Кәсіпкерлерге қолдау көп
Кәсіпкерлерге қолдау көп
572
оқылды
Астананы кәсіпкерлер қаласы деуге толық негіз бар. Себебі ел­орда экономикасындағы кәсіпкер­ліктің үлесі 72 пайызды құрайды. Мемлекет те өз кәсібін ашамын деген ынталы жандарға жәрдем беруден аянған емес. Айталық, жыл басынан бері бас қалада 133 жобаға қайтарымсыз 5 миллион теңге грант берілген. Кәсіпкерлердің қол­ға алған бастамалары қалай жүзеге асып жатыр? Болашақтағы жоспар­лары қандай? Өздерінен сұрап, білдік. Қазақша киіну трендте «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша елорда әкімдігінің грантына ие болған кәсіпкердің бірі – Балнұр Ахмет­казиева. Ол ою-өрнектері бар маталар өндіріп, компанияның жаңа бағытын ашып, сұйық әйнектен бұйымдар жасау курсының білім беру орталығын кеңейту ісін қолға алды.
– 9 жылдық еңбек өтілімі бар дизай­нермін, отбасым, ұлдарым бар. 9 жылдан бері тігін, резин-арт, матаға сурет салу, әше­кей жасау сияқты көптеген іспен ай­налыстым. Сонымен қатар шәкірт тәр­биелеп, курс өткіземін. Оны өткізудегі басты мақсатымның бірі – үйде, декретте отырған аналардың дамуына көмектесу, – дейді Балнұр Ахметказиева.
Жас кәсіпкердің ою-өрнекке қызығу­шылығы мектеп кезінде оянған. Алға­шында эскиз сызудан басталған бала ар­ман, кейін кәсіп ашуға ұласыпты. Осы­лайша Балнұр ұлттық киімдерге өзінше рең беріп, күнделікті өмірде қолданысқа енуіне жол ашқан.
– Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке қолдау көрсететінін достарымнан естідім. 2021 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы мемлекеттен 5 миллион теңге қайтарымсыз грант алдым. Сол қара­жатқа матаға сурет салатын арнайы аппарат алып, мата шығарамын. Бұрын оюларды қолмен жасайтынмын. Өзімнің коллекция­ларымды да жасап жүрмін. Сол жобаның арқасында Born nomad атты конкурста 2021 жылы Украина шеберлерімен бірлесіп, коллаборация жасау номинациясын ұтып алдым, – дейді дизайнер.
Сондай-ақ Балнұр өзінің принттарым­мен киімдер шығарады және оны қара­пайым халыққа тиімді бағамен сатады. Бұл кәсіпкер ананың басқа дизайнерлерге қарағанда ерекшелігі десе де болады. Балнұрдың жасаған өнімдері қарапайым халықтың дизайнерлік дүниені тұтынуына мүмкіндік береді.
– Қазақша киінуден қашпауымыз ке­рек. Қазір ұлттық нақышта киіну трендке айналып келеді. Маған еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс беретін азаматтар көп. Шәкірт те тәрбиелеп жүрмін. Ендігі ар­маным – өз топтамаларымды Парижге, Миланға апарып таныстыру, – дейді жас кәсіпкер.
Шынымен де, Балнұрдың жұмыстары қазақы таным мен бүгінгі заман талабын бай­ланыстыра алған. Сондықтан шығар, дизайнердің киімдеріне қыз-келіншек­тердің ықыласы ауып тұрады. Қолжетімді экзоқаңқа Биыл 5 миллион теңгеге дейінгі жаңа биз­нес-идеяны іске асыру үшін шағын бизнес субъектілеріне берілетін қайта­рымсыз грант конкурсына Астана қаласы бойынша 1,8 мыңнан астам өтінім түскен. Бұл 2021 жылға қарағанда 5,4 есе көп. Ко­мис­сия мүшелері осы жобалардың ішінен қоғамға қажет деген бірегей жобаларды таңдады. Айталық, 25 жастағы елордалық кәсіпкер Бақдәулет Туғанбай науқастардың аяқ қозғалысын оңалту мақсатында қолда­нылатын экзоқаңқа өндірісін дамытуда. Елордалық жас кәсіпкердің осы бір құрыл­ғысын ота жасатқан кез келген науқас қа­лыпқа келу үшін пайдалана алады. Бақ­дәулет бұл жобаны қалай ойлап тапқаны туралы айтып берді.
– Менің мамандығым – инженер конструктор. Бұл жобаға дейін бионикалық қол протезін жасайтын компанияда жұмыс істедім. Сонда жинаған тәжірибемнің ар­қасында осы жобаны жасадым. Мемле­кеттік бағдарлама арқылы 5 млн теңгеге грант жеңіп алып, осы бір медициналық құрылғыны жасап, кәсіп бастадым, – дейді жас кәсіпкер.
Жалпы, экзоқаңқа – адамның қызметін тоқтатқан бұлшық етін дамытуға, сыртқы каркастың көмегімен қозғалыс амплитуда­сын кеңейтуге, адам қозғалған кезде жүк­те­мені сыртқы каркас арқылы күшті өк­шеге түсіретін құрылғы. Ашық дерек­көз­дерге қарағанда, экзоқаңқаның шынайы үлгілері қазір Ресейде, Жапонияда, АҚШ пен Израильде құралады. Оның ең алғаш­қы үлгісі 1960 жылдары АҚШ-та құ­ралып, оған Hardiman деген атау берілген.
– Қазақстандықтар шетелдік, көбіне ре­сейлік немесе қытайлық темір құрыл­ғыларды сатып алады. Олар сол жақта арзан болғандықтан, медициналық ұйым­дар арқылы тапсырыс береді. Неге отандық өндірісті құрмасқа? Неге экзоскелеттерді қолжетімді етіп жасамасқа деген ойлар келді. Нәтижесінде, медициналық құрыл­ғыны құрастыруды қолға алдым. Мүгедек жандар үшін экзоқаңқаның қолжетімді болғанын қалаймын, – дейді Бақдәулет Туғанбай.
Бақдәулет бастаған кәсібінің аясын одан әрі кеңейтуді қалайды. Алайда өндіріс­ті бұдан да ауқымды етіп дамыту үшін ақпараттық қолдау жетпей жатқан көрінеді. Тек елордада қалып қоймай, еліміздің өзге де өңірлеріне, шетелдік нарыққа шығуды көздейді. Алдағы уақытта өндірістегі мамандардың санын көбейтіп, экзоқаңқаларды көптеп жасап шығару ойында бар. Оның биыл мамыр айында құрылған жеке кәсіпкерлігі жаңа меха­низм­дер жасап шығарумен айналысатын MBionics холдингімен әріптестікте жұмыс істейді.
– Жалпы, бір механизмді жасауға 1 ай уақыт кетеді. Құрылғылар тапсырыспен ғана, яғни әр пациенттің жеке өзіне шақ­талып жасалады. Біз экзоқаңқаны жасау және құрастырумен айналысамыз, қалған жарнама беру, насихаттау жұмысы­мен хол­динг шұғылданады. Мемлекет берген грант­қа 2 станок сатып алдық, – дейді жас кәсіпкер.
Дегенмен Бағдәулеттің медицина сала­сында арнайы білімі жоқ. Экзоқаңқа жасау­ға бұл мәселе айтарлықтай кедергі келтірсе де, кәсіпкер ізденуден шаршамай­мын деп отыр.