Тура 105 жыл бұрын, 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында ІІ жалпықазақ съезі өтті. Тәуелсіздікті мұрат еткен осы алқалы жиынның нәтижесінде қазақ қайраткерлері Алаш Орда атаған ұлттық мемлекет дүниеге келді. Бұл мемлекетіміздің тарихындағы ұлы серпіліске із салған аса маңызды қадам болды. Алғашқы ұлттық үкіметтің ғұмыры қысқа болғанымен, Алаш қозғалысы мыңдаған адамның санасына ой салды, егемендіктің елес емес екенін аңғартты, ең ақыры болашақ һәм бүгінгі тәуелсіздіктің негізін қалады.
Айта кету керек, бірінші жалпықазақ съезі 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен болатын. Сол кездегі ұлттың сөзін сөйлеген «Қазақ» газеті жанынан құрылған ұйымдастыру бюросы съезд мәселесін көтеріп, күн тәртібінде «Қазақ саяси партиясын құруды» ұсынды. Нәтижесінде, Орынбордағы тұңғыш жалпықазақ съезінде қазақ саяси партиясын кұру туралы мәселе қаралып, мынадай шешім қабылданды: «Қазақ халқының өз алдына саяси партиясы болуды тиіс көріп, бұл партияның жобасын жасауды съезд «Шураи исламға» сайланған қазақ өкілдеріне тапсырды. Партияның негізгі демократиялық, федеративтік парламенттік республика кұрылмақ ...». Міне, осылайша қазақ партиясының ұйымдық тұрғыдан құрылуы күзге, яғни бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттар сайлау науқанына тұстас келді.
Екінші съездің еншісі
Ал 1917 жылы 5-13 желтоқсанында Орынбордағы екінші жалпықазақ съезі өтіп, онда Алаш автономиясы жарияланды. «Алаш» атын ұрандаған қайраткерлер ұйымдастырған Орынбор съезінде ең басты мәселе – қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қаралғаны белгілі. Съезде алғашқы баяндаманы Әлихан Бөкейхан жасады. Оның баяндамасы жөніндегі қабылданған қаулыда – қазақ автономиясы, милиция (жасақ) және Ұлт кеңесі мәселелерін қарауға жеті кісілік комиссия құрылады. Ал құрылған комиссияның атынан Халел Ғаббасұлы автономия, милиция және ұлт кеңесі туралы баяндама жасайды.
Ұлттық автономия үкіметінің құрамындағы халық милициясы, Қазақ автономиясын құру туралы баяндама оқыған Халел Ғаббасұлы былай деді:« Егер әркім өз басын күйттеп, ешкім ешкімге бағынбаса, азамат соғысы басталып кетуі мүмкін. Анархия толқыны мемлекеттің бүкіл аумағын шарпып барады. Үлкен қалалар, шағын ауылдардың бәріне кірді. Қазақтар тұратын мекенге баса-көктеп кіру алдындағы монархия адамдардың өміріне, мүлкі мен үйіне қауіп төндіреді. Адамдар қорғансыз қалды. Осындай күрделі кезеңнен шығудың бір жолы – қазақтың аудандары мен облыстарында іргелі мемлекет құру. Егер анархия қазақ облыстарын шарпып кетсе, қазақ халқына толығымен құрып кету қаупі тууы мүмкін. Сондықтан қайғы-қасіреттен сақтау үшін халықтық әскер – халық милициясын құру керек».
Сонымен қатар автономия құру ісіне байланысты Халел Ғаббасұлы Әлихан Бөкейханның рөлін ерекше атап, жаңа автономияны «Алаш» деп атауды ұсынды. Біраз талқыдан соң 1917 жылдың 12 желтоқсанында съезд делегаттары уақытша ұлттық кеңесті – Алашорданы құрды. Ал көпшіліктің дауысымен Алашорда Үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейхан сайланды.
