Смайылов Жаңа жылға дейін азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды
Смайылов Жаңа жылға дейін азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырды
336
оқылды
Үкіметтің цифрлық кеңсесінде Премьер-Министр  Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тежеу (ӘМАТ) мәселелері бойынша кеңес өткізді. Премьер-Министр бағаны тежеп тұрудың тиімділігін арттыру үшін негізгі мемлекеттік тетіктердің жұмысы қайта форматталғанын айтты. Атап айтқанда, "айналым схемасы" бойынша тәсілдер қайта қаралды: енді қаржыландыру негізінен сауда желілерін емес, өндірушілерді қолдауға бағытталады. Бұдан басқа, делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы қайта құрылып, күшейтілді, өндірушілердің құқықтарына нұқсан келтірмейтін шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын бекіту жөніндегі қағидалар бизнеспен келісілді.
"Өңірлерге бағасының ауытқуы аса ықтимал көкөніс және басқа да тауар түрлері бойынша келісімшарттар жасасу жөнінде тиіс тапсырма жолданды. Сонымен қатар кейбір өңірлердің жоспарланған шараларды орындамауына және формал түрде қарауына байланысты бағаның өсуі байқалады", - деді Әлихан Смайылов.
  Премьер-Министр маусымаралық бағаны ұстап тұру үшін көкөніс бойынша жедел түрде келісімшарттар, сондай-ақ қалған өңірлерге - қант зауыттарымен шарттар жасасуды қамтамасыз ету қажетін айтты.
"Ішкі нарықты өз азық-түліктерімізбен толықтыру және оларды маусымаралық кезеңде сақтау үшін жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудің маңызы зор. Өңірлік комиссиялар тарапынан делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі уақытылы шаралар қажет. Біздің басты міндетіміз - азаматтарды қолжетімді бағада қажетті тауарлармен қамтамасыз ету", - деді ол.
Кеңесті қорытындылай келе, Премьер-Министр жаңа жыл қарсаңында жағдайды тұрақтандыру үшін бағаны ұстап тұрудың жаңа тәсілдерін толыққанды іске асыруды, сондай-ақ бір ай мерзімінде қосымша заманауи көкөніс қоймаларын салу мