Атырау облысы Құрманғазы ауданы Құрманғазы ауылының тұрғыны Дара Рахметуллина көршілерімен бірге «Күндердің күнінде үйіміз құлап, үйіндінің астында қалатын болармыз» деген үреймен күн кешуге мәжбүр. Апатты деп танылған Ғилаев көшесіндегі №7 үйде тұратын олар жергілікті биліктен қайран болмай отырғанына налиды. Расында, 1970 жылы салынған үйдің әбден тозығы жеткен. Оған қоса, бұл үйді шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа дегендер әбден «меншіктеп» алған.
«Тышқан, жыланға дейін қаптап жүр. Үйімізді әлсін-әлсін улаймыз. Алайда нәтиже ұзаққа созылмайды. «Байырғы тұрғындар» қайта келеді. Қазір үйдің іші салқын. Жарық та, жылу да бар. Бірақ үйдің іргетасы отырып кеткендіктен, сөгілген қабырғалардағы жарықтардан жел келеді. Соның салдарынан қыс бойы көктеген қабырғамен алысамыз. Қолқаны қапқан сасық иіс туралы мүлде айтпай-ақ қойсақ та болады. Суланып, көктеп тұратын қабырғалар денсаулығымызға да кері әсер етіп жатыр. Күн суытса, аурудан көз ашпаймыз. Бізді қойшы, үлкен адамдармыз. Арамызда шиеттей бала-шағасымен тұрып жатқан отбасылар да бар. Балаларға обал», – дейді апатты үйдің тұрғыны Дара Рахметуллина.Тозығы жеткен 16 пәтерлік үйде қазір 8 отбасы тұрып жатыр. Көпшілігі үйдің апатты жағдайынан үрейленіп, басқа жерде пәтер жалдап күнелтіп жүр. Қалған 8 отбасының пәтер жалдайтын жағдайы жоқ.
Мәселен, біз байланысқан Дара Рахметуллина – «Алтын алқалы» ана. Балаларын осы ескі-құсқы үйде өсіріп, жетілдірген ол үй жалдаудың да өзіндік тауқыметі барын айтады. Айтуынша, жағдайы жасалған үйлерді жалдау ақысы 40-50 мың теңге тұрады. «Екі-үш айдан соң пәтер иелері «үйімізді босат» деп шығады. Яғни, біздің ауылда үйді ұзақ мерзімге жалдау қиындау. Ауыл болған соң, әркімнің шаруасы шығып қалады. Бар жиғанымызды теріп үй де ала алмай отырмыз. Себебі ауылдың өзінде тәуір үй алу үшін кемінде 10 миллион теңге қаражат керек. Бізде ондай ақша жоқ. Балаларым қалада қара жұмыста. Тұрақты жұмысы болмаған соң оларға да міндетсіне алмаймын», – дейді Дара Рахметуллина.Жағдайларын айтып талай мекеменің табалдырығын тоздырған тұрғындар «Үйлеріңіз апатты. Бірақ үй кезекпен беріледі» дегеннен басқа жауап ала алмай жүр.
Тіпті, жағдайларын айтып, құзырлы органдарға шапқылап жүріп, өмірден өтіп кеткендері де бар екен. «Үздік есімді апамыз 67 жасында көз жұмды. Марқұм «жайлы үйде отырып, шәй ішсем» деген арманына жете алмай кетті. Жолдасым екеуміз зейнет жасындамыз. Зейнетақымыз азық-түлік, дәрі-дәрмектен артылмайды. Осылай «шықпа жаным, шықпа» деп жүріп жатқан жайымыз бар», – деп аяқтады бізбен сөзін Дара Рахметуллина.Өз кезегінде, ауыл әкімі Абдуррахман Муса үйдің апаттық жағдайда деп танылғанын растап отыр.
«Бұл 16 көппәтерлі үй бүгінде қауіпті жағдайда екенін білеміз. Құрманғазы ауданынан арнайы комиссия құрылып, зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Сол негізде тиісті мекемелер сараптама жасап, қорытындысында апаттық жағдайда деп танылып, тұрғындарды тұрғын үй кезегіне тіркедік. Бірақ дәл қазір бұл кісілерді көшіретін мүмкіндік жоқ. 2023 жылы 60 пәтерлік 3 тұрғын үйдің құрылысы салынады деген жоспар бар. Ғилаев көшесіндегі №7 үйдің тұрғындарына сол пәтерлерден баспана берілуі тиіс», – дейді Абдуррахман Муса.Иә, үйдің кімге болса да кезекпен берілетіні түсінікті. Бірақ апатты үйде «үйіндінің астында қалмасақ» болғаны деген үреймен күн кешіп жүрген тұрғындарды уақытша болса да баспанамен қамтудың тетігін қарастырған жөн секілді.
Атырау облысы