Жылыту маусымы пысықталды
Жылыту маусымы пысықталды
523
оқылды
«AMANAT» партиясы елі­міздің әр өңірінде жы­лыту маусымының өту ба­­рысын пысықтау мақ­са­тында кездесулер мен тексерулер өткізуде. Мәселен, Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мүшелері Шымкент қаласына жылу беретін «Энергоорталық-3» кәсіпоры­нында болып, оның жұмысымен танысты. Мекеме басшысы Қай­рош Оңғарбаев бақылау комис­сиясының мүшелерін жылу қа­зандықтарының жұмысымен таныстырып, бүгінгі таңда екі қа­зандық жұмыс жасап, бір қа­зандық резервте тұрғаны жөнінде айтып өтті. Ал қала тұрғындарына жылуды жеткізуші «Қуатжы­луорталық-3» МКК басшысы Пердебай Сәбитов қаладағы кейбір үйлер мен мекемелерде жылу жүйесі төмен екенін айтып, мәселені бірлесіп шешу жолда­рын ортаға салды. Бүгінгі таңда аталған мекеме қаладағы 1 987 көпқабатты тұрғын үй мен 484 бюджеттік мекемеге жылу жеткі­зіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар партиялық бақылау комиссиясының мүше­лері қаладағы №5 емхана мен №65 мектеп-гимназиясына бо­лып, аталған мекемелердегі жылу жүйелерін бақылап қайтты. Ал Жамбыл облысында «AMANAT» партиясы филиалы жа­нындағы Өңірлік даму жө­ніндегі аймақтық қоғамдық ке­ңесі отырысы өтті. Мұқаш Ес­кен­діровтің төрағалығымен өткен басқосуға партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ермұхаммед Жұма­бек, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылық басқармасы бас­шысы Құдайберген Қорғанбаев, Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысы Алмат Абдрайхан және «Тараз энер­гоорталық» АҚ вице-прези­денті Мамат Шәкіров қатысты. Сондай-ақ отырысқа бейнебай­ланыс арқылы партия аумақтық филиалдарының атқарушы хат­шылары, «Өңірлік даму» кеңесі төрағалары, қала, аудан әкім­­діктерінің энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімдерінің басшылары қатысты. Облыс әкімдігі Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы бас­шысы Құдайберген Қорғанбаев өңірдегі тұрғын үйлер мен әлеу­меттік-мәдени нысандардың жы­лыту маусымының жай-күйі ту­ралы баяндады. Басқарма бас­шысы өз сөзінде, жылыту қазан­дықтарының жағдайы, жылу жү­йелерінің және ыстық сумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын атап өтті. Өз кезегінде, кеңес мүшелері Талас ауданының орталығы Қа­ратау қаласындағы бірнеше тұрғын үй мен М.Әуезов атындағы мектептің жылыту жүйесінде мәселе бар екендігін жеткізді. Ол бойынша басқарма басшысы мәселені тікелей қадағалауына алатынын жеткізді. Сонымен қатар облыс орта­лығындағы №15 шағын аудандағы 1020-1025 тұрғын үйлердің жы­лыту жүйесінің жағдайы да сөз болды. Басқарма басшысы бұл мәселені ол үйлердің жылыту жү­йесінің айналымы дұрыс емес екендігімен байланыстырды. Сон­дай-ақ аталған шағын ау­данда мердігер компания әртүрлі қысымдағы су сорғыларын қойып кетіпті. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ол проблеманы жою үшін қала әкімдігіне ұсыныс бер­ген. Шаһар басшылығы тиісті қаражат қарастырып, олқы­лық­тың орнын келер жылдың 10 қаңтарына дейін толтырмақ. Айта кетерлігі, мұндай мәселе «Бәйтерек» шағын ауданындағы бірқатар үйлерде де бар екен. Аталған басқарма басшысы оның да себебін әртүрлі қысымдағы сорғылармен байланыстырды. Жиын соңында, кеңес төра­ғасы Мұқаш Ескендіров алды­мыз­да әлі үш ай қыс бар екенін жеткізіп, көп қабатты тұрғын үйлер мен аудандардағы жылыту жүйелерінің жағдайын басты назарда ұстау туралы ұсынысын жеткізді.