«AMANAT» партиясының Алматы облысы Іле аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты С.Жарқынбеков жетекшілік еткен комиссия мүшелері мен аудандық мәслихат депутаттары партияның Іле ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуын тұрақты назарда ұстап келеді.
Партияның Іле ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру Жол картасына сай ауданда бірнеше мектеп салынып жатыр. Комиссия мүшелері Жаңаталап ауылындағы 600 орындық, Междуреченск, Көкқайнар ауылы мен Боралдай кентіндегі 1 500 орындық мектеп құрылысына рейд ұйымдастырды. Жаңаталап ауылындағы мектеп құрылысын мойнына алған мердігер «Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 72 адамы нысанды белгіленген мерзімде тапсыру мақсатына жұмылдырылған. Ғимараттың 2 блогы бойынша жұмыс 40-50 пайызға атқарылып, электр желісін тарту жұмысы аяқталған. Тексеру барысында мектеп жанындағы шығаберіс жолдарға арналған жер телімдері әлі толыққанды заңдастырылмағаны анықталды.
BI Global ЖШС жүргізіп жатқан Көкқайнар ауылындағы мектеп құрылысына 125 жұмысшы жұмылдырылса, Междуреченск ауылы «Шабыт» ықшамауданындағы 1 500 орындық мектеп құрылысында 120 жұмысшы жұмыс істеп жатыр екен. Боралдай кентіндегі 1 500 орындық мектеп құрылысында 130 адам еңбек етіп жатыр. Аталған нысандарда жұмыстар кестеге сай жүргізілуде. Барлық жұмысты келер жылдың мамыр айында аяқтау жоспарланыпты. Өтеген батыр ауылы «Қуат» ықшамауданындағы 72 пәтерлі үй құрылысында да тірлік қызу. Мұнда алдағы қаңтарда қоныстойы тойлануға тиісті. Осы «Қуат» ықшамауданында салынып жатқан аудандық Мәдениет үйінің құрылысы да кестеге сай жүргізілуде. 2023 жылы қыркүйек айында пайдалануға беріледі.
Рейд барысында анықталған мәселелер депутаттық фракция мен партиялық бақылау комиссиясы отырыстарында қаралып, тиісті шешімдер қабылданады және жауапты органдарға сауал жолданып, бақылауға алынатын болды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы