъ займетъ в миро­вомъ господстве одно изъ почетных мес­тъ, что и онъ можетъ сделаться второй Япо­нией», – деп атап көрсетеді. 

Орыс отарында болған халқының бо­ла­шағына зор алаңдаушылық білдірген жас Халел бұл хатта «мәдениет таратуға» кел­ген надан мұжықтардың қазақ, татар, баш­құрт, қалмақтарға көрсетіп отырған жүгенсіз, озбыр, зорлықшыл әрекеттерін өт­кір сынға алады. 

Алаш қайраткерлері ішінде Райымжан Мәрсеков қана жапондардың саяси жүйе мен экономикасын реформалаудағы та­быс­тарын тереңдете зерттеумен шек­тел­мей, кейін олармен нақты байланыстар ор­натуға дейін барды. 

Райымжан Мәрсеков – Алаш қай­рат­керлерінің аға буын өкілдерінен. Ол әуелі қа­зақтан шыққан алғашқы заңгерлердің бірі Жақып Ақбаевпен қатар Санкт-Пе­тер­бург университетінің заң факуль­те­тін­де білім алғанда патшаға қарсы студент­тер­дің саяси бас көтерулеріне қатысып, оқу­дан шығарылады. Алған бетінен қайт­пайтын Райымжан елге келіп бой тасалап, қу­ғындау бәсеңсіген кезде Қазан уни­вер­си­тетінің заң факультетінде оқуын жал­ғас­тырады. Қайсар Райымжан студент­тер­ді жазалау науқаны аяқталған соң қай­тадан Санкт-Петербург университеті­не ауысып, оны 1902 жылы ойдағыдай тә­мам­даған соң елге оралады. Присяжный по­веренный, тергеуші, адвокат қыз­мет­те­рін атқарып, Алаш қозғалысының көш ба­сында болады. 

Студент кезінен-ақ Жақып Ақбаев, Айдархан Тұрлыбаев, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев сияқ­ты болашақ Алаш қайраткерлерімен рух­тас, пікірлес болып, өте жақын аралас­қан Райымжан кейін ежеттес достарымен саяси күрестің алдыңғы шебіне шығып, Алашорда үкіметінің мүшелігіне сай­ла­нады. 

                                                               Алаш қайраткері Райымжан Мәрсеков

Р.Мәрсеков 1917-19 жылдары Семей қа­ла­сында шығып тұрған «Сарыарқа» га­зетіне Х.Ғаббасов, Ә.Бөкейханов, И.Әлім­­беков, Ш.Керейбаевтармен кезек­те­се бас редакторлық жасаған. Ол әр жыл­дарда «Да­ла уәлаятының газеті», «Кир­гизс­кая степ­ная газета», «Айқап», «Қа­зақ», «Са­рыар­қа», «Алаш» басылым­да­рын­да, кадет пар­тиясының орталық ор­га­ны са­налатын «Свободная речь» газе­тін­де қазақ қоғамын жетілдіру жөнінде қа­зақ жә­не орыс тіл­де­рінде танымдық, на­сихат­тық, проблемалық мақалалар жа­рия­лап, туған халқын азат­тық, теңдік жо­лындағы күрес­ке шақырады. 

Присяжный поверенный Р.Мәрсе­ков­тің белсенді, берекелі қызметі жайлы «Ай­­қап», «Қазақ» газеттері де жазып, оның ұлт мүддесі жолындағы игілікті іс­тері­нен өз оқырмандарын хабардар етіп отыр­ған.

Р.Мәрсеков қаламынан шыққан «Пат­­шалық», «Патшалықтар арасындағы заң», «Көпшілдер кесірі – шет мем­ле­кет­тердегі қозғалыс» атты мақалаларында жа­пон тақырыбы сөз болады.

Райымжанның «Қазақ» газетінде жа­рық көрген «Патшалықтар арасындағы заң» атты мақаласында халықаралық құ­қық, дипломатиялық байланыстар мә­селесі сөз болып, автор: «Русия мен Япо­ния соғысарда екі жақтың елшілері ара­мыз біздің ашылды, сондықтан біз елімізге қайт­тық деп жүріп кеткен соң, 6 сағаттан кейін Жапон соғысты бастап жіберді, түн­де Порт-Артур шаһарының бұғазында тұр­ған Русия кемелеріне келіп тиіп, мина тас­тай бастады», – деп жазады («Қазақ», 1914, №63). Бұл автордың орыс-жапон со­ғысының бастау алар тұсынан-ақ қада­ға­лап отырғанынан хабар береді.

