Харассмент «ұят боладыға» көнбейді

Харассмент

Харассмент жайлы соңғы жылдары көбірек айтыла бастады. Аталған термин қолданысқа енді ғана енсе де, қылмыстың бұл түрі біздің қоғамда бұрын­нан бар. Бұған бала күнінде жыныстық қысымға ұшырап, есейгенде жеке шекарасының бұзылғаны жайлы жиі айтып жүрген қыз-келіншектердің әңгімесі дәлел. Дегенмен харассментке ұшырағандардың көбі көрген қорлығын айтудан ұялады. Себебі Қылмыстық кодексте харассментке қа­тысты бірде-бір норма жоқ.

Харассмент – орын таңдамайтын қыл­мыс. Жақында әлеуметтік желіде Айсұлу есім­ді қыз қоғамдық көлікте бейтаныс адам­нан көрген қорлығын айтып берді. Ығы-жы­ғы адамның арасында кімнің не істеп тұр­ғанын ешкім байқамайды. Сол мезетте қара киін­ген, орта жастағы жігіт оқушы қызға барын­ша жақындап, денесіне қол жүгіртеді. Қыз айғайлайын десе, қасындағы доста­ры­нан ұялады. Ал басқа жаққа орнын ауыстыру мүм­кін болмайды. Осылайша, автобустан түс­кенше бейтаныс адамның дегеніне кө­ніпті. Мұндай оқиғалар қоғамда жиі кез­де­седі. Айталық, белгілі әнші Nazima да бала кү­нінде харассменттің құрбаны болғаны жай­лы айтты.

– Бірде отбасыммен Шымкент–Астана ба­ғыты бойынша пойызбен жолға шықтық. Ол кезде мен 16 жастамын. Таңертең 06.00-де тұрып, беті-қолымды жууға дәретханаға бар­дым. Дәретханадан шыққанымда жол­серік күтіп тұр екен. Менен түрлі нәрсе сұрай бастады. Жүзі жылы, тәрбиелі адам бо­лып көрінген соң артық ештеңе ойламай, аман­дастым. Содан кейін өзім орналасқан ку­пеге қарай өтпекші болдым, бірақ ол ме­нің жолымды бөгеп, шашымнан иіскей бас­тады. Сол кезде ғана ол кісінің пиғылын түсін­дім, тіпті мені ұрғысы немесе итергісі кел­генін байқадым да, бірден оның екі аяғының ортасынан теуіп жіберіп, купеге қарай қашып кеттім. Қорыққаным сон­ша­лық, жүрегім аузыма тығылды, бірақ неге еке­нін білмеймін, болған жағдайды әкеме айт­падым және сол үшін әлі өкінемін, – дей­ді әнші.

Оның айтуынша, біраз уақыттан кейін жол­серік ештеңе болмағандай купеге кіріп, тө­сек-орынды жинастырады. Үйге жеткен соң болған оқиғаны Назима тек әпкесіне ай­тып беріпті. Ал анасына жақында ғана айт­қан екен.

– Жұрт «ештеңе болмады ғой, бастысы сені ешкім зорламады» деп ойлайтын шы­ғар, бірақ 16 жасымда бұл оқиға менің пси­хи­кама ауыр соққы болды. Менің жан дү­нием зор­ланды. Қазір пойызға жалғыз міну­ден қор­қа­мын, жанымда міндетті түрде ко­ман­дам жүреді, – дейді Назима.

Факты бар, статистика қайда?

