Қазір онлайн мамандық игеру – трендте. Себебі адамдардың жаңаны тануға құлшынысы артқан. Әсіресе, SMM маман, мобилограф пен онлайн продюсер атанғысы келетіндер көп. Оған қоса, оқу орнын бітіргендердің 65 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейтіні туралы дерек бар. Біразы аталған мамандықтарды қысқа мерзімде оқып, табыс табуға болатынына қызығады. Осы орайда «инфопродюсер кім, оның міндеті қандай?» деген сұраққа жауап іздеп көрген едік. Онлайн продюсер болам десеңіз Мәселен, әуелде Іnstagram-да парақша жүргізіп жүрген Батырбек Жұматай инфобизнеспен айналысам деп ойламаса керек. 2017 жылы әйелі сапалы телефон алған соң әлеуметтік желіге пісірген тәттісін жүктей бастайды. Бұрыннан аудиториямен жұмыс істеп үйренген ол келіншегіне көмектесіп, бірге жоспар құрады. Осылайша, аталған жылдың соңына қарай алғашқы онлайн курсын сатылымға шығарады. Оның айтуынша, бұл кезеңде ол инфопродюсердің міндетін атқарып жүргенін түсінбеген. Келе-келе нағыз сала маманына айналған. Қазір продюсердің жобасы есебіндегі Арай Жұматайдың 964 мың оқырманы бар. Батырбек Жұматайдың айтуынша, биыл инфопродюсер болуға сұраныс бәсеңдеген. 2020-2021 жылдары мүмкіндікті пайдаланып, қонышынан басқандар көп болған. Ал қазір салада нағыз мықты, білімі мен тәжірибесі үйлескен мамандар жүр. Соған сай халық та сүзгіден өткізіп, «шығарған» өнімін бағалайтындай дәрежеге жеткен. Яғни, бұрынғыдай 990 теңгенің бар курсын сатып алатын дәурен өткен. Ал белгілі инфопродюсер Назым Исмаханбет бұл салада алдымен өзіне продюсер болған. SMM курсын жазып, «қаптап», аудиториясына лайықтап сатумен айналысқан. Осы тұстағы «қаптап» сөзіне мән берсеңіз, инфобизнес тілінде аудиторияға өткізу мағынасын береді. Яғни, өнімнің сатып алушыға қаншалықты керек екенін, пайдасын, одан кейінгі нәтижесін сауатты түрде жеткізе білу қажет. Сондықтан да инфопродюсер алғашында SMM маманы болып тәжірибе жинаса, аталған салаға тез-ақ бой үйретеді.
«2019 жылдан бері инфобизнес саласында жүрмін. Өзімнен бастап әртүрлі саладағы алты эксперттің парақшасын дамыттым. Бастапқыда инфопродюсерді бөлек қарастырмай, интуитив түрде жұмыс істедік. Салада дамудың жолын іздеп жүргенімде пандемия басталып кетті. Содан карантин кезінде онлайн өндіріс қарқын алды. Өнімін сатқысы келетіндер интернет дүкен ашып, бұрыннан хабары бары одан әрі дамытуды көздеді. Осылайша, SMM саласы тез дамып кетті. Ал инфопродюсерлікке келсек, ол эксперттің жеке брендін дамытуға, өнімін онлайн және оффлайн сатуға көмектеседі. Тек сату ғана емес, аталған адамның жеке брендіне қатысты мәселенің бәрін қамтуға тырысады. Яғни, өзін де, өнімін де танымал етуге барын салады. SMM-нен айырмасы жеке брендін қалыптастырады, өнімін «қаптайды», эксперттің өзі байқамай тұрған мүмкіндігін көріп, екінші тынысын ашуға тырысады. Мәселен, дәрігер, психолог сияқты мамандар маркетинг саласында білім алып, уақыт өткізбей инфопродюсер көмегіне жүгінсе болады», – дейді Назым Исмаханбет.