Белгілі жазушы Мархабат Байғұт өмірден озды
Белгілі жазушы Мархабат Байғұт өмірден озды
742
оқылды
Мархабат Байғұт 77 жасында өмірден озды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Суыт хабар жетті. Мархабат Байғұт ағамыздың сағаты соғыпты. Бақұл болыңыз, Мархабат аға», – деп жазды Шыңғыс Мұқан.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі шағын естелігімен бөлісті.
"Көркем сөз бен көсемсөздің шебері, мақамы бөлек Мархабат көкем келместің кемесіне мініп, кете барыпты… Шер-ағаңызға неге асықтыңыз, аға? Көктемде ғана өзіңіз шақырып, кешкі алаудың жанында әсерлі, әдемі әңгіме айтқан Таупістелі мен Көкбұлақ, Бозторғай асуы мен Әулиебастау сізді сағынады. Бақұл болыңыз…", - деп жазды министр.
Айта кетейік, қазақтың аяулы жазушысы Мархабат Байғұт ағамызбен қоштасу бүгін, 27 қарашада Жұмат Шанин атындағы Қазақ драма театрында өтіп жатыр. Жаназа намазы сағат 15:00-де Байғұт Баба мешітінде оқылады. Түлкібас ауданы Түркібасы әулие етегіндегі Азаттық ауылының мазарына қойылады. Мархабат Байғұт 1945 жылы 25 мамырда Түркістан облысы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Ұзақ жылдар бойы аудандық, облыстық басылымдарда, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған. Жазушының «Шілде», «Нәуірзек», «Қорғансыз жүрек», «Серт пен сенім» және тағы да басқа кітаптары жарық көрген. Оның шығармалары орыс, украин, өзбек, түрік, қарақалпақ, саха тілдеріне аударылған. Сонымен қатар, қаламгер В.Шукшиннің, Ю.Покальчуктің, Ш.Айтматовтың шығармаларын, У.Ирвингтің Мұхаммед пайғамбар туралы кітабын қазақ тіліне аударған. Мархабат Байғұт туралы қаламдас інілерінің бірі Бауыржан Жақып "Түркідүниесінің Тұлғасы еді" деп жазды.
"Қазіргі қазақ әдебиетінің классигі Мархабат Байғұт ағамыздың дүниеден озғанын естіп,жүрек жылап отыр! Соңғы рет ол кісімен Алматыда жүздестік. Осы жылғы жаз айларының бірінде,”Ақкент” шағын ауданындағы үйімнен жұмысқа шығып бара жатыр едім. Төмен жақтағы көрші үйден Орысбай Әбілдаев пен Баян тәтем, Мархабат аға мен Қыздаркүл жеңешем шығып келеді екен. Өздері көңілді. КазГУ-де университет бітіргендеріне айтулы дата толып, соған кездесуге бара жатыр екен. Бұл кісілер құдай қосқан құда. Мархабат ағаның дүниеден ерте озған Баубек деген баласы мен Орекеңнің ортаншы қызы ертеректе тағдыр қосқан. Одан бірнеше ортақ немерелері бар…Емен-жарқын амандасып, қауқылдасып қалдық. Ауладағы ұзын орындыққа отырып, хал-жай сұрастық. Мархабат ағам өзінің қашанғы өзгермейтін қалпымен жылы жымиып, нұрын төгіп, ерекше бір мейірім шуағын шашып адамның бауырына кіре әңгіме созып, біраз аялдадық. Жазушылар Одағы мен Ақтөбе облыстық әкімдігі бәйгесінде алған Тобық Жармағамбетов атындағы сыйлық алғанына Ұлықбек інісіне, маған алғысын жаудырып-ақ жатыр. Қайран қатал тағдыр-ай! Бұл менің ол кісіні соңғы рет көруім екен-ау! Кейін тағы бір мәрте телефон арқылы сөйлестім. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 125-жылдығына орай қыркүйектің 28-жұлдызында Семейдегі шараға Мемлекет басшысы баратынын, соған Әуезовтің қазіргі көрнекті ізбасары ретінде барып қайта аласыз ба? - деп сұрағанымда, өзінің сырқаттанып жатқанын айтты! Бұл ол кісімен соңғы тілдесуім екен! Кейін Шымкентке жол түсіп барғанда, жүрегіне ота жасатқан ағамызға көңіл сұрай барып шыға алмадық. Отадан кейін үйге шығыпты, бірақ ешкімді кіргізбейді екен! Дәрігерлер сондай тыйым салыпты, -деді білетіндер. Тек сәлем айттық, жақын-жуықтардан. Одан бері де көп өткен жоқ! Жазылып кетуін Алладан тілеп жүрдік. Амал нешік, қайырымсыз ажал Ағамызды жеңіп тыныпты. Өкініш өзекті өртейді. Оңтүстік өңіріндегі әдебиет дегенде, алдымен тілге Мархабат Байғұт есімі оралатын еді. Біз қай бір сапармен Шымкент, Түркістанға барсақ, алдымыздан өзіне ғана тән жылы жымиысымен Мархабат аға шығатын. Сонау бір жылы Елбасы Түркістан қаласында этноорталықтың ашылуына келіп, он шақты қазақ зиялысымен кездескенде, ортамызда Мархабат аға болып еді. Бір жылдары Ұлықбек, Ғалым үшеуіміз Темірғали Көпбаевтың 50-жылдығына барғанымызда Шымкенттің сәулетті сарайының бірінде сөз тізгінін өзі ұстап еді. Ханбибі Есенқарақызының 70-жылдығында марқұм Көпен аға екеуі салтанатты кешті әдемі жүргізген. Қасымхан Бегмановтың 60-жылдық тойына Түркістанға барғанымызда, тағы да алдымыздан Мархабат ағам шықты. Айта берсең, ұшы-қиырсыз көп кездесу, жарқын жүздесулер. Мархабат аға ақырын жүріп, анық басатын, көркем мінезді, жазғандары ел жүрегіне ұя салған аса дарынды жазушы, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған қайраткер тұлғамыз еді. Берісі - алты Алашқа, арысы - бүкіл түркі дүниесіне танымал болатын. Кейінгі жылдар бедерінің өзінде Ұлы Жібек Жолында орналасқан Түркістан шаһары туралы тарихи деректі шығармасы Бейжіңнен қытай тілінде жарық көріп еді. Ал оның “Әкімнің әйелі” шығармасын көрші ел Өзбекстанның Президенті Шавқат Мирзиеев барлық өзбек шенеуніктеріне сөз арнап, Қазақ жазушысы Мархабат Байғұттың “Хокимнің хотуны”прозалық шығармасын оқып шығуға үлкен жиын үстінде пәрмен беріпті. Осыдан екі-үш жылдай бұрын алыстағы Түркияда Мархабат ағаның кітабы түрік тілінде басылып шығып ,”Түркі дүниесіне зор қызметі үшін” мәртебелі сыйлығымен марапатталды. Осының өзі қандай ұлы жазушымыздан көз жазып қалғанымызды аңғартатын мысалдар", - дейді Бауыржан Жақып.