Қазақтың Марфуға есімді ақын қыздарынан біздің білетініміз – Марфуға Айтхожина мен Марфуға Бектемірова. Жастардың арасында басқа да ақын қыздар бар шығар, бірақ әлі атына қаныға қоймаппыз. Ұлттық поэзиямызда өзінің лайықты орны бар Марфуға апайымыз ертеде Көкше өңіріне келіп, оқырмандармен жүздесіп, «Аққуым менің» кітабына қолтаңба да алып қалғанбыз.
Ал осы біздің елде өсіп-өнген соң «өзіміздің Марфуға» деп ерекше мақтан тұтуға тұратын Марфуға Бектемірова болса, өміршең, сыршыл өлеңдерімен сүйсінткен талантты ақын, бірге қызмет атқарған әріптес ретінде әрқашан жүрегіміздің бір түкпірінде.
Ол кезде Марфуға құралайдың көзіндей жанары мөлдіреген жас ақындардың бірі болатын. Бірақ әлі жиырма бестердің шамасында болса да, өлең өлкесінде әжептәуір танылып қалған, болашағынан мол үміт күттіретіндердің санатынан еді. Оған Көкшетау облысы Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінде еңбек етіп жүрген кезінде-ақ Алматыда өткен шығармашыл жастардың республикалық «Жігер» фестивалінен лауреат болып оралғаны дәлел. Сонда Марфуғаны жапа-тармағай құттықтап, бүкіл редакция болып төбеміз көкке жеткендей бір қуанып қалған едік. Арамыздағы Марфуға ақын сонда да «мен сондаймын» деп желпінбеді, газеттегі қызметін ел қатарлы атқарып, қарапайым, биязы қалпымен көптің бірі болып жүре берді. Кейін Көкшетау облысы атынан өзіміз де қатысу құрметіне ие болған сол «Жігер» фестивалінде, жас ақын-жазушылардың республикалық кеңесінде жас Марфуғаның ерте танылуы, тырнақалды жауқазын жырларымен көпшіліктің көзіне ерте түсуі жастайынан бойына ана сүтімен, табиғаттың өзімен дарыған талантының тегеурінділігінен еді.
Қыз жаны қашанда нәзік қой. Сол үлбіреген нәзіктік, қызға тән сезімталдық Марфуғадан да молынан табылатын. Соны өлең жолы етіп өргенде, қыз жанының небір тылсым сырлары, құпия қалтарыстары ақ қағазға ақ шуақтай құйылып, сәулелі әсем жырға айналатын. Жас ақынның сол өлеңдеріне сол тұста аудандық газет оқырмандарының да көзі әбден үйреніп, қазақтың қара өлеңіне Көкше жақтан да бір талантты ақын қыздың қосылғанын танып, біліп қалған кез. Ал Марфуғамен бірге еңбек ететін біз болсақ, оның өлеңдерін сол 80-жылдардың бас кезінің өзінде-ақ республикалық басылымдардан көрсек, таңғалмайтынбыз.
Аяулы ақын қызымыз осылай біздің көз алдымызда сұлу Зерендінің көркем табиғатынан да таусылмас нәр, шалқар шабыт алып, қаламын ұштай берді. Бұған сол кезде аудандық газетте өзімен бірге бір бөлмеде қатар еңбек еткен сүйген жары Есенгелді Сүйіновтің де қолынан келген барлық жағдайды жасай білгенін айтпай болмайды. Есенгелді екеуінің жаңа қосылған нағыз жас кездері. Екеуі де журналист әрі ақын. Бір-бірін қолдап, жазған өлеңдеріне дейін бірге оқып, бірге талқылайтын шығармашылық адамдары.
1981 жылы мен де осы редакцияға жұмысқа келіп, Есенгелді мен Марфуғаның кабинетінде бос тұрған үшінші үстелді иемдендім. Дәлірек айтқанда, төрт үстел. Терезенің түбінде «Ятрань» машинкасымен біздің жазған материалдарымызды басып, Науша тәтеміз отырады. Содан жасымыз шамалас үшеуіміз ә дегеннен тез тіл табысып кеттік. Бір-бірімізге деген ықылас-пейілімізде ешбір кемшілік жоқ. Есенгелді екеуіміз де ортамыздағы жалғыз қызымызды сыйлап, көп жұмыс істетпеуге тырысамыз, яғни басы артық аударма, жеделхат-хабар бола қалса, өзіміз-ақ алма-кезек жұмылып дайындай қоямыз. Марфуғаны жұмыс бабында бір ренжітіп көрмеген екенбіз. Бұған өзі де қатты риза болып, «адамдардың бәрі бір-бірімен тап осылай түсініссе ғой» деуші еді. Бұл оның сол кездің өзінде ақын жүрегінің, ана жүрегінің ақ тілек лүпілі еді. Өлеңдері де солай-ды. Жанының нәзік иірімдерінен бастау алғызып, өзі тіршілікте ғашық болған сұлулықты, асық болған мейірімділік пен ізгілікті жыр қанатымен биік самғататын. Табиғат берген мінезі солай болған соң да, жайшылықта алдындағы қағазына ғана үңіліп, көп сөйлей бермейтін ақын қызды көңіл деген көк дөненнің шырқау бір сәттерінде «Марфуға, өлең оқышы» деп қинайтынбыз. Бойында сол баяғы өзіне тән ұяңдығы, бұл сөзіміз бірден өте қоймайды. Біз өтінді деп алып-ұшып тұратын Марфуға жоқ.
