Күрмегінен күрмеуі көп
Күрмегінен күрмеуі көп
576
оқылды
Аграрлы аймақ саналатын Қызылорда облысында күріш дақы­лының алар орны ерекше. Дей тұрғанмен, суармалы егістікке жататын күріш дақылын өсірудің бейнеті жетіп артылады. Оның үстіне, бір­неше жыл қатарынан дария суының өз деңгейінен төмен болуы шаруа­лардың ісін ілгері бастырмай отыр. Өз күрішіміз өзімізге жете ме? Ауыл шаруашылығы министрі Ер­бол Қарашөкеев биыл елімізде күріштік алқаптың көлемі 2021 жылмен салыс­тырғанда 8,7 мың гектарға азайғанын айтады. Оның ішінде Қызылорда об­лы­сында 5,3 мың гектарға азайса, Түр­кіс­тан облысында 2,9 мың гектар, Ал­маты облысында 600 гектарға қыс­қарыпты. Соңғы жылдары Сырдария өзенін­дегі судың мөлшері азаюымен бірге, топырақтың тұздануы мен егістік ал­қап­тардың айналымнан шығу процесі де күшейіп келеді. Бұл күріштің өсу қар­қынын тежеп, топырақтың құна­рын төмендетеді. Соған орай жергілікті әкімдікпен бірлесіп, күріш өсіруде механикаландырылған суару әдісін енгізу мүмкіндігі зерделеніп жатқаны мәлім болды. Жалпы, биылғы науқанда Қызыл­орда облысында 78,6 мың гектарға күріш дақылы егілген. Жиын-теріннің нәтижесінде гектарына 56,7 цент­нер­ден өнім алынып, қамбаға 450 мың тон­надан астам күріш құйылған. Шындығында, күріштік алқаптың азаюы шаруалардың шымбайына батып тұр. Ала жаздай атыз жағалаған диқан қауымының еселі еңбегі зая ке­тіп, өнім алу көрсеткіші төмендейтініне алаңдап отыр. Ал тиісті сала мамандары бұған ешқандай негіз жоқ екенін алға тартады.
«Елімізде күріш бидай дақылынан кейінгі негізгі өнім саналады. Сондық­тан халықты күрішпен толық қамтама­сыз ету басты мақсат. Бұл тұрғыда межелі үдеден толық шығып отырмыз. Сондай-ақ 100-150 мың тонна өнімді экс­портқа шығаруға да мүмкіндік бар. Яғни, Ресей Федерациясына, Ауған­стан­ға, Өзбекстан мен Қырғыз Респуб­ликасына экспортталып жатыр. Негі­зі­нен, күріштің алқабы кеміген сайын оның өнімділігі артады. Бірақ көпшілігі бұл жайында бейхабар. Сондықтан да қоғамда екі түрлі пікір қалыптасуда. Бірақ бұған алаңдауға негіз жоқ», – дейді Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу инсти­туты басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Әсет Тоқтамысов.
Ауыспалы егістік жүйесі сақталса Бүгінде Қызылорда облысында 280 мың гектар суармалы егістік бар. Қазір соның 90 мың гектарға жуығы ғана пайдаланылып отыр. Қалған бөлігі игеру­сіз жатыр. Өйткені бұл бөлігі сор бас­қан, лайлы, батпақты, игеруге жа­рамсыз жерге айналған. Себебі егістік жерлерді біржақты мақсатта, яғни жоспарды орындау мақсатында пай­далануы салдарынан тұзданып кеткен. Бұл тұрғыда ауыспалы егістік жүйесі сақталмағандықтан, жердің құнары жойылған. Сондықтан ауыспалы егіс­тік жүйесін сақтау қажет. Ғалымдардың пікірі осыған саяды. Ғылыми-зерттеу институты басқар­ма төрағасының орынбасары берген тағы бір мәліметке сәйкес, аймақта ағын суды тиімді пайдалануда әлі де көптеген қитұрқылық белең алған. Нақты айтқанда, арнайы тексеріс ба­ры­сында «бармақ басты, көз қыстыға» салып, артық күріш егіп жатқан шаруа­лар анықталған. Яғни, өңірде белгі­ленген межеден 10 мың гектарға жуық жерге жасырын күріш еккен шаруа­лар бой көрсеткен. Оның ішінде Шиелі ауданында – 800 гектар, Сырдария ауданында – 2 800, Жалағаш ауданында – 3 800, Қармақшы ауданында 900 гек­тар­ға артық жерге күріш егілген. Мұн­дай келеңсіздіктер анықталғанымен, ешқандай шара қолданылмаған. Ма­мандар осының салдарынан өзі аз суды үнемдеуге мүмкіндік болмай отыр­ғанын алға тартады. Жалпы, облыста суды тиімді пай­далануда автоматтандырылған жүйеге, шетелдік компаниялардың тәжірибе­сіне сүйеніп, көптеген жұмыс атқары­лып жатса керек. Осындай бірқатар бастама биыл пилоттық жоба негізінде сынақтан өткізілген.
«Негізінен, 1987 жылдан 2006 жыл­ға дейін 90 пайыз күріштің «Маржан» сұрыбы егіліп келген болатын. Сол уақытта еліміздің экономикасына бір «Маржан» сұрыбының өзі көл-көсір пайда алып келді. Алайда 2006 жылдан бастап ғылыми-зерттеу институты қар­жы­ландырылмай қалды. Сол жылдары «Маржан» сұрыбы ауруға шалдығып, тұқым өндіру қиындық туғызды. Материалдық-техникалық база сын көтермейтін күйге түсті. Сол кездегі облыс әкімінің қолдауымен Ресейдің Краснодар өлкесінен күріштің 20 шақты сұрыбы Сыр өңіріне жеткізілді. Бұл күріш шаруашылығын тұралатпау бағытында қолға алынған игі бастама болатын. Алайда осы сұрыптармен бірге ауру келді. Негізінен, сырттан жеткі­зілген сұрыптар карантиндік тексеруден өткізілуі керек еді. Бірақ ол кезде оған көңіл бөлінген жоқ. Соның салдарынан Ресейден келген сұрыб­тар­дың екі түрі ғана сақталып қалды. Оның ішінде «Лидер» сұрыбының ве­ге­тациясы 125 күнге созылса, «Янтарь» сұрыпының вегетациясы 115 күнге есептеледі», – дейді бұл жайында Әсет Мырзаханұлы.
Су тапшылығының қиындық ту­ғызуына орай ғылыми-зерттеу инсти­туты тарапынан жаңа сұрыптарды қолданысқа енгізуге де баса назар аударылады. Осы мақсатта суды аз қа­жет етіп, мол өнім беретін жаңа сұрып­тар дайындау назарға алыныпты. Бұған дейін «Сыр сұлуы» сұрпы шығарылғаны мәлім. Бұл тұқымның вегетациясы 100-105 күнді құрайды. Яғни, суды аз қажет етеді. Сонысымен өз тиімділігін көрсетті. Алғашында 3 000 гектарға егілсе, биыл бұл сұрыпқа сұраныстың артып отырғаны байқалады. Үнемдеген ұтады 2000 жылдары Ресейде күріш ша­руа­шылығы туралы арнайы мемле­кеттік бағдарлама қабылданған. Одан бөлек, күріш егістігі өркен жайған Краснодар өлкесі қыруар қаржы бөліп, күріш шаруашылығын дамытуға баса назар аударған. Соның негізінде бү­гінде бұл аймақта күріш алқабы артып, гектарына 85-90 центнерден өнім алуға қол жеткізіп отыр. Бізге де осындай мемлекеттік деңгейде заң қабылданып, қолдау көрсетілуі керек секілді. Сала мамандарының да пікірі осыған саяды. Десек те, еліміздегі су тапшылығын ретке келтірмей, күріш алқабының ұл­ғаймайтыны жиі айтылады. Табиғат жа­на­шырлары су тапшылығын қал­пына келтіру үшін ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс екенін айтып отыр.
«Соңғы екі-үш жылдықта дарияның суы азайып, көптеген күріш алқабы күйіп кетіп, диқандардың еңбегі зая бол­ды. Оған қоса, Сыр өңіріндегі кү­ріш алқабының көлемі 89,5 мың гек­тарға жетіпті. Соның салдарынан су жетіспеушілігі болды. Кеңестік кезеңде егістік көлемі 60-70 гектарды құрайтын. Ал бізде егістік алқаптың көлемі керісінше ұлғайып барады. Сондықтан күріш алқабының көлемін қысқартудан қорықпауымыз керек. Аз суды үнемдеп пайдаланудың жолы қарастырғанымыз жөн. Егіс алқаптарын әртараптандыруға баса мән берген жөн», – дейді эколог Сайлаубай Жұбатыров.
Арал-Сырдария бассейндік ин­спек­ция­сының мәліметіне сүйенсек, елі­мізге алдағы жылы 10,7 млрд текше метр су жіберілмек. Қазір өткен жыл­дың осы кезеңімен салыстырғанда Шар­дара су қоймасына келетін су мөл­шері 970 млн текше метрге артық екен. Нақты айтқанда, өткен жылы су мөл­шері 1 млрд 172 млн текше метр болса, қа­зір 2 млрд 142 млн текше метрді құрап отыр. Сонда да болса су тапшылығы атыз жағалаған шаруаларды алаңдатып тұр. Мамандар күріш шаруашылығын тоқыратып алмау үшін суды аз қажет ететін жаңа сұрыптарды жерсіндіріп, суарудың тиімді тәсілдерін қолданысқа енгізуге ерекше мән беру қажет екенін айтып отыр.

Қызылорда облысы