Кейіннен бұл туралы Әлімхан Ермекұлы«Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтардағы №28 санында: «Декабрьдің 12-сі күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге АЛАШ автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, АЛАШ туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қырғыз-қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. Отансыз жұрт Отанды болды» деп жазды.
Осыдан бастап Алашорда автономиясы өз жұмысына кірісті. Ал 1917 жылдың 20 желтоқсанында Әлихан Бөкейхан Сібір облыстық кеңесіне жеделхат жолдап, «Алаш» автономиясының және «Алашорда» уақытша үкіметінің құрылғанын хабарлады.
Алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлұлының айтуынша, бұл күн біздің тарихымызда алтын әріптермен жазылуы керек. Өйткені қазақ мемлекетінің іргетасы 1920 жылы тамыз айында Кеңес үкіметі бекіткен декреттің күшімен құрылған жоқ. Мемлекетті құратын – халық. Бұл жайлы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жеті томдық академиялық тарихымызды қайта жазу жайлы тапсырма берген. Тарихымыз ұлттық мүдде тұрғысынан жазылу керек. Сол тұрғыдан қарасақ, қазақ мемлекетінің іргетасы 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда құрылған.
–Алаштанушы ғалымдардың басым бөлігі «Алаш» сөзін қазақ сөзінің баламасы деп анықтама береді. Бұл – қате пікір. Өйткені Жошы ханды халық арасында «Алаша хан» деп атаған. Яғни, ханның ұлысы шартты түрде ғана «Алтын Орда» деп аталды. Шын мәнінде, Алаша ханның ұлысы «Алашорда» деп аталуы тиіс еді. Ал алты «Алаш» деген сөз неден шықты? Алтын Орданы алты түркі тайпасы құрады. Бұл алты Алаштың құрамына бүгінгі башқұрттар, татарлар, қырғыздар, ноғайлар, түркі мұсылман халықтары енген. Алаш Автономиясының астарында Жошы хан құрып кеткен Ұлы ұлысты қайта тірілту жатыр,– дейді Сұлтан Хан Аққұлұлы.
Тарихи күннің маңызы
«Алаш» атын ұрандаған қайраткерлер ұйымдастырған Орынбор съезінде ең басты мәселе – қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қаралғаны белгілі. Осылайша, съезд алмағайып заманда батыл қадамдарға дем берді, «Ұлт Кеңесін» құрып, оның аты «Алашорда» болсын деген шешімді қабылдады.
Мемлекеттіліктің маңыздылығына орай сол кездегі ұлт газеті «Қазақта» мынадай мақала жарық көрді: «5-13-ші декабрьде болған Орынбор Жалпы қазақ съезіне жиылған өкілдер автономия туралы тоғыз күн толғанып, жүрегі дірілдеп, буындары қалтырап, бір айдан соң автономия жариялауға әрең қаулы қылысты. Бұлар неге мұнша көп толғанды? «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда қандай едік?» деген қазақтың арманды, сағынышты сөздерін естімеген бе? «Аз өлтірмес, жат жарылқамас» деген мақалша қазақтың өзінен сайланған үкімет қазақтың ұрпағын көгертіп, дүниежүзіне көрінбегіне, өз атасындай махаббат көрсе тойына нанбағаны ма? Жоқ. Әр істің өнгенде берерлік жұмысына қарай бер жағында етерлік еңбегі қатар тұрғаны сықылды қызықты өмірдің қуанышы құпияда қатар тұрады. Автономия – ешкімнен жәрдем сұрамайтын һәм ешкімге жалтаң болмайтын өз алдына бір патшалық болады. Ақыры сан қайғыны састырып келгенде Алаш ұлының басы құралмай, торғайдай тозып, әркімнің көшіне тіркеліп кеткенінен зор қайғы болмас. Алашқа қаны бірге Алаш ұлынан артық жанашыр бауыр табылмас. Алаштап ұран сап, Алаштың туын тіксек, сүйегінде шақпақтың қуындай жігер, намысы бар Алаштың ұлының шыққан шығынына, тартқан бейнетіне еті ауырмас деп Аллаға тәуекел қылды. Тозғандықтың белгісі – бірсыпыра Алаштың баласы қалың Алаштың баласы бабасының атын атап, туын тікпеген соң Түркістан автономиясына қосылып отыр. Енді біз Алаш Ордасын құрған соң Алаш аруағын жерге көміп, сарт болып кетемін деп бір Алаштың баласының қалмасына панамыз. Бесінші ғинуарда Түркістан қаласында болатын Сырдария қазақтарының съезіне үш кісі жіберіледі. Сол съезде Түркістанға қосылған елдің адамдарымен сөйлесіп, бабасы Алаштың Ақ Орда, алтын бесігіне қол ұстасып, бірге қызмет етпекке шақырады. Олар құшағын жайып, қойнын ашқан бауырын кеудеге итермес». Осы мақаладан-ақ қасаң замандағы бар қазақтың басын бір тудың астына біріктіруге үндеген Алаш идеясын, тәуелсіздік мұратын сезінеміз.
