Чемпионат басталмай тұрып, жанкүйерлерді мундиаль магиясы орындалып-орындалмайтыны қызықтырды. 2002 жылдан бері өткен ӘЧ-де топ жарған құрама топтан шыға алмай қалған еді. Бұл үрдіс 2018 жылғы мундиальға дейін жалғасты. Бірақ Д тобындағы Францияға сиқыр әсер етпейтіндей, шіркін. Тайбурылдай таранып, Аустралия мен Данияны жолынан оңай ысырып, мерзімінен бұрын 1/8 финалға өтті. Бірақ соңғы кезеңде Туниске ұтылып, кішігірім сенсация жасады. Екінші орынмен өткен кім десеңіз, ол – Аустралия. Иә, жасыл құрлықтан келгендерден ешкім мұндай нәтиже күтпеді. Көпшілік Данияны чемпионаттың «күрең жылқысы» деп, одан жоғары деңгей күтті. Алайда олар «сенген қойым сен болсаңға» салып, Туниспен ғана тең ойнап, қалған екеуіне жеңілді. Осы мүмкіндікті мүлт жібермеген Аустралия Дания мен Тунисті айналып өтіп, плей офф жолдамасына ие болды.
Сергелдеңге салған он алты ойын
Е тобына екпін қояйық. Өйткені Германия, Испания, Коста-Рика мен Жапония жұп атанған топта, ешкім немістер қалыс қалып, жапондар жарып шығады деп ойламаса керек-ті. Жапония алғашқы кездесуінде Германияны ұтып, Коста-Рикаға жол берді. Испания болса Коста-Риканы ірі есеппен ұтып, Германиямен тең тарқасты. Плей офф кімге бұйырадыға келсек, испан құрамасы Жапониядан ұтылып, Германия Коста-Риканы жеңді. Бірақ бұл жеңіс немістерге жаққан жоқ. Өйткені олар екінші орынмен келесі кезеңге жеті доп айырмасымен ұтқан күнде ғана шығатын еді. Ал Жапония бірінші орынмен плей оффқа өтті. Доп саны басымдығымен Испания екінші орынға тұрақтады. Осылайша, немістер турнирден тыс қалды. Осы тұста сарапшылар испан құрамасын «айласын асырды» деп бағалады. Плей оффта Хорватиямен, ширек финалда Бразилиямен кездесуге «қорықты ма», кім білсін?!
F тобындағы кездесулерді еске түсірсек, сарапшылардың әуелгі болжамы қайда қалды дерсіз. Бұл топта жеті ұпаймен Марокко құрамасы топ жарса, екінші орын Хорватияға бұйырды. Иә, аталған топта фавориттердің бірі саналған Бельгия бар еді. Олар Мароккодан ұтылды, Хорватиямен тең ойнады, канадалықтарды ұтты. Бірақ соңғы кездесуде Канада құрамасын ірі есеппен жеңгенде, келесі кезеңге ілігер еді. Дегенмен жолы болмады тіркесін дәп Бельгияға айтқандай. Өйткені соңғы матчта Лукаку төрт бірдей мүмкіндігін жіберіп алды. Ала доп бельгиялыққа бағынбады ма, әлде команда ішіндегі алауыздық әсер етті ме, олар ӘЧ-ні осы жерден аяқтады. Ал Марокко мен Хорватия плей оффқа өтті.
Бразилия, Камерун, Сербия мен Швейцария G тобында бас қосты. Сөзсіз, Бразилия алты ұпаймен келесі қадамын жасады. Тек Камеруннан ұтылып қалғаны кішігірім сенсация есебінде тіркелді. Ал екінші орынның тағдыры Сербия-Швейцария арасындағы матчта шешілді. Өйткені екеуіне де жеңіс керек, ал қос құраманың тең ойнағаны Камерун үшін тиімді еді. Айтса-айтқандай, сербтер мен шведтер тартысты кездесу өткізіп, екеуара бес гол соқты. Шакири бастаған жігіттер намысқа тырысып, Шевейцария халқын келесі кезеңге алып шықты.
H тобындағы драма Уругвай жігіттерінің көз жасымен аяқталды. Бұл топта Португалия алты ұпаймен алшаң басты. Оңтүстік Корея құрамасы болса Уругваймен тең ойнап, Ганадан жеңілгенімен, соңғы айналымда Португалияны ұтып, плей оффқа тура тартты. Қызығы, Уругвай Гананы жеңіп, Португалиядан ұтылып, Оңтүстік Кореямен тең ойнаса да, топтан шыға алмады. Байқасаңыз, Уругвай мен Оңтүстік Кореяның жинаған ұпайы бірдей. Бірақ кореялықтар соққан гол саны бойынша латынамерикалықтарды шаң қаптырып кетті.
Айталық, 20 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өткен топтық кезең нәтижесі осындай. Әне-міне дегенше, плей офф кезеңі басталып кетті. Ниндерланды АҚШ-тан басым түсіп, Сенегал Англияға жол берді. Аргентина Австралияны ұтып, Польша Франциядан жеңілді. Енді көпшілікті Жапония–Хорватия, Испания–Марокко, Бразилия–Оңтүстік Корея, Швейцария–Португалия ойыны күтеді. Үш кезеңді артқа тастасақ, төртжылдықты түйіндер бәсекенің жеңімпазын анықтаймыз. VAR жүйесі енгізілген алғашқы әлем чемпионаты болғаннан, кей шешімді жанкүйерлер түсінбей әлек. «VAR футболға әділдік алып келгенімен, эмоцияны өлтірді» деп түйгендер жетерлік. Дегенмен әділдік салтанат құрған жерде шын мықтыны анықтау оңай емес пе?!
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