Қазақстанда су, жылу беретін желінің 53 пайызының тозығы жеткен – министрлік
Қазақстанда су, жылу беретін желінің 53 пайызының тозығы жеткен – министрлік
Фото: news.myseldon.com
330
оқылды
Қазақстанда жылу, сумен жабдықтау және су тарату желілері тозған. Орташа көрсеткіш – 53  пайыз. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, соңғы 7 жылда тозу деңгейінің жалпы көрсеткіші 13 пайызға төмендеген. ТЖМ республикалық дағдарыс орталығы және жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша, 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымы басталғаннан бері еліміз бойынша 26 технологиялық ақау болған. Оның ішінде: – автономды қазандықтарда – 2 (Ақмола және Алматы облыстарында); – жылумен жабдықтау желілерінде – 11 (Жетісу – 1, Қарағанды – 7, Павлодар – 1, Астана – 1, Алматы – 1); – сумен жабдықтау желілерінде – 13 (Абай – 1, Ақмола – 2, Алматы – 1, ШҚО – 1, БҚО – 1, Қарағанды – 1, Павлодар – 1, СҚО – 2, Ұлытау – 1, Астана – 2). 2015-2022 жылдар аралығында әртүрлі қаржыландыру көздерінен жылу жүйелерінің құрылысы, реконструкциялау және жаңғырту жұмысына 344 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде, 3 667 шақырым инженерлік желі салынып, қайта жаңартылған. Осылайша, жалпы тозу деңгейі 65 пайыздан 53 пайызға дейін төмендеді. 2022 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 51 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 2026 жылға қарай жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозу көрсеткішін 45 пайызға дейін азайтуды көздеп отыр.