«AMANAT»: Агросаланы цифрландыруға арналған жиын өтті
«AMANAT»: Агросаланы цифрландыруға арналған жиын өтті
488
оқылды
Бүгін «AMANAT» партиясының орталық аппаратында Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес жанындағы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар комитетінің кезекті отырысы өтті. Офлайн және онлайн форматында қатар өткен жиында агрокешенді цифрландыру мәселесі талқыланды. Отырысты Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі, комитет төрағасы Екатерина Смышляева ашып жүргізді. Маңызды мәселеге арналған жиынға мемлекет тарапынан Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, Цифрландыру департаментінің директоры Бернат Алпысбеков, «Агроөнеркәсіптік кешендегі экономикалық саясатты талдау орталығы» ЖШС (АӨК ЭСТО) төрағасы Нұршат Нұруллаұлы, бизнес тарапынан агрофирма мен бірнеше цифрлық қызмет ұсыну компанияларының өкілдері келіп офлайн қонақ болса, одан өзге «Атамекен» ҰКП-ның, цифрландыруға қатысты түрлі қорлар мен қауымдастықтардың өкілдері онлайн қатысты.  width= Бизнес өкілдері өздерінің жобаларын таныстырып, мемлекетке әріптестік туралы ұсыныспен шықса, министрлік өкілдері өз қолдауын білдіріп, мемлекет мүддесіне қайшы келмейтін аяда әріптестікке дайын екенін жеткізді. Мәселен, «Жобаларды қостау орталығы» ЖШС Bayterek технологиялық процестерді жедел басқарудың автоматтандырылған жүйесін, «Бірінші несие бюросы» ЖШС Несиелік серіктестіктерге арналған автоматтандырылған жүйесін, Atlas Agro агрофирмасы өздерінің алқаптарында қолданып отырған цифрлық шешімдер кешенін, Egistic Limited компаниясы Ауыл шаруашылығына арналған Egistic.kz цифрлық сервистер экожүйесін, «Геосервис» компаниясы Hecterra қосымшасын, Game Dev компаниясы агроөнімдер мен қызметтер үшін клиеттер іздеуге арналған AgroMarket қосымшасын, Orbita Pro компаниясы автомобильдік жүк тасымалының цифрлық агрегатор қосымшасын, Geometry компаниясы Басқарудағы есептілікті автоматтандыру жобасымен таныстырды.    width= «Біздің қызмет космомониторинг саласын қамтиды. Шаруаларға егіс алқабын ғарыштан қадағалап, еңбек өнімділігі үшін нәтижелі шешімдер қабылдауға көмектесе аламыз. Мәселен, дәл қазіргі жағдайда шаруа қожалықтары бір егін егу маусымында 6 рет қана ғарыштық фотоларды пайдалана алса, біздің қосымша арқылы бұл қызметті 40 рет пайдалануға болады. Өйткені, біз тек ғарыш технологияларының қазіргі барлық мүмкіндіктерін қолданамыз», – дейді Egistic Limited компаниясының жетекшісі Жандос Керімқұлов. Ал Atlas Agro агрофирмасының өкілі Алпамыс Карыповтың айтуынша, бүгінде олардың 21 мың гектар жері бар екен. Негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Шығыс Қазақстанда орналасқан қожалық 3 жыл бұрын цифрлық технологияларды енгізгенінің арқасында мол үнемге қол жеткізген. Мәселен автопилот, бағыт көрсеткіш, индекстік сақтандыру, Cropwise, GPS/IoT, ERP, VRA, Power BI және WMS технологияларын енгізгеннің арқасында олар жалпы сомасы 292 миллион теңге шыған жұмсағанымен, 757 миллион теңге үнемдеп қалған.
«Егер дұрыс ұқсата алсақ, цифрландырудан ұтатын тұстарымыз көп. Заманауи технологиялар процестерді автоматтандырудың арқасында көп жұмысты аз ресурспен атқаруға болатынына көз жеткіздік. Әрине жетілдіре түсер тұстарымыз көп. Бірақ, үлкен ауқымдағы жер көлемін игеріп, шаруашылықты басқару жеңілдей түсті. Сондықтан да мұны насихаттай түсу керек. Осындай кездесудің ауыл шаруашылығын дамытуда берері көп деп санаймын», – деді ол.
 width= Өз кезегінде министрлік өкілдері жобалар мен қосымшаларға үлкен қызығушылық танытып, компания өкілдеріне сұрақ қойып, оны мемлекеттік жүйеге интеграциялаудың мүмкіндіктері туралы талқылдады. Олар бұл ретте мемлекеттік құпияға жататын ақпараттарға қайшы келмейтін аяда, министрліктің бүгінгі бар мәліметтер базасын жетілдіре түсу бағытында бірге жұмыс істеуге болатынын атап өтті. Агробизнесті дамыта түсуде жаңа технологиялардың үлкен мүмкіндік екені рас. Мәселен, Game Dev компаниясы ұсынып отырған агроөнімдер мен қызметтер үшін клиеттер іздеуге арналған AgroMarket қосымшасын кеңінен насихаттар болса, ішкі нарықтағы делдалдардың орынын алмастырып, өндіруші мен тұтынушыны тікелей байланыстыруға мүмкіндік бар. Ал Orbita Pro компаниясы автомобильмен бидай тасу жобасын ұсыну арқылы, Қазақстанда бұл саланың ақсап жатқанын ашып өтті. Жиында жаңа технологиялар туралы көп дүние айтылды. Қатысушылардың көңілдеріне түйіп кеткені мол болды десек қате айтпаспыз. Заманауи жобаларды ұсынып отырған замандастарымызды осы саланың алғашқы қарлығаштары деуге болады. Ал партияның мұндағы рөлі – қоғамдық пәрменін дәнекерлік мақсатқа жұмсап отырғанында.    width= «Бұл кездесуді ұйымдастырып отырғандағы мақсатымыз – болашақ серіктестерді табыстыру. Бизнеске өзінің мүмкіндіктерін жария етуге мүмкіндік беру. Саладағы цифрлық интеграцияның тез жүруіне, жақсы, сапалы шешімдердің қабылдануына қолымыздан келгенше ықпал ету. Жиындағы әріптестік атмосфераға қарап, ол мақсатымыз орындалғаны анық. Технологиялар туралы айтар болсақ, бұл жерде нарықта бар бірақ мемлекеттік органдарда жоқ қосымшаларды көрдік. Ендеше, мемлекет бизнеске, бизнес мемлекетке арқа сүйер тұстары көп. Мұндай кездесулерді әлі де жалғастыратын боламыз», – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі, комитет төрағасы Екатерина Смышляева. Жиын соңында қатысушылар бір-бірімен байланыс деректерімен алмасып, алдағы уақытта тағы да кездесуге уағдаласып жатқанына қарап, агрокешенді цифрландыру мәселесіне қоғамдық деңгейде кішкене болса да серпін берілді деп сеніммен айтуға болады.