Екібастұзда үйлерге жылу ішінара берілсе де, проблема түбегейлі шешілген жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Олег Крук айтты.
Мамандар жарылған құбырларды жамап, үйлердің жертөлесіне жылу берген.
«Көпқабатты үйлердің негізгі жылу құбырына, жертөлесіне жылу берілді. Ғимараттар арасындағы жылу желілерін қалпына келтірдік. Енді пәтерлер арасындағы құбырлар мен жылу батареяларын қалпына келтіріп жатырмыз. Кейбір үйдің пәтер иелері кооперативтері құбырдан су ағызған кезде дұрыс істемеген. Соның салдарынан құбырда су қатып қалған үйлерде жылу батареялары мен пәтерлер арасындағы магистраль құбырларды ауыстыруға тура келіп отыр. Себебі жылу желісіне мұз қатып қалған. Арасында жылу жүйесі жөндеуге келмей жатқан үйлер де бар. Әсіресе, Сәтбаев 8, Мәшһүр Жүсіп 52, Әуезов 47, 46, 46-А, Шешенбеков 19-А мекенжайындағы үйлерде проблема бар», – деді Олег Крук.
Екібастұзға жылу толық берілгенше, мамандар қалада болады. Жарылған құбырларды жамайды. Жылу берілген құбырларды жіті тексереді.
Бұған дейін Үкімет басшысы Екібастұздағы ахуал туралы айтқан еді.