Алматы облысындағы әскери аэродром жұмысшылары 3 айдан бері жалақысыз жүр
Алматы облысындағы әскери аэродром жұмысшылары 3 айдан бері жалақысыз жүр
Алматы облысындағы әскери аэродромның ұшып-қону жолағын жаңартып жатқан 70-тен астам жұмысшы үш айдан бері маңдай тер ақысын алмаған. Мердігер компанияның тастай суық контейнерінде бір аптадан бері бос жатқан атпалдай азаматтардың қолында еңбек келісімшарты да бар. Соған қарамастан «К-Дорстрой» Серіктестігі сан түрлі сылтау айтып, құр уәдемен тойдырып келеді. Бас мердігер жалақының кешігуіне тапсырыс берген Қорғаныс министрлігін кінәлады. Алайда жауапты ведомствоның айтар өз уәжі бар. Таңның атысы кештің батысы Алматы облысындағы әскери аэродромның ұшып-қону жолағын жаңартқан 70-тен астам жұмысшы үш айдан бері жалақысыз жүр. Қолдарында еңбек келісімшарты бар атпалдай азаматтар қаржыдан қысылып қарызға батқан. Бірақ олардың базынасына құлақ түретін басшы жоқ.
«Әбден қиналдық. Әбден шаршадық, тосып. «Ертең болады», «бүргісүні болады» дейді. Аяғында ештеңе жоқ. Қазағым қашанда шыдамды. Шыдап келеміз. Бірақ әр нәрсенің шегі бар. Біз қарыз сұрап отырған жоқпыз. Өз еңбегіміздің ақысын беріңіздер», - дейді жұмысшы Еркін Сатаев.
Еңбекақысын ала алмай жүрген жұмысшылар бір-біріне жапсарлас орналасқан темір контейнерлерде тұрып жатыр. Мұнда тұрмысқа қажет қолайлы жағдай да жоқ. Тар бөлмеде қысылып-қымтырылып төрт адам жатады. Жылу да жоқ, жігіттер электр жылытқышын қосуға мәжбүр. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған азаматтар отбасын асырау үшін тамыз айынан бері жырақта жүріп тер төккен. Бірақ мердігер компания бір апта бұрын «жұмысты тоқтатыңдар» депті. Сол уақыттан бері жұмысшылар осында бос жүр. Үйіне қайтайын десе, қалталарында көк тиын жоқ.
«Бұл жерде жазда болмаса, қыста тұра алмайсың. Қара суық. Жерден сыз өтіп жатыр. Адамдар ауырып жатыр. Кетейін десем, ақша жоқ. Осы жерде жатырмыз. Бала-шаға деген ана жақта аш, шырылдап жылап жатыр», - дейді жұмысшы Дәурен Жақсыбеков.
Жұмысшыларға жалақыны «әне-міне аласыңдар» деп күн сайын уәде беретін «К-Дорстрой» компаниясы бар кінәні Қорғаныс министрлігіне сілтей салды. Серіктестік өкілдері жауапты ведомство атқарған жұмысты қабылдамай, ақшаны толық бермеді деп ақталды.
«Біз бас мердігер компания ретінде Жетігендегі аэродромға күрделі жөндеу бастағанбыз. Тапсырыс беруші -  әскери инфрақұрылым басқармасы. Олар алдын ала төлем деп, ақшаның бір бөлігін берді. Бұл қаражатқа құрылыс материалдарын алып, жұмысты бастады. Бірақ олар біз атқарған жұмысты түрлі себеп-сылтаумен қабылдаған жоқ. Сондықтан біз жұмысты тоқтатып қойдық. Осы жағдайдан кейін жалақыға қатысты мәселе туды», - дейді «К-Дорстрой» АҚ өкілі Александр Русаков.
Ал әскери аэродромды жөндеуге тапсырыс берген Қорғаныс министрлігі жауапсыз компанияға жолықтық  деп өзіне шаң жуытпады. Жүктелген жұмысты шала-шарпы атқарған соң, аталған серіктестікпен келісімшартты бұзуға тура келді,-,дейді әскери инфрақұрылым басқармасындағылар. Қос тараптың ортақ келісімге келе алмай жүргені жұмысшыларды қызықтырмайды. Сондықтан олар еңбек инспекциясы мен прокуратураға арыз жазып, адал тапқан ақысын өндіріп алмақшы.