Ендеше харассмент дегеніміз – адам­дар­ға еркінен тыс физикалық түрде қысым, зор­лық-зомбылық көрсету, жағымсыз сөз­дер­мен, хабарламалармен бопсалау, жыныс­тық тұрғыда құқығын таптау, жеке шекара­сын бұзу. Харассменттің 6 түрі бар. Олар: жә­бірленушіге рұқсатсыз жанасу, қол тигізу; ізіне түсу; вербалды харассмент; кибер ха­рассмент; эксгибиционизм және жыныстық қы­сым көрсету. Қазір харассменттің құр­ба­ны болған әйелдер мен қыздардың саны өте көп. Алайда қоғамда жиі кездесетін оқиға жайлы факті кездессе де, статистика нақты емес. Бұған харассментке ұшырағандардың «ұят боладыдан» қорқып, үнсіз қалатындары да әсер етіп отыр. Психологтердің айтуынша, қылмыстық істер соңына дейін зерттелмейді, айыпталушылар жауапқа тартылмайды. Со­нымен қатар қазақ қыздарының көбі харас­смент тақырыбын толық білмейді. Харас­смент деген тек жыныстық қысым көрсету емес, оған адамның қалауынан тыс қол ти­гізу, әртүрлі хабарлама жазу, артынан аңду да жатады.

– Харассментке ұшыраған жандар оны зор­лық деп қабылдамайды. Ал кәмелетке тол­маған қыздар өз шекараларының бұзыл­ғанын да сезбейді. Егер ата-анасы үйде қы­зымен ашық сөйлесіп, оны қорғайтындарын жиі айтса, бала да көрген зорлығын ата-ана­сына айтудан қысылмас еді. Ал қорғаушысы жоқ болған кезде ата-анасымен ашық сөйле­се алмайтын қыздар харассмент көргендерін айтпай, үндемей кетеді. Олар жеке шекара­сы­ның бұзылғанын қалыпты жағдай санай­ды. Бала кезден қалған осындай психоло­гия­лық соққы кейін қыз баланың ба­қыт­ты отбасын құра алмауына да әсер етеді, – дейді психолог Серікгүл Сәли.

Психолог Рауана Сағадиеваның пікірін­ше, харассмент жағдайлары көбіне оқу орын­дарында, жұмыста, тіпті отбасы ішінде бо­лады. Әрбір қыз бала харассментке қатыс­ты халықаралық заңнама актілерін білуі керек. Сол арқылы оқиғаның алдын алуға мүм­кіндігі болады. Мысалы, жұмысында зор­лық-зомбылық көрген қыздар психолог­тен кеңес алуға жиі келеді екен. Бірақ дәре­жесі жоғары басшыларынан түрлі жағым­сыз сөз естісе де, қалауынан тыс әрекет етсе де, ша­ғымданбайды. Жұмыстан шығарып жі­бере­ді деп қорқады. Бұл – дұрыс емес. Әр адам өзін қорғауы керек, мәселе өршіп кет­пей тұрғанда алдын алу қажет. Өкінішке қа­рай, қазақ қоғамында «ұят болады» деген түсі­нік бар. Санасы ояу қыздар бұл қағиданы ұстанбауы керек.

– Аты-жөнін айтпай, бір қыз көмек сұра­ды. Айтуынша, ол қызды туысқан ағасы, ал сің­лісін нағашы ағасы зорлаған. Сіңлісі бұл ту­ралы ата-анасына айтқан, бірақ әпкесі әлі айт­паған. Ал әкесі мен ағасы «бізді ұятқа қал­дырдың» деп сіңлісін аямай ұрып, ағасы қа­рын­дасына пышақ сұққан. Бар сенері, қам­қор­шысы әкесі мен ағасынан осындай қорлық көрген қыздың психологиясы сын­ды, енді оны түзету қиын, – дейді Рауана Саға­диева.

