Жоғарғы аудиторлық палата мүшелерін тағайындады
Жоғарғы аудиторлық палата мүшелерін тағайындады
519
оқылды
Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар өсімдіктер дүниесі, агломерацияларды дамыту және Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Әкімшілік кодекстерге экологиялық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейтетін өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдап, өзге де бірқатар заң жобасын қарады. Жалпы отырысы Қазақстан Рес­публикасы Жоғарғы ауди­торлық палатасының мүшелігіне кандидаттарды қарап, бекітуден басталды. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Консти­туцияның 58-бабы негізінде Қазақстан Рес­публикасы Жоғары аудиторлық палатасының мүшесі қызметіне Михаил Бортниктің, Рүстем Нұр­пейісовтің, Юлия Энгельдің кандидатурасын ұсынды. Сондай-ақ мәжі­ліс­мендер Швейцариямен бағалы металдар­дан жасалған бұйымдарға сынама­лық талдау таңбасын тану жөнін­дегі және Қытай Халық Респуб­ликасымен азаматтық әуе кеме­лерін авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақ­тастық туралы келі­сімді рати­фикациялады. Қазақы ит тұқымын сақтау және көбейту мәсе­лелері бойынша депутаттар бастамашы болған түзе­тулер де мақұлданып, Сенат­тың қарауына жолданды. Экологиялық құқықбұзу­шылық­тарға жауапты­лықты кү­шей­ту мәселелері бойынша Қыл­мыстық және Әкімшілік құқық­бұзушылық кодекстерге енгі­зіле­тін өзгерістер мен толықтырулар да екінші оқы­лымда мақұлданды. Заң жобасы Мемлекет басшы­сының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген. «Көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгеріс­тер қара­лып, «Өсімдіктер дүниесі туралы» және «Агломерция­ларды дамыту туралы» заң жобалары да екінші оқылымда мақұлданды. Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі шарт­тар туралы ратификациялық келісімді жұмысқа қа­былдады.