– Оқи ғой, айналайын, – дейді ондайда ақылшымыз Науша тәтей де осындай талантымен Зерендіде елеусіз жүргендей көрінетін ақын сіңлісіне іш тартып.
Сонда ғана қара торы жүзіндегі қымсынысы сәл сейіліп барып, «болмадыңыздар ғой» дейді де, ақырын өлеңін бастайды. Ол оқып бітіреді, біз «тағы, тағы» дейміз. Ақын өлеңдерінің жанымызды тербеп өткен шынайы да сырлы әсері еді бұл.
Бірде асыл әжесіне арнаған өлеңін оқып, аяқтар-аяқтамастан мойылдай жанарына жас үйіріліп, отырып қалды. Көзінен ыршып түскен сол жас тамшылары мөлдіреген таңғы шықтай кірпігінен төмен сырғып барады. Ешқайсысымыз батып, тіл қата алмадық. Тек кейін екеуміз оңаша қалғанда Есенгелдіден:
– Марфуғаның көңілінің босағанына қарағанда, әжесін қатты сағынған-ау, – деп сыр тарттым. Ол болса:
– Иә, әжесі туралы көп ойлайды, тіпті бұл дүниеде әжесіне ешкімді тең келтірмейді. Өйткені кішкентайынан сол кісінің қолында тәрбиеленген ғой, – деп мән-жайды білгізіп жатыр.
Міне, біз көрген, талай көзіміз жетіп, тәнті болған Марфуға ақынның бойындағы қарапайымдық, ибалылық пен ақыл-парасат сол алтын әжесінің бастау бұлағынан сіңірген қазақы тәрбиесінің де арқасы еді. Ақын бізбен бірге сол аудандық газетте еңбек етіп жүргеннің өзінде осы тақырыпқа жиі баратын. Бертін «Әже рухымен мұңдасу» атты поэма да жазып, ол туындысы өзі өмірден өткеннен кейін 2014 жылы біздің Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде де басылып шықты. Қазір осының бәрін ойлап отырсам, Марфуға қазақ халқында әже ұлағатына ең көп қалам тартқан ақындардың бірі екен.
Сол жылдары ақын өлеңдерінен тағы қандай сыр ұғушы едік біз?! Соны көңіл көгенінде күмбірлетсем, талайды табындырған Зеренді табиғаты да бар сұлулығымен көз алдымда тұра қалады. Ұшар басына дейін қарағай жапқан жасыл тау, толқыны жағаны шолп-шолп сүйген күміс көл, қыс келсе, орман біткеннің үстіне қонып алған ақ қылау ақша қар ақын жырына айналмағанда, кімнің жырына айналады?! Марфуға да біздің білуімізше, табиғаттың осы бір қайталанбас ғажайыптарын қыз-ғұмырдың дәмді әсерімен беріле, ынтыға жырлайтын. Сол әсем табиғаты, адамдарының ыстық пейілімен өзіне ақындық ой, ақындық өріс берген Зерендідегі өмірінің айшықты ізі тырнақалды тұңғыш кітабы – «Жанары жәудір дүниеде» де сайрап жатыр.
Әдеби орталардан сырт демесең, ақынға мекен болар нағыз жер жайлысы осы Зеренді ғой. Тілеуқор елі бар, табиғат десең табиғаты тартымды осы бір тыныш аудан орталығында өмірге, жырға ғашық бір ару түн келсе, тылсым дүниенің төрт бұрышымен тілдесіп, айналасына өлең сыйлаумен болды. Басқа уақыт, мүмкіндік те жоқ. Күндіз жұмыс, таңертеңнен бір басталса бітпейтін газет жұмысы....
Редакцияға Есенгелді мен Марфуға екеуі кіріп келгенде көз тойып, көңіл сүйсінуші еді. Екеуі де жас, сымбатты, әдемі. Айналаға жай көзден де, ақындық көзбен қарайтын кездері көп. Яғни, бәрінен өлең іздейсің, өлең деп маздайсың. Шіркін, жастық! Қызмет бар, үй-күй бар. Бәрі тамаша, бәрі жақсы. Редакция жұмысқа алысымен кілтін ұстатқан бір бөлмелі пәтеріміз өзімізге хан сарайындай. Бір үйде тұрамыз, көршіміз. Демалыстарда күн жылы болса, есік алдына балапандарымызды көтеріп шығамыз. Керегінде бір-бірімізге қалдыра да қоямыз. Ондайда Марфуға мен біздің Мәрияның құшағындағы бір бала екеу болып шыға келеді. Есенгелділердің тұла бойы тұңғыштары Сандуғаш. Бізде Дәурен. Сосын Зарема, бізде Арай. Сәби іңгәсімен де бар есіл-дерті жырда болған ақын қыздың «бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім» деп дәл тауып кететіні, әдемі қиыстырып, шынын сөйлейтіні тегі, сол тұс-ау деймін. Басқасын айтпағанның өзінде осы екі жолға ғана көңіліңнің құлап тұратыны содан шығар. Қалай десек те, біздің Марфуға аққу-жыры өлең айдынында еркін, әдемі жүзген арқалы ақын. Жаны жыр деп байыз таппағанын мына өмірге, туған елі мен жүрген жеріне нәзік сыры, іңкәр махаббаты, сарша сағынышы болып өрілген кең тынысты сергек поэзиясы айғақтайды.
Кейде бір көрген қаламгерге де тағдырыңның сол жүздестіріп, табыстырғаны үшін көңілің марқайып қалады. Ал бір ортада түсінісіп бірге еңбек еткен, сыйласып көрші тұрған адамыңның орны тіпті бөлек болса керек. Осы тұрғыдан алғанда, бүгін, міне 40 жылдан астам журналистік, еңбек жолымның басында Зерендідей сұлу мекенде ерлі-зайыпты осы бір қос ақынмен бір басылымда бірге қызмет атқарғаныма, әуелде қобалжып танысып, кейін өмір жолы қайта екі бөліп әкеткенде қимай қоштасқаныма да тәубе дерлік бір ойда отырмын.
Аудандық газет қабырғасында екі-үш жыл әріптестігіміз бен аралас-құраластығымыздың соңы осылай Есенгелділерге астықты Қостанайдың дәм-тұзын жазды да, біз болсақ, үйренген жерімізде қала бердік. Сырттай тілектес болып, елге келгенде жүздесіп, бір жасап қаламыз. Жалпы, Ақаң мен Жақаңның елі Есенгелді мен Марфуғаға құтты болды. Екеуі де қаламгерлік тұрғыдан жаңа биіктерге көтеріліп, өсті, өркендеді.
Әсіресе, Марфуға поэзиясы одан әрі күш алып, тақырыбы, мазмұны жағынан түрленіп, ілгері баса берді. Оны біз өзі сол жақта жүріп жатқанымен, мерзімдік басылымдарда жарияланып, баспа жүзін көрген жаңа өлеңдері мен кітаптарынан жақсы аңғардық. Жылдар солай зымырап, біз де ердің жасы – елуге толдық. Араға бірер жыл салып, осы жастың табалдырығынан аттаған Марфуға да Көкшетауда өзінің әдеби кешін өткізді. Бұл – осы бір өмір белесінде жерлестерімен жүздесеміз деген Есенгелді екеуінің сонау Зерендіден кейін туған жерге ел танитын белгілі қаламгер, өнегелі шаңырақ иелері ретінде үлкен абыроймен ат басын тіреген беті еді. Ол екі аралықта Есенгелді де Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газетінің басшылық тізгінін ұстап, журналистік қарымды жолдан өткен болатын.
Ақмола облыстық әкімдігінің қолдауымен өте тартымды, әсерлі өрбіген сол бір кеш әлі күнге көз алдымызда. Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма театры Марфуға поэзиясына сусындауға келген үлкен-кішіге лық толы. Міне, кеш басталып, жиналған көпшіліктің қошеметімен Көкшенің көркем ақын қызы да толқыған күйі ортаға шықты. Бұл кезде кешегі өлең-жырға жаңа бет бұрған Марфуға емес, бүкіл жырсүйер қауым жақсы білетін, қазақтың беткеұстар ақын қыздарының бірі болса да, сол баяғы бізге таныс болмысы еш өзгермеген. Табиғат берген мінез қайда кетсін?! Ол әрі жөн білер, жол білер әже тәрбиесімен дәріптелсе.