                   Әлихан Бөкейханов, Райымжан Мәрсеков, Тұрағұл Құнанбаев Семей қазақтарымен бірге

Р.Мәрсековтің өз қолымен толтырған ан­ке­тасында 1917 жылы Семей облыстық Қа­зақ комитетінің төрағасы, ал 1918 жы­лы облыстық жер басқармасының (Земуп­рав) төрағасы болғандығын нақты көр­се­теді. 

Райымжан Мәрсеков басқарған Се­мей жер басқармасы сол замандарда қағаз жүзінде қалған көп ұйымдардың бірі емес, құрылымы да, өкілеттігі де мығым мекеме болған. Оның құрамында қаржы-смета­лық, халыққа білім беру, бағалау, тексеру, банк комиссиялары, уездік сот, жер банкі, есеп­тік-қарыз комитеті сияқты комис­сия­лар мен комитеттер және құқықтық құры­лымдар жұмыс істеді. Бұларда Әлім­хан Ермеков, Халел Ғаббасов, Мұстахым Мал­дыбаев, Тұрағұл Ибрагимов (Абай­ұлы), Әнияр Молдабаев сияқты танымал Алаш қайраткерлерімен қатар, орыс ұл­ты­нан шыққан Н.Керн, К.Ляшкевич, П.Лодэ сияқты азаматтар болды. 

Жер басқармасының төрағасы ре­тінде Р.Мәрсековтің өзі де, оның құрамындағы қайраткер азаматтар да қазақ халқын тығырықтан алып шығу жолында қажырлы еңбек етіпті. Оны Р.Мәр­сековтің Бүкілресейлік земство жи­налысының төрағасына 1917 жылдың 9 жел­­тоқсанында жазған жазбасынан, дәл осы күні Петроградтағы Мемлекеттік банк басшылығына жолдаған жедел­ха­ты­нан т.б. аңғаруға болды. 

Шығыс Қазақстан облыстық Жаңа та­рих құжаттары орталығының мұраға­тын­да 1919 жылдың 18 қаңтарында Вла­ди­восток қаласында Семей облыстық земство басқармасы және Алаш қазақ не­сие серіктестігі мен американдық «Ан­дер­сон, Майер және Ко» фирмасының ар­а­­сында жасалған шарт сақталған. 

Бұл құжат кейін Алаш қайраткерлерін қуғындау, жазалау науқаны кезінде «жапон тыңшылығы» деген айыптарға ілік болғандықтан, оның жай-жапсарына жан-жақты тоқталып өтуді жөн көрдік.

Құжатта баяндалғандай, американдық фир­ма атынан Ганс Христианович Ан­дер­сон, ал «Семей уездік земство және Алаш қазақ несие серіктестігі» жағынан Иван Ка­питонович Лебедев пен Семей облыс­тық земство басқармасының өкілі Райым­жан Мәрсеков он бес миллион рубльға түрлі тауарлар жеткізу туралы 26 пункттен тұратын ауқымды шарт жасасқан. 

Шартта Семей тарапынан қол қоюшы И.Капитонов Семей уездік, ал Р.Мәр­секов Семей облыстық земство басқар­ма­­­­сының өкілі деп көрсетілген және екеуі­нің се­нім­хаттарын екі нотариус рас­таған. 

Шартқа сәйкес оған қол қойылғаннан кейін семейліктер фирманың кассасына қол­ма-қол ақшамен бір миллион рубль өт­кізеді. Тауар земство өкілі мақұлда­ған­нан кейін Владивостоктан теміржол ар­қылы Семейге жөнелтуге тиіс болды. Тө­лем Семейде арнайы бөлімшесі бар Орыс-Азия банкі арқылы жүзеге асы­ры­лады. Шарт үш данамен жасалып, оның түпнұсқалары фирмаға және Лебедев пен Мәрсековке беріледі деп көрсетілген. 

Бұл шарт Алаш қайраткерлерінің аласапыран заманның өзінде-ақ ха­лықаралық деңгейге шығып, әлемге та­нымал компания басшыларымен іскер­лік байланыс орнатқанын дәлелдейді.

