Жаңа жылдан бастап мобильді аударымды Мемлекеттік кірістер комитеті бақылайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Егер айына бір шотқа жүзден астам аударым жасалса және осындай көрсеткіш үш ай қатарынан қайталанса, Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғадан салық талап етуге құқылы.
КТК арнасының мәліметінше, әзірге бұл мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайының шотына түскен ақшаға қатысты. Ал екінші кезеңге квазимемлекеттік сала қызметкерлері ілігеді.
2025 жылы үшінші кезеңде жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдарын бақылайды.
2026 жылдан бастап барлық қазақстандықтың ақшалай аударымы туралы мәлімет комитеттің қарауына түседі.
Дегенмен курьерлер мен такси жүргізушілері қазірден-ақ тұрғындардан қолма-қол ақша талап етіп жүр.
Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Данияр Жанәлінов: «Таксистер бар бізде, Yandex, InDriver, Uber, қосымша тағы басқа өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жатқан адамдар бар. Осы платформалармен біз қазіргі күні келісімге келіп жатырмыз. Алынатын ақша, бәрі қандай бақылауда болады. Платформалардың жүйесі арқылы өтетін болады. Сол кезде қаншама табысы бар, платформа өзі санап, салығын біздің органға, бюджетке аударып отырады. Салық төлеуші оны білмейді, оған қолайсыз жағдай болмайды», – дейді.