Павлодарда қонақүй өртеніп, 200 адамды эвакуациялады
Павлодарда қонақүй өртеніп, 200 адамды эвакуациялады
Фото: ПД-нен алынды
342
оқылды
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаментінің  мәліметінше, құтқарушылар өрт шыққан «Сарыарқа» қонақүйінен 200-ден астам адамды эвакуациялады. Бір адам зардап шекті. Pavlodarnews.kz-тің дерегінше, өрт 1-қабаттан басталған.
«8 желтоқсан күні сағат 03.18-де 101 пультіне Павлодар қаласы Торайғыров көшесі, 1 мекенжайында орналасқан  "Сарыарқа" қонақүйінің бірінші қабатынан түтін шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Нысаннан 220 адам эвакуацияланды.Оның ішінде 10 бала бар», – деді Павлодар қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ренат Валишанов.
Оқиға орнына 5 техника мен ТЖД 25 қызметкері жұмылдырылды. Бұдан бөлек, Павлодар облысы кезекші өрт сөндіру қызметі мен жедел құтқару жұмыстары, медицина және апаттар орталығының қызметкерлері барды. Осы өрттен бір адам зардап шекті. Алдын ала болжам бойынша, ол жанған заттардың түтінінен уланған. 1969 жылы туған ер адам Павлодар қалалық бірінші ауруханаға жеткізілді. Өрт сағат 04.06-да сөндірілді. Өрт қонақүйдің жертөлесінен басталған. Жалпы ауданы 8 шаршы метр жерді шарпыды.