Көпті баураған кішіпейілділігі, әр жүрекке жетумен болған өлең-жыры, өз сөзіне жазылған әнімен бәрімізді риза еткен Марфуғаның сол жылы көктемдей түлеп, жаздай жарқырағаны әлі есте. Залда өзін білім жағынан жетелеген ұстаздары да отырған. Солардың ішінен осы саланың білгірі Таңсық Жұрынқызы апайының:
– Бұл Марфуға жанымның осындай боларын әдебиет пәніне деген ерекше құштарлығынан-ақ сезуші едім,–деп шыдай алмай сахнаға көтерілуі және жан толқытқан.
Тәңірім бұдан кейін де араға екі-үш жыл салып, Марфуға ақынға Көкшетаудың ең төрінде өз оқырмандарымен тағы бір жүздесуді жазыпты. Тіршілік болса, белгілі ақынның мұндай кештері, мұндай жұлдызды сәттері алда әлі көп-ті. Сахнадан сырға толы өлеңін оқып, әлі талай ел құрметіне бөленетін реті де, жөні де бар еді. Өйткені өз қатарластарының арасында Марфуға поэзиясының түп қазығы берік, тіні айшықты болатын. Оны өзі де білмейді емес, білді. Бірақ солай екен деп алып ұшпады, асып-тасымады. Қаламының қуаты, жанының жалынымен қашан қатал тағдыр ғұмырын келте еткенше арлы жырын, нәрлі жырын жаза берді, жаза берді. Әттең, дейсің осындайда талайды жұтқан сұм ажалға айтар сөзің қалмай...
Тосыннан болған Марфуғаның қазасын неге екенін, мына тиіп тұрған астанадан арада бірнеше күн өткенде, кеш естідік. Амал не, өкіндік, қабырғамыз қайысты. Әдетте білмейтін адамыңды да мұндайға қимайсың. Ал Марфуға!.. Бір уыс топырақ та бұйырмай, қалай қапы қалдық деп жүргенімізде жүйрік уақыт қойсын ба, қырқы да келіп жетті. Әлі де жар қайғысы еңсесін езген Есенгелді, көздері жәудіреп, аналарын аңсаған үш құлыны мына жарық дүниеге Марфуғадай асылдың өмірлік бір аманаты болса, тасқа басылып, қағазда қалған жырлары – ол да ақын жүрегінің сондай бір ажырамас бөлігі еді. Сол асқа қатысқан қазақтың қабырғалы қаламгерлері Нұрғожа Оразов, Әнес Сарай, Әлібек Асқаров, біз танитын, танымайтын басқа да жақсы-жайсаңдар ақынға берер биік бағасын беріп, өшпес ғұмырын жаңа күндерден және көріп, тебірене сөйлеген сайын көңілге осы бір ойлар келе берді.
– Тыншымаған өлең деп сөнді ғұмыр,Қаза болды қазаққа батқан бұл бір.Аяулы атын ақынның өшірмеске,Мәңгілікке сол күні аттанды жыр...
Иә, көз көрген, жақын танып-білген Марфуға жайлы сөз соңына қарай осылай дегіміз келеді. Расында, өзі көз жұмысымен, жыры да бірге мәңгілікке аттанды. Енді ол ақын жанының келер ұрпақ та сусындайтын ақ тұма қайнарлары болып қала бермек. Қазақ поэзиясы барда Марфуға Бектемірованың есімі де ешқашан ұмытылмайды.
Ақын дүниеден өткелі осыған бар күш-жігерін сарп етіп жүрген жары Есенгелдіге де рақмет. Бұл күнде Есенгелдінің өзі де журналистика мен әдебиет саласында аяулы Марфуғасы үшін де, өзі үшін де екі есе еңбек етіп жүргендей. Ол да бірнеше кітабы шыққан белгілі ақын, Жазушылар одағының мүшесі. Бір кезде шаңырақтарында жарасым тапқан қос ақынның музасы әлі бірге тербеледі.
Мойнымызға үлкен парыздай көрінген бұл шағын естелігімізде Марфуға өлеңдерінен нақты мысалдар келтіріп, оны өзімізше талдап, пікір қосып жатпадық. Қолымызға қай кітабын алсақ та, Марфуғаның ақындығы – тәңірдің өзі берген таза ақындық. Сондықтан бұл жағына бармай, ақын бейнесіне сонау бірге қызметтес болған күндер көкжиегінен ғана көз тастағымыз келді. Осы күні біздің Көкшеден шыққан ақын қыздар некен-саяқ болса да, бір Марфуға Бектемірованың өзі осы олқылықтың орнын біраз толтырғандай. Тек енді соңынан лайықты ізбасарлары ерсін...
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
Ақмола облыстық «Арқа ажары»газетінің бас редакторы