Табыс табу оңай ма? Түсінгеніміз бойынша, инфобизнесте эксперт пен онлайн продюсер тығыз жұмыс істейді. Мысалы, жоғарыдағы маманның айтуынша, білімі мен білігі келіскен эскпертті алты айдың ішінде елге танытуға болады. Әрі жеке брендін дамытқысы келетін тұлғаның дамуға қанша қаражат сала алатыны да маңызды. Яғни, әлеуметтік желіде эксперт ретінде танылғыңыз келсе, продюсерлік компанияның қызметіне жүгіне аласыз. Одан бөлек, жеке брендін дамытқысы келетін адамның қай саланы меңгергені де маңызды. Байқасаңыз, арнайы саланы меңгергенімен, тәжірибесі жоқ адамның жеке бренді болмайды. Мысалы, дәрігер, психолог сияқты өміршең мамандық бар. Оларды жаңа трендке сай бейімдеуге болады. Назым Исмаханбеттің айтуынша, табыс табу дейтін ниша болғанымен, оның ішіндегі бөліктерінің ғұмыры қысқа болуы мүмкін. Мәселен, «Wildberries-ті үйретемін, Kaspi.kz-те сауда сатуға көмектесемін» дейтіндердің дәурені қысқа. Сондықтан инфобизнес мамандары өз саласында кемінде үш жыл тәжірибесі бар экспертпен жұмыс істегені жөн. Сол сияқты Назым Исмаханбет осыған дейін фейс-фитнес маманы, диетолог, привентив дәрігер, балалар психологі және неврологпен жұмыс істеген. Ал табыс турасына келсек, бұл салаға жаңадан келсе де, тәжірибесі бар болса айына 500 мың теңге табыс таба алады. Инфобизнесте білігі мен білімі сай, идеясы мен басқару қабілеті жоғары мамандар айына 2-3 миллион теңгеден көп табыс табады. Соған сай бұл мамандықты үйрететін курстың бағасы қымбат. Орта есеппен 300-500 мың теңге жұмсап осы мамандықты меңгеруге болады. Салада жүргеніне біраз жыл болған инфопродюсерден үйренемін десеңіз, 1-2 миллион теңге қаражат керек. Бірақ сала мамандарының айтуынша, нағыз инфопродюсер мен SMM маман санаулы. Яғни, нарыққа әлі де өз саласында бесаспап маман қажет. Нағыз инфопродюсер кім десеңіз, толассыз идея мен жоспарлау, басқару қабілетіне ие маман деп жауап беруге болады. Бірақ олар идеяны барынша жүзеге асырғысы келгенімен, таяқтың бір ұшы экспертке келіп тіреледі. Яғни, эксперттің берілген тапсырманы орындауға ресурсы жете ме, идеяны іліп әкете ала ма соған да байланысты. Мұны инфопрордюсерлер саладағы кішігірім қиын тұс деп бағалайды. Ал қызығына келсек, түрлі сала маманымен жұмыс істейтіннен жаңа дүниені тануға мүмкіндік бар. Жоғарыда аталған инфопродюсердің айтуынша, денсаулық саласында бірнеше экспертпен жұмыс істеп, сала төңірегінде біраз зерттеу жасаған. Мәселен, еліміздегі ауруханалар техникалық дамудың тежелуі (ЗПР), тілдің кеш шығуы (ЗРР) байқалатын диагнозы бар балаларға протокол бойынша ем жасаумен шектеледі. Ал шетелде оқып келген, білімі мен тәжірибесі бар эксперттер әлеуметтік желіде курс сату арқылы біразына көмектесіп жүр. Инфопродюсер аталған диагнозы бар балалардың ата-анасынан алғыс хабарламасын алғанда төбеміз көкке жеткендей болатынын айтады. Сондықтан өз саласының эксперті болса, өзіне де қоғамға да пайда іздегеннің жөні бөлек деп отыр. Жалақыға жалданып жұмыс істегеннен, өзіңнің жаңа қырыңды ашып, заманға бейімделген абзал. Әлеуметтік желінің құдіреті сол, жеке бренді қалыптаспаған жан да өнімін сата алады. Әрине, өз ісіңді білсең, жарнама жасай алсаң жеткілікті. Бірақ бұрынғыдай кез келген өнімді сатып алып, жөні жоқ «ұрынып» қалатындар азайған. Сол үшін бір ғана интернет дүкенді дамытып, саудасын жүргізу барысында үш-төрт маман жұмыс істейді.
Айбике ЖАНАСЫЛ