Белгілі алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлыұлы Райымжан Мәрсеков Қиыр Шығыс сапарына Әлихан Бөкейхановтың құпия тапсырмасы бойынша Жапония үкі­метінің басшылығымен келіссөздер жүр­гізу үшін 1918 жылдың желтоқсанында ат­танғанын жазады. Ғалым Алашорда үкі­метінің басшысы Ә.Бөкейханов бұған дейін 1918 жылдың басында А.Бай­тұр­сы­нұлы пен М.Дулатовты Шығыс Түркі­стан­ға жіберіп, оларға Жапонияның бас кон­сул­ды­ғымен байланыс орнатуды тап­сырға­нын да атап өтеді. 

Алаш қайраткерлерінің Шәуешекке жа­саған сапары мен сол жердегі қазақ зия­лыларымен бірге түскен суреті жайлы ке­зінде алаштанушылар аз жазған жоқ, бір­ақ олардың жапон консулдығы өкілде­рі­мен кездескені туралы нақты дерек жоқ.

С.Аққұлыұлы Владивосток сапары бары­сында Р.Мәрсековтің Жапонияның бас консулдығында болып, онда бас кон­сулдың орынбасары Риз Ватанабэмен ке­ліссіздер жүргізгенін атап өтеді. Дәл осы кездесу барысында ол Алаш авто­но­миясы атынан Жапон үкіметіне жолдаған хатын табыстаған. 

Кейін репрессияға ұшыраған Алаш қай­раткерлерінің тергеу мате­риал­­дарында жиі аталатын бұл хаттың то­лық мазмұны бізге ұзақ жылдар бойы бей­мағлұмдау бо­лып келді. 

Кейінгі жылдары жапон ғалымы, Хок­кайдо университетінің профессоры Томохико Уяма Р.Мәрсековтің Жапон үкі­метіне жолдаған хатының жапон тілін­дегі аудармасын (түпнұсқа табылмаған) Жа­пония Сыртқы істер мұрағатынан тауып, Алаш автономиясының халық­ара­лық байланыстарына қатысты аса маңыз­ды құжатты жарыққа шығарды. 

                    Профессор Т.Уяма тапқан Р. Мәрсековтің Жапон үкіметіне жолдаған хатының бір бөлігі

Томохико Уяма тапқан құжат 9 беттен тұрады. Райымжан Мәрсеков хатты (жа­пондар мұны «петиция» деп аударған) қа­зақ халқы мен оның Ресейге отар болуы та­рихынан бастап, олардың Қазан төң­ке­рісі­нен кейін Алаш автономиясын жария­лап, Алашорда үкіметін құрғандығы ту­ралы мағлұматтардан бастаған. Ол өз­де­рінің сол кездегі Түркістан республикасы мен Башқұрт автономиясы сияқты жас мемлекеттермен бірлесіп, большевиктерге қарсы күрес жүргізіп жатқандығы жайы­нан да хабар берген. Алаш әскерлерінде қару-жарақ, дәрі-дәрмек пен азық-түлік тап­шы болып тұрғандығын алға тартып, қа­зақтарға көмек беруді өтінеді.

Алаш тақырыбына жазылған ғылыми әдебиеттерде әлі күнге дейін Алаш мемлекеттілігі Ресей қарамағындағы автономия ретінде құрылды деген жадағай тезис басым болып келеді. Біз мұның саяси тұрғыдан негізсіз, ғылыми жағынан дәйексіз екендігін осыдан 26 жыл бұрын жарық көрген «Алаш бағдарламасы: қиянат пен ақиқат» атты еңбегімізде (2000 жыл) дәлелдеп көрсеткенбіз.

Алаш бағдарламасы 1917 жылы қа­раша айында «Қазақ» газетінде жария­ланды. Бұл кезде империяның болашақ тағдыры бұлыңғыр еді. Империядағы би­лікке таласқан саяси күштер мен пар­­­тия­лардың арасалмағын бағамдай ке­­­ліп, бағдарлама түзуші Алаш оқы­мыс­­тылары оны федерациялық үлгідегі де­мократиялық ел болады деп шамалайды. Бұл бағдарламаның «Мемлекет қалпы» деп аталатын 1-тарауындағы: «Росиа ди­мок­ратичиски, фидиративни риспоблика болу» деген алғашқы сөйлемінен анық аң­ғарылады. 

Алаш бағдарламасы жарияланғаннан кейін екі ай өткенде, яғни 1918 жыл­дың 16 қаңтарында Кеңестердің Бүкіл­ресейлік III съезі «Еңбекші және қа­­нал­­­ған халықтар құқықтарының дек­ларациясын» қабылдайды. Оны жа­сау­шылар Алаш бағдарламасындағы тұ­жырымдарды пайдаланып: «Кеңестік Ресей республикасы ерікті ұлттардың ер­кін одағы негізінде кеңестік ұлт рес­публикасының федерациясы ретінде құ­рылады», – деп жазады.

Өкінішке қарай, Н.Мартыненко дейтіннің 1929 жылы құрастырған «Алаш-Орда» Сборник документов» атты жинағына «Алаш» бағдарламасы кеңестік саясат мүддесіне сай қасақана бұрмаланып аударылды. Бұдан кейінгі орыс және шетел тілдеріндегі зерттеулердің басым көпшілігі дәл осы теріс аударманы басшылыққа алумен болды. Мысалы, Орта Азияны зерттеу қоғамы (Оксфорд) 1985 жылы «1917-1920 жылдардағы мұ­сыл­ман саяси партияларының бағдар­ламалық құжаттарын» шығарды. Жинақ­ты құрастырушылар бағдарламаны С.Ди­манштейннің «Революция и нацио­нальный вопрос» атты кітабынан көшіріп басқан, ал ол өз кезегінде мәтінді бәз-бая­ғы Мартыненконың қаскөй аудармасынан алған.

Тағы да Алаш бағдарламасының түп­нұсқасына оралайық. Онда алғашқы сөйлемнің мағынасын нақтылай түсу үшін ары қарай жақша ішінде: «Димократия мағынасы мемлекетті жұрт билеу. Фи­дирасиа мағынасы құрдас мемлекеттер бірлесуі. Фидиративни республикада һәр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Һәрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді», – деген тайға таңба басқандай анықтама берген.

Ал енді осы анықтаманың түпнұсқасы мен оның орысша аудармасына құқықтық талдау жасап көрейік. «Федерация ма­ғынасы құрдас мемлекеттер бірлесуі» де­ген сөйлем «Значение федерации – объединение равных государств» болуы керек еді. Оны бәлшебек аудармашылар «Федерация – союз мелких государств» деп мағынасын қасақана бұрмалап көр­сеткен. 

«Құрдас» деген қазақ сөзінің бұл кон­тексте «равный» дегеннен басқа мағынасы жоқ, ал мелкий «ұсақ» деген ұғымды бе­реді.

Бағдарламада одан әрі: «Федеративтік республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді», – делінген. Санкт-Петербург пен Мәскеудің ең ір­гелі университеттерін бітірген, басым бө­лігі кәсіби заңгерлерден тұратын Алаш қайраткерлері «федерация» ұғы­мы­ның түрлі формасы болатынын терең білген. Олардың «әр мемлекеттің іргесі бөлек болады» деген тезисінің түбінде дербес мемлекеттердің одағы саналатын конфедерация ұғымы жатыр. Конфедерацияның бүгінгі үлгісі – «әрқай­сысы өз тізгінін өзі алып жүретін» қазіргі Еуроодақ.

Бағдарлама мәтіні мен оның құқықтық аспектілеріне бұдан әрі тереңдемей әңгімені осы тұстан қайырар болсақ, оны түзушілер Алаш автономиясын Ресейге кіріптар немесе оған біржолата бағынышты мемлекеттік құрылым ретінде емес, онымен терезесі тең, қазақша тігісін жатқызып айтқанда – құрдас, екі тізгін, бір шылбыры түгелдей өз қолындағы тәуелсіз мемлекет ретінде құруды көздеген.

Р.Мәрсековтің Жапон Үкіметіне жол­даған хатында Алашорданы Уақытша үкі­мет құлаған соң бұрынғы Ресей импе­рия­сының аумағына құрылған егемен мемлекет ретінде көрсеткен деп білеміз. 

Жапон тарапы Алаш үкіметі атынан келген хатқа жауапты үнемі кешеуілдете берген. Оның екі түрлі себебі болғанға ұқсайды.

Біріншіден, Жапония ежелгі жауы – Ресейдің қайтадан күш алып кетуін көздемеген. Сол себепті ол саяси билікті қолына жинай бастаған большевиктерге қарсы қарулы күреске дем беріп, бүкіл Ресейді Азамат соғысы өртінің шарпуын қалаған. 

Жапондар Қиыр Шығысты ғана емес, Сібірді, тіпті Оралдан ары өтіп, революция көсемі Лениннің туған қаласы саналатын Симбирскіге дейін (кейінгі Ульяновск) жаулап алған адмирал Колчакқа таңдау жасап, оған зор қолдау көрсетеді.

Кеңестік тарих совет өкіметінің қас жауы саналатын Колчак өмірбаянын барынша қаралап көрсетсе, бүгінгі Ресей тарихшылары оны өз елінің патриоты ретінде аспандата бағалауға әуес. Олар Колчактың Англия, АҚШ және Жапо­нияда болып, осы елдің басшылары, әс­­кери генералдарымен ымыраласқаны ту­ралы жақсы білсе де, оны жазуға аса  бейіл таныта қоймайды. 

Колчак АҚШ-та болған сапарында 1917 жылдың 16 қазанында Президент В.Вильсонмен кездескен. 

Ол АҚШ-тан жапон пароходы «Карио-Марумен» Иокогамаға келгенде бо­льшевиктердің Уақытша үкіметті құлат­қаны туралы хабарды естиді. Кол­чак 1918 жылдың жазында Жапония Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал Уэхара Юсаку, Бас штаб барлау басқармасының бастығы Накадзима Масатакэ және жапон барлау қызметінің подполковнигі Танакомен кездесіп, олармен тығыз байланыс орнатады.

Жапон әскери тарихшылары өзін Ресейдің Жоғары билеушісі әрі Жоғары бас қолбасшысы деп жариялаған Колчакқа Дербес Манжур отрядының командирі атаман Семенов арқылы 2 миллион патрон, 30 зеңбірек, 50 мың снаряд, 20 мың винтовка мен оның 40 миллион патронын, 100 пулемет пен 2 миллион оқ бергендігі туралы деректер келтіреді. 

                                                                Адмирал Колчак Харбинде. 1918 жыл

Колчак әскері Читаға шабуыл жасаған 1918 жылдың тамыз айында оған жапон әскерлерінің корпусы да қатысып, қалаға бірге басып кіреді. Адмирал  жапон қаруының күшімен Сібірден Орталық Ресейге қарай жеңісті жорығын бастағанда жапон әскерлері Ресейге қарасты Амур теміржолын басып алып, 1918 жылдың қыркүйегінде оны түгелдей қызылдардан босатады. 

Осылайша, Колчактың большевик­терге қарсы жорықтарына жол ашып, оған әскери күшпен де, техникамен де орасан зор көмек жасаған Жапония үкіметі өздері жыға танымайтын Алаш автономиясына көмек көрсетуге асыға қоймаған.

Қай нәрсеге болсын, асқан сақтықпен қарап, асықпай шешім қабылдайтын жапондар үшін хатқа қол қойған Р.Мәр­сековтің өзі де, оның құзыреті де күмән тудырғанға ұқсайды.

Жалпы, Алашорда үкіметінде ішкі билік нақты бөлініске түспеген. Сол себепті автономия мен үкімет атынан жазылған құжаттарда Алаш атынан бейресми вице-премьер қызметін атқарған Ә.Ермеков, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Р.Мәр­сековтердің қолдары жиі кездеседі. Бұл Алаш автономиясында ғана емес, сол кездегі Ресейде билікке ұмтылған түрлі саяси күштер мен жаңа мемлекеттердің бәріне тән құбылыс еді. 

Жапон тарапының жауабы кешеуіл­деген соң Р.Мәрсеков Владивостоктан кетуге мәжбүр болады. Әйтсе де, Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш басшылары Жапониядан келер жауаптан күдерін үзбеген.

Азамат соғысы жылдарында Сібір дүрбелең үстінде еді. Әуелде декабристер, халықшылдар, революционерлер мен империяға қарсы саяси қайраткерлердің айдалу мекеніне айналған өлкеде Уақытша үкімет құлаған соң түрлі саяси күш пайда болып, олар билік үшін күресті бастап кетеді. Алаштың мұндай құрылымдармен келіссөздердің басым көпшілігін  Сібірдің бейресми астанасы саналатын Томскіде оқып, оның зиялы қауымымен жақын араласқан Әлімхан Ермеков жүргізді.

Әлихан Бөкейханов Колчак армиясы құрамында болған жапонның жоғары шенді офицерлері арқылы олардың үкіметіне Алашорда жолдаған хаттың жауабын сұратқан. Бұл кезде Ресейді іштен ыдыратудағы бірден-бір ірі күш саналған Колчак армиясын қолдауды үдете түскен жапондар бұл жолы да қазақтарға жарытымды жауап бермеген.

Алаш автономиясы таратылып, олар­дың бір тобы алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру үшін амалсыздан большевик­тер жағына өте бастағанда кеңес тарапы алашордалықтарға кеңшілік көрсетіп, оларға жауапты қызмет те ұсынған. Алаш ақсақалы А.Байтұрсынұлы 1919 жылы Кирревком мүшесі ретінде Алаш автономиясы үлгісімен Қазақ АССР-ін құруға қатысып, 1920 жылы Қазақ рес­­публикасының Оқу-ағарту халық ко­миссары болды. 

Ахмет Байтұрсынұлы 1918 жыл­дың жазында Міржақып Дулатов, Са­дық Аманжолов және Райымжан Мәр­сековтермен бірге шекарадан өтіп, Шә­уе­шек қаласына келген. Осындағы атақты татар көпесі Рамазан Шанышевтің үйіне түсіп, ауқатты қазақтар мен жергілікті зиялы қауым өкілдеріне Алаш автономиясы мен Алаш әскерінің жай-күйі туралы мағлұматтар беріп, әскер жасақтауға көмек беруге шақырады. Осы сапар барысында Алаш арыстары Шәуешектегі жапон консулдығының өкілі­мен кездесіп, оларға жаңадан құ­рылған Алаш автономиясына қолдау көрсетуді ұсынған дейтін мағлұматтар бар, бірақ бұл әлі де болса нақты мұрағаттық құжаттармен дәлелдей түсуді қажет етеді.

                             Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары Шәуешек қазақтарымен бірге

Алаш арыстары осы сапарында фотоға түскен. Оларды «пәртіретші Мұхамеджан» атанған жергілікті фотограф суретке тартқан. Мұхамеджанның қызы Никара ханым Шығыс Түркістан қазақтары азат­тық күресі жетекшілерінің бірі, полковник Балқаш Бафинге күйеуге шығады. Никара Мұхамеджанова апамыз әкесі түсірген сол фотоны көзінің қарашығындай сақтап, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялады. Алаш арыстарымен қатар, Шәуешектің зиялы қауымы және қазақтың арқалы ақыны Әсет Найманбаев бейнеленген бұл сурет Алаштың бейнелі тарихы ретінде ұлт шежіресіне енді. 

Тағы бір дерек көздері бойынша Алаш арыстары нұсқаған жолмен кейін Шы­ғыс Түркістан қазақтары өз бетінше жа­пон консулдығына шығып, өздерін қам­қорлыққа алуды өтініпті. Бұған олар: «Қазақтар жаппай жапон азаматтығын алуы керек, сонда ғана біз сіздерді қана­тымыздың астына аламыз», – деген сыңай­да жауап беріпті. Ресей мен Қытай сияқты екі алып империя тарапынан отар­шылдық саясаттың талай құқайын көрген Шынжаң қазақтары үшінші бір елге кіріптар болғысы келмеген.

А.Байтұрсынұлының Шәуешекке сапары, Ә.Ермековтің Сібірдегі жапон офицерлерімен кездесулері, Р.Мәрсековтің Владивостоктағы Жапония бас консулы орынбасарымен жолығып, оған Алаш автономиясы атынан өтініш-хат табыстауы сталиндік репрессия жылдарында «жапон шпиондарымен күрес» атты саяси жазалау науқанына желеу болып, талай жазықсыз Алаш арыстары оққа байланды. Бұл – өте ауқымды тақырып. Дегенмен солардың ішіндегі осы эсседе есімі аталатын Алаш қайраткерлері тағдырының жапон тақы­рыбына қатысты тұстарына қысқаша ғана қайырылып өткенді жөн санадық.

Шынтуайтқа келгенде, Алаш қайрат­керлері ішінде Жапон үкіметінің өкілімен бетпе-бет кездесіп, оған Алашорда атынан өзі қол қойған хатты тапсырған адам жалғыз Райымжан Мәрсеков еді. 

Әлихан Бөкейханов пен Әлімхан Ермековтің Колчак армиясындағы, Сібірдегі түрлі уақытша құрылымдардағы Жапонияның кейбір өкілдерімен кездесуі мүмкін деп есептейміз, бірақ оның қай кезде, нақты қандай адамдармен болғанын тап басып айту өте қиын. 

Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының Шәуешекке сапары ба­рысында жапон үкіметінен қолдау сұ­рау­дан бұрын Шынжаңдағы әлді, ау­қатты қазақ байларынан жас Алаш авто­номиясына көмек алу мақсаты басым бол­ған.

Жиырмасыншы ғасырда атақ-даң­қы әлемді шарлап тұрған Жапонияға большевиктік платформада болған қазақ қайраткерлерінің де іш тартқандары болды. Олар да қызмет бабымен түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалармен, ірі компания, фирма басшыларымен кездесулер өткіз­ген. Бірақ мұның ешқайсысында олар қазақ елін алыстағы Жапонияның про­тектораты, ал өздерін жапонның тыңшысы ету мақсатын ұстанбағаны айдан анық. 

Ресейдің ең ірі университеттерінен білім алған қазақ зиялылары барған сайын күш алып бара жатқан жапон милитаризмі мен озбырлығы жайынан да әбден хабардар болды. Жапония, ең алдымен, тізесін іргесіндегі өздерімен тағдырлас корей халқына батыруды бастады. Корейді түгел өзіне қаратқан соң Қытайға ауыз салып, кейін оның солтүстік-шығысында түгелдей Жапонияға бағынышты Манжу-го атты қуыршақ мемлекет құрды. Осының бәрін көріп, біліп, күнделікті баспасөзден оқып отырған қазақ зиялылары Жапония Алаш автономиясын қорғауына алар бол­са, мұның соңында өздерінің де «бейшара корей», «сорлы қытай» деп жазып жүрген халықтардың кебін киетінін білді. Бірақ сол кезеңде ақ пен қызыл болып екіге жарылып, қантөгісті бастан кеткен аласұрған орыс пен анталаған жаудың ортасында қалған Қазақ елі көмек атаулының қандайына болсын ерекше  мұқтаж еді.

Сондықтан қазақ қана емес, башқұрт, татар халықтарының Зәки Валиди, Садри Мақсуди сияқты көсемдері Жапония, Түркиямен, сондай-ақ Орта Азиядағы ық­палын сақтап қалуға ұмтылған Англиямен байланыс орнатуға ұмтылды. 

Мұның бәрі езілген ел болашағын, жаншылған ұлт мүддесін ойлаудан туған отарлық атаулыға қарсы әлемдік тарихта ежелден бар үрдіс еді. Райымжан Мәрсеков бастаған Алаш арыстарының әрекетін осылай түсінген жөн.

Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Ду­латов, Ж.Ақбаев сияқты аға буын Алаш қайраткерлері патша заманында-ақ жандармерия тарапынан тұрақты аң­дуда болған. Қазақстан мен Ресей мұрағаттарында оларға қатысты том-том деректер әлі күнге дейін қаттауды күйінде тұр. Төңкеріске дейін Ресей империясында округтік соттың присяжный поверенный сияқты лауазымына қол жеткізген Р.Мәр­секов те ұдайы жандармерияның аңдуында болған.

Қазақстан Республикасы Президен­тінің архивінде сақталған 1914 жылы Р.Мәр­сековтің үстінен түсірілген екі донос­тың бірінде ол 1914 жылдың жазында Қоянды жәрмеңкесіне жалпықазақ газетін шығару мақсатында  2000 рубль көлемінде қаражат жинау үшін үгіт жүргізіп, «Ярдаш» баспаханасымен келіссөздер жасағаны хабарланған.

Екінші доноста осы мәселені нақтылай түсіп: «Ввиду поступивших в управление агентурных сведений о том, что группа интеллигентных киргизов (казахов), в главе который стоит присяжный пове­ренный Раимжан Марсеков, намерены издать в Семипалатинске на киргизском (казахском) языке газету прогрессивного направления. Предлагаю проверить (через агентуру и запросив областное правление), насколько верны вышеперечисленные сведения», – деп жазылған (ҚР Пре­зиденті­нің мұрағаты, 32-қор, 2-тізім, 4893-іс, 1-том, 235-бет).

Алаш қозғалысының белсенді қай­раткері болған Райымжанды аңду кеңес заманында да жалғасты. Жоғарыда аталған мұрағатта 1922 жылдың 20 ақпанындағы доноста  Ж.Ақбаев, Ә.Бөкейханов және Р.Мәрсековтің Қарқаралы өңіріндегі ық­пал­ды байларды өз қатарына тарту үшін жүр­гізген үгіт-насихаты туралы баян­далған.

