Павлодарда үй өртеніп, 6 жасар бала көз жұмды 
Павлодарда үй өртеніп, 6 жасар бала көз жұмды 
Фото: golos-naroda.kz
344
оқылды
Павлодарда бес бөлмелі пәтер өртенді. Бұл туралы Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Өрт көрші үйді шарпып, бір бала көз жұмды. Сағат 01:03-те 101 пультіне Алтайская көшесі, 9/2 мекенжайында төрт пәтерлі жатақханадан өрт шыққаны туралы хабар түсті. Бес бөлмелі пәтер толығымен өртеніп, шатыры опырылды. Екі бөлмелі пәтердің іргелес қабырғалары, жалпы ауданы 150 шаршы метр шатырдың ағаш тіреуіштері жартылай опырылған. Пәтердегі өртті сөндірген соң 2016 жылы туған ұл баланың денесі табылды. Өрт сөндірушілер 3-пәтерден екі 50 литрлік газ баллоны мен 4-пәтерден бір 50 литрлік газ баллонын шығарды. Зардап шеккен 1983 жылы туған әйел бірінші қалалық ауруханаға, ал 1962 жылғы үй иесі облыстық ауруханаға жеткізілді. Өрт 03:01-де толық сөндірілді. Өрттің себебі анықталып жатыр. Оны сөндіруге 40 өрт сөндіруші мен 9 техника жұмылдырылды.