Харассментке қатысты арнайы заң жоқ

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – заман ағымына қарамастан түбегейлі шешілмей ке­ле жатқан көп мәселенің бірі. Оны шешу үшін арнайы заң жобасына өзгерістер енгізу көзделген. Әзірге ол Парламент қабырға­сын­да жатыр. Мұндай заңсыздыққа барған­дар Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойын­ша жазаланады. Алайда іс жүзіне келгенде бұл бап өте сирек қолданылады. Айталық, рес­публикада 1998 жылдан 2018 жылға дейін жы­ныстық қатынасқа мәжбүрлеудің 87 дерегі ғана тіркелген. Оның өзінде сотқа тек 30 іс жіберіліп, 25 адам сотталған. Арасында бір­де-бір айыпталушы бас бостандығынан айыру жазасына тартылмапты. Бұл ста­тис­тика Қазақстанда жыныстық қатынасқа мәж­бүрлегені үшін жылына орта есеппен 1 аг­рессор ғана жазаланатынын көрсетті. Шын мәнінде, жыныстық қудалау оқиға­лары әлдеқайда көп, бірақ басым көпшілігі тір­кел­мейді. Өйткені агрессордың жыныс­тық қысым көрсеткенін заң жүзінде дәлелдеу өте қиын.

– Қылмыстық кодексте харассмент тер­ми­ні бойынша жауаптылық қарастырыл­ма­ған. Тек 123-бапта сексуалды сипаттағы әре­­­кет­терге мәжбүрлеу бойынша норма бар. Менің ойым­ша, харассмент бойынша заң талап­та­рын күшейтуіміз керек. Қылмыстық кодекс­те харассментті жыныстық мәжбүрлеу деп қана көрсеткен. Сондықтан бұл заң әл­сіз. Се­бебі қоғамда кез келген жерде әйелдер ер­кектерден түрлі қысым көруі мүмкін. Ал заң көп жағдайда жыныстық зорлық көр­сет­кен кезде ғана орындалады. Жеке шекара­сының бұзылғаны үшін, еркектерден жәбір көргені үшін әйелдер заңға жүгіне алмай жатыр. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін заң қатал болуы керек, – дейді заңгер Меруерт Қойайдарова.

Оның айтуынша, осындай жағдайлар студенттер мен оқытушылардың арасында жиі кездеседі. Бірақ студенттер бірге оқитын достарынан, әртүрлі сөзден, сессиядан тө­мен балл алып қалудан қорқып үнсіз қалады.

– Қылмыстық кодексті өзгерткенмен, бұл мәселені толыққанды шеше алмаймыз. Сондықтан харассменттен зардап шеккен жәбірленушілерді қорғайтын арнайы ұйым құрылуы керек. Ол жерде жәбірленушінің жеке бас деректері құпия сақталып, өз құқы­ғын қорғай алуына жағдай жасалуы қажет, – дейді заңгер.

Негізі, харассмент гендерлік кемсітуші­лік пен зорлық-зомбылықтың бір түрі. Сон­дықтан да әр азаматтың қоғамда еркін жүріп-тұруы үшін Қылмыстық кодекске ха­рас­смент туралы жаңа баптар енгізуіміз ке­рек-ақ. Харассмент жасаған адам заң ал­дында жазаланбаса, ары қарай ол еш қо­рық­пастан бұл қылмысын қайталай береді. Қа­зір қоғамда харассменттен қорлық көр­ген­дердің, тұрмыста жәбірленгендердің саны артып келеді. Оның бәрі заңда харас­смент­ке қатысты қылмыстардың анық әрі нақты көрсетілмегендігінен.

– Сондықтан заң алдында жыныстық зор­лық көрсеткендер ғана емес, әйел адам­ның жеке шекарасына өтіп, харассмент жа­­­­са­ған­дар да жауап беруі керек,– дейді Меруерт Қойайдарова.

Иә, заң адам құқығын қорғау үшін керек. Алайда қылмыс саналатын харассмент­тің әлі де еліміздің Қылмыстық кодексіне ен­­беуі, қыз-келіншектердің үнсіз тынып жү­руі­не әкеліп жатыр. Тіпті, осындай жағ­дай­лардан кейін кейбір қыздар өздерін қор­ғау үшін қалталарына түрлі қорғанатын құрал салып жүруді әдетке айналдырыпты.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.