Алаш тақырыбын қаза бергің келеді
Алаш тақырыбын қаза бергің келеді
1,524
оқылды
Бірер күн бұрын ұлттық арнада Алаш арысына арналған «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы эфирге шықты. Тарихи туындыда Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметі, сол дәуірде басты ұранға айналған «Оян, қазақ» шығармасы жарыққа шыққан кезең суреттеледі. Осыған орай көрерменді бейжай қалдырмаған сериалдың түсірілу барысы жайлы кинематографист Айсәуле Әбілдамен әңгімелестік. – «Міржақып» «Ұлт ұстазының» жал­ғасы секілді. Түсірілім оңай болды ма? – Бірден айтайын, түсірілім оңай болған жоқ. Биыл локациялар ауқымды, тым үлкен және «Ахмет. Ұлт ұстазына» қара­ғанда екі есе көп. Міржақып жол­да­сым Мұраттың бастапқы идеясынан бас­тап солай «Ахмет. Ұлт ұстазының» жалға­сы іспеттес болған. Америкалықтар спин-офф не интерквэл деп айтып жата­ды. Бірінші жобадағы екінші план актер­лері спин-оффта алға шығады. Енді адам­да қаншама идея бар ғой жарыққа шықпай сөнетін. Осы сәтті пайдаланып идеяны қолдаған, мүмкіндігін байқаған Qazaqstan ұлттық арнасына ерекше алғыс айтқым келеді. – Міржақыптың өмір сүрген уақыты қым-қуыт, қиын сәттер еді. Сценарий ав­тор­лары Гүлнәр Дулатованың кі­та­бына көбірек сүйенген сияқты. Тағы қандай зерт­теушілер сериалға көмек берді? – Сценарий авторлары телехикаяның соңында пайдаланылған 31 әдебиеттің тізімін берді. Сол кітаптың бәрін қол­дан­дық деп айта аламын. Әрине, сце­нарий авторлары Гүлнар апайдың «Шын­дық шырағы» кітабын, тіпті ал­ғаш­қы мір­жақыптанушылардың бірі, атамыздың сүйегін сонау Карелиядан елге алып келген Марат Әбсемет ағамыз­дың әлі баспаға басылмаған қолжазба кітабына дейін алып оқып, ішіндегі құн­ды ақ­параттарды алды. Татар зерт­теу­шісі Виль Галиевтің «Ұлтты оятқан кітап» атты «Оян, қазақ!» кітабының жазылу, таралу, қуғындалу тарихын зерттеген үлкен еңбегі айтарлықтай азық болды.Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш!», Дүкен­бай Досжанның «Абақты», Қайсар Әлім­нің Гүлнар апай туралы «Алаш қызы», Берік Әбдіғали, Құрманғали Дәрке­новтердің аштық, Алаш әскері жайлы зерттеулері, Мәмбет Қойгелдінің «Алаш қозғалысы» атты үл­кен еңбегі бар, оны да тұтас қарап, керекті деректерді алдық. Айсәуле Әбілда – «Ахмет. Ұлт ұстазы» біраз резонанс ту­дырды. «Міржақыптың» беталысы қан­дай? – Кино әлемінде экран көрсетеді деген ұғым бар. Жалпы, киногерлер көп сөйлемейді ғой, біз енді журналистикадан киноға келген соң сөзшең шығармыз (күлді). Беталысын біз емес, сіздер ай­тыңыз­дар. – Продюсер күнделігінен оқып жүрміз: қаржылық қиындықтар, түсірілім кезіндегі сер­гелдеңдер сіздерге ауырлық тудырмады ма? – Әрине, ауырлық тудырды. Бірақ, оны айтып, талқылаудан шаршап кеттік, шы­ны керек. Табиғатымда шағым айта бе­ре­тін пессимистік қасиет жоқ еді, был­тыр амалдың жоғынан айтылды. Бірақ, соны айтудың өзі көп энергияны алып қояды екен. Сондықтан биыл бұл тақы­рыпты қаузаудан кәдімгідей ресми түрде бас тартып жүрмін. – Алаш ардақтыларына арнап сериал емес, фильм түсіру ойларыңызда бар ма? – Алаш тақырыбына бір кірген адам айналып шыға алмай қалады. Мүмкін, осы тақырып біздің өшкелі жүрген ішкі ұлт­тық кодтарымызды басатын шығар. Мүмкін, бұл біздің сол кісілерге деген жиналып қалған сағыныш сезіміміз бо­лар. Әйтеуір, сол тақырыпты қаза бергің келеді, Алаш арыстары туралы әңгімені тыңдай бергің келеді, сондықтан «ге­нерал болуды армандамайтын солдаттың» болмайтыны секілді үлкен фильм түсіруді ойламайтын киногер болуы мүмкін емес. Біз де ақырындап фильм индустриясына аяқ басуды ойлап жүрміз. актерлар – Телеарна тапсырысы болғаннан кейін кейбір шектеулер болған жоқ па? – Біздің қанымызға сіңген әдет пе, Кеңес идеологиясы салып берген соқпақ па, әйтеуір көп жағдайда бір жау тауып алып алысып жүргенді жақсы көреміз ғой. Мұндай ұлттық идеологиямызды нық­тайтын істерде бәріміздің бірігіп, бір жағадан бас, бір жеңнен шыққан қол болып әрекет етуіміз аса маңызды. Биыл Qazaqstan ұлттық арнасы да осы ретте біз­ге біраз септесті дей аламын. Орынсыз тек­­серіп, шексіз шектеулер айтып маза­мызды алған жоқ. Кейбір мәселелерге бай­ланысты сұрақтар туындады, бірақ оны өзара хат алмасу, келіссөз жүргізу ар­қылы шешіп отырдық. Еліміздің бас арнасына айналған ұлттық арнамен сон­дай демократиялық, зиялы іскерлік бай­ланыс құра алғанымызға қуанамын. –Мұхтар, Ахмет, Міржақып. Келесі кезек кімдікі? – Абай, Мұхтар, Қайым, Ахмет, Ға­зым­бек, Міржақып, Гүлнар деңіз (күлді). Біз MurAi Production атты өте шағын жеке компаниямыз ғой. Қай тараптан қандай тапсырыс түседі және ол қалай көңілімізге қонады – сол бағытта келісіп жұмыс істеп, еңбек етеміз. Продюсер, сценарист, «Ос­кар» сыйлығын алған бірінші мексикалық режиссер Алехандро Гонсалес Иньярриту: «Кино түсіру саған көп нәрсе береді, алайда сенің өміріңнен де көп дүниені алып қояды»,–депті. Сол секілді Мұрат екеуіміздің отбасылық өмірімізде де көп дүниеге орын болмай қа­лып жатады. Биыл, міне 3 жыл дема­лыс­сыз жұмыс іс­теп келеміз, жылда тү­сірілім жұмыстары жазда болғандықтан, бала-шағамызбен жазғы демалысты бірге дұрыс өткізе алмай жүрміз. Ата-ана ретінде ол да тол­ған­дырады. Сондықтан келер жылдың жобасы туралы нақты ештеңе айта алмай­мын. Бұйырғанын көреміз. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айым БЕКТҰР