Пайдаланылмайтын және заңсыз берілген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесі «AMANAT» партиясының ұдайы бақылауында. Партияның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау және «Жер аманаты» комиссияларының бірлескен отырысында күн тәртібіне шығарылған жалғыз мәселе осы болды.
Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінен белгілі болғанындай, жыл басынан бері 265,6 мың гектар пайдаланылмайтын жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл – жоспардағының 88,5 пайызы. Жоспар бойынша биыл 300 мың гектар жер қайтарылуы тиіс.
«Қайтарылған жерлер тұрғындарға пайдалануға берілуде. Облыстың елді мекендерінде 547,1 мың гектар жайылымдық жер жетпеген еді. Қазіргі таңда олардың аумағы 591,1 мың гектарға немесе 108 пайызға ұлғайтылды. Атап айтқанда, 79 елді мекеннің шекарасы кеңейтіліп, 114,4 мың гектар жайылымдық жер бөлінді және ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 267 меморандум жасалып, олар өздеріне бөлінген 476,7 мың гектар жерді тұрғындардың малын бағу үшін ұсынды. Сондай-ақ, жеке және заңды тұлғаларға заңды бұза отырып берілген 18,0 мың гектар жерді қайтару үшін сотқа 71 талап-арыз берілді», – деді басқарма басшысының орынбасары Жанат Тоқсанбаев.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Солтүстік Қазақстан облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Бақытжан Бекіштің айтуынша, биылдыққа 536,7 мың гектар алқапта 318 тексеріс жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылықтар анықталған.
«Ұйғарым берілгеннен кейін 17 шаруашылық 72,9 мың гектар алқаптағы заң бұзушылықтарды жойды. Заң бұзушылықтарды жою туралы 92 ұйғарым беріліп, 20 есеге ұлғайтылған салық ставкасын қолдану үшін мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді. Заңнаманы бұза отырып берілген 4 731 га жер учаскесін жалдау туралы шарттарды жарамсыз деп тану туралы 18 іс сотта қаралды. Соның ішінде 15 талап-арыз қанағаттандырылды», – деді Бақытжан Серікұлы.
Жиын қорытындысы бойынша қос комиссия пайдаланылмайтын және заңсыз бөлінген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі жұмысты жеткіліксіз деп танып, тиісті басқармаға жұмысты жандандыра түсуге кеңес берді.