«Мың бала» жобасының жеңімпаздары анықталды
«Мың бала» жобасының жеңімпаздары анықталды
274
оқылды
Астана қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Қоғамдық келісім» РММ Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. «Мың бала» жобасының мақсаты - мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушыларын, әртүрлі этникалық топтардың жастарын мемлекеттік тілді оқытуда қазақ халқының ұлттық рухани құндылықтарына баулу арқылы қазақстандық бірегейлік пен бірлікті дамытуға үлес қосу. Іс-шараның ашылуында оның маңыздылығын Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі сөз етті. Оның айтуынша, бұл жоба жастардың мемлекеттік тілді меңгеруге деген ұмтылысы зор екенін көрсеткенін атап өтті. «Мемлекет басшысы биылғы халыққа жолдаған Жолдауында мемлекеттік тіліміздің өсіп, өркендеп келе жатқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар тіліміздің тек мемлекеттік емес, халықаралық тілге айналуы қажет екендігін баса айтты. Біз мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылып жатқан жастарымыздың көп екенін көріп отырмыз. Соңғы жылдары еліміздегі барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге құлшынысы зор. Бұл бізді қуантады», - деді ол. Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлімен бірге, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов және еліміздің Парламенті депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жоба жеңімпаздары, мемлекеттік тілді оқыту бойынша әдіскерлер, жастары ұйымдарының мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты. Сонымен қатар кеш барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов мемлекеттік тілге басымдық берген жастарға алғысын білдірді. «Кеше ғана салтанатты ұлықтау рәсімінде көк байрағымыз, төл құжатымыз және мемлекеттік тіл біздің біртұтас ұлт екенімізді айғақтайды деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Сол үш ұғымның бірі - мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді ардақтаған, елге, жерге деген құрметін білдірген жастарға алғыс айтамыз», - деді депутат. Аталған жоба аясында 38 бала марапатталды. «Өнер алды – қызыл тіл» байқауының жеңімпазы Созақ ауданы Науайы атындағы жалпы орта мектебінің 8-сынып оқушысы Айша Ахметжан «Мың бала» жобасына алғаш рет қатысып, жеңімпаз атанды. «Мың бала» жобасымен конкурсқа бірінші рет қатыстым. Ахмет Байтұрсынов сынды ұлы тұлғалардың өлеңін оқитыным бар. Облыс бойынша өткен сайыстан жеңіп, республикалық конкурсқа келіп, тағы да жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын», - деді ол. Ал Қызылорда облысы Сырдария ауданы Әбділда Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы, «Жарқыра, жас дарын!» байқауының жеңімпазы Ярослав Лавров қуанышымен бөлісті. «Астана қаласында өткен жылы болған «Мың бала» сайысына қатысып жеңімпаз атандым. Осы жолы да байқауға қатысып, бағымды сынап көрейін деп шештім. Өнерімнің бағаланып жатқанына қуаныштымын. Мені қолдауға келген отбасымның мүшелеріне алғысымды білдіргім келеді», - деді жеңімпаз. Айтар болсақ, «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы ҚХА бастамасымен 2015 жылдан бастап іске асырылып жатыр. 2015 – 2022 жылдар аралығында жоба шеңберінде барлығы 107 054 іс-шара ұйымдастырылып, 2 577 491 ЭМБ жастар өкілдері қатысты. Жоба бағдарламасы халықаралық тәжірибені ескере отырып, барлық қатысушыларға мәдени және тілдік ортаға (шығармашылық жобалар мен конкурстарға қатысу, мемлекеттік тілде фильмдер мен мультфильмдер көру және т.б.) толықтай қосылуға мүмкіндік беретін мәдени-тілдік дағды арқылы жүзеге асырылғанын жеткізді.