Тарихшы Елдос Тоқтарбайдың пікірінше, ІІ жалпықазақ құрылтайы – ордасы түскен Қазақ хандығын қайтадан қалпына келтірген, бұрынғы қазақ мемлекетінің ошағын қайта жаққан саяси маңызы зор оқиға. Бұл – қазақ тарихындағы ең келелі мәселе шешілген күн. Біздің мемлекетіміздің іргетасы шын мәнінде 1917 жылғы 12 желтоқсанда қаланды. Сол әділдікті қайтадан жаңғыртқанымыз жөн. 1991 жылғы 16 желтоқсанда біз тек тәуелсіздігімізді қалпына келтірдік. Мысалы, бауырлас әрі біз сияқты тағдырлас Әзербайжан мемлекетін алып қараңыз, іргетасы 1918 жылы қаланған деп жазылған. Тек 1990 жылы Егемендік декларациясын жариялаған.
– Қазір бәріміз Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан деп жүрміз ғой. Ол ең алдымен тарихи ұлттық санадан басталады. Біз ұзақ уақыт отар ел болған соң ұлттық ойлауымыз бен санамызға құлдық психология әбден сіңіп, мерез болып қатып қалған-ды. Одан арылудың бір ғана жол бар. Төл тарихымызды дұрыс жазу. Сондықтан алдағы күндері Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші Республиканың Тәуелсіздік күнін Тағзым апталығы ретінде жарияласа, әділетті болар еді. Желтоқсан айында Алаш тұлғаларын да, Желтоқсан жастарын да еске алар едік. Бұл — санамызға әсер ететін, мемлекеттік идеологияны нығайтуға үлес қосатын зор іс,– дейді Елдос Тоқтарбай.
Ал алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы бұл жиынды құрылтай деп атайтын уақыт жеткенін айтты.
– Біз ең бірінші бұл жиынды съезд демей, құрылтай деп атауымыз керек. Өйткені ол кезеңде құрылтай сөзін пайдалануға болмайтын. Сондықтан тарихи атауды қалпына келтіретін уақыт болды. Екінші, бұл жиынды ІІ қазақ-қырғыз құрылтайы деп атауымыздың себебі, ол жиынға қырғыздың да өңірлері қатысты. Сол тұста Қырғыз Республикасының көп жері Жетісу облысына қарайтын. Ал Жетісу – Алаш республикасының заңды жер аумағы. Осындай мәселелерді естен шығармауымыз қажет, – дейді Сұлтанхан Аққұлұлы.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бір сөзінде: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс. Әйтпесе, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деген еді. Алаш қайраткерлері ХХ ғасырдың басында-ақ өздерінің міндетін абыроймен, қалтқысыз атқарып кетті. Ендігі кезек – бізде...