Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қарашада ҚР Парламенті Сенатының депутаттары сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қояды. Бұл туралы Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімі кезінде мәлімдеді.
"Мемлекеттік құрылыста біз "күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" формуласын нақты ұстанамыз. Президент сайлауы биліктің барлық негізгі институтын дәйекті түрде жаңғырту үдерісін бастауға жол ашты. Сайлау ауқымды электоралды циклдің бастапқы кезеңі болды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, саяси жаңғыру үдерісі жоспарлы түрде жалғастырылады.
"Бүгін мен "Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын тағайындау туралы" Жарлыққа қол қоямын. Осылайша, жоғарғы палата депутаттарының кезекті сайлауы конституциялық реформаны нақты жүзеге асырудың жалғасы болмақ. Сайлау қорытындысы бойынша Сенаттың депутаттық корпусының бір бөлігі бәсекелестік және ашықтық қағидаттары негізінде жаңарады. Бұдан бөлек, бүгін мен конституциялық реформаны жүзеге асырудың келесі сатысы ретінде "Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының кейбір мәселелері туралы" Жарлыққа қол қоямын. Келесі кезең – оны толыққанды трансформациялау", – деді Мемлекет басшысы.