Қазақ даласында болған 1921 жылғы ашаршылық халқымызға өте ауыр тиді. Мұхтар Әуезов 1921 жылдың 10 желтоқсанында өлкелік партия комитеті мен Қаз ЦИК-тің мәжілісінде «Қазақ республикасы қазақсыз қалады» деген баяндама жасап, зұлматқа ұшыраған халқына көмек қолын созуға шақырады. Осы жылдары Қытаймен шекаралық аймақта отырған қазақ ауылдары ала ба­ғанның арғы жағындағы ағайынға қа­рай жөңкіле көшті. Большевиктік билік мұны ұйымдастырушы ретінде Р.Мәрсеков деп танып, 1922 жылдың 25 наурызында одан жазбаша түсінік алады. Кеңес өкіметі Алаш қайраткерлеріне амнистия жариялап, А.Байтұрсынұлы бастаған қайраткер тұлғалар нарком қызметіне дейін жоғарылаған тұста жазылған түсінігінде Р.Мәрсеков көп жайларды ашық, анық жазған. 

Ол Колчак билігі кезінде Сібір үкіметі­мен жүргізілген келіссөздер негізінде Алаш әскери құрамалары жасақталғанын және олардың мақсаты Колчакқа қызмет ету үшін емес, кеңес өкіметінің әрбір ұлттың өзін-өзі билеуге берілген құқына сәйкес қазақты қорғау үшін құрылғанын мәлімдейді. 

Р.Мәрсеков өзінің Алаш әскерін құ­руды Алашорда үкіметі тапсырғаны ту­ралы: «Создание же киргизских час­тей и их объединений (из разных рус­ских воинских частей) с указанной во­инской целью – осуществление своих на­цио­нальных задач – было возложено на меня Семипалатинским обл. Советом Алаш-Орды», – деп ашықтан-ашық жа­зады.

Осы түсінікте ол отбасымен Қытайға алғаш Семейдегі билік қызылдар қолына көшкен соң өткендігін көрсететін дерек келтірген. Ол ашық қуғындау басталған соң өзінің Көкпектідегі отбасын Зайсан арқылы Қытайға алдырып, екі жыл бойы сол жақта бой тасалағанын, жергілікті ха­лықтың өзін жатсынбай, үлкен қо­нақжайлықпен қарсы алып, құрмет көр­­сеткендігін де атап өткен. Түсінікте ол шекараның арғы жағында өткізген екі жылы туралы: «Я мытарствовал на чужбине, не зная истинного положения вещей и политики Советской власти, которая защищает права ущемленных народов», – деп Кеңес өкіметіне салмақ сала сөйлейді.

Шындығында, шекараның арғы бе­тіндегі қазақ ауылында болған Р.Мәр­сековтің отбасы орнынан көп қозғала қоймаса да, өзі Семей мен Өскеменге жиі келіп, Қазақстанның әр тұсында өткен Алаштың алуан шараларына қатысып тұрған. Мұны сол кезде НКВД жансыздары түсірген өзге де доностардан айқын көруге болады.

Р.Мәрсеков Қытайға өтіп кетсе де, ГПУ-дың сол елдегі агентурасы оны аңдуын тоқтатпаған. Семей ГПУ-ы 1923 жылы 6 қыркүйекте оның Шәуешектен Қазақстанға өтіп, Шымкент уезі Созақ ауылына дейін келгендігі жөнінде жазба түсірген. Оның үстінен 1924 жылы төрт бірдей донос жазылып, оның бірінде Р.Мәрсеков башқұрт қайраткері Зәки Валидимен Шәуешекте тұрып жатқан­дығын, екіншісінде 1924 жылы Алаш қаласына келіп, А.Қозыбағаровпен кез­дескені жайлы баяндалған.

Семей ОГПУ-і 1925 жылы шамамен қаңтар-ақпан айларында Райымжан Мәрсековтің Қызыл Октябрь болы­сын­дағы ауқатты байлардың бірі Сүлеймен Жүсіповке жолдаған хатын қолға түсі­ріп, онда Р.Мәрсековтің Шәуешек қаласын­дағы Американың сауда өкілдігіне Хило­вский дейтіннің басшылығымен қызмет істейтіндігін, қаражат жинаған соң Ан­глияға кетуді жоспарлап отырғанын көр­сетеді. 

Р.Мәрсековтің Қытай жеріндегі тағдыры бізге оның жақын туыстары мен ұрпақтары арқылы ғана мағлұм болды. Біз оның 1938 жылы НКВД тапсырмасымен Қытай түрмесінде атылғаны жайлы ғана білеміз. Бұл кездері Шынжаң өлкесін Кеңес Одағының он алтыншы республикасындай сезініп, ВКП(б) дейін мүшелігіне өткен, Сталиннің сеніміне кіріп, одан орасан зор көлемде әскери және экономикалық көмек алған, қандықол басшы Шэн Ши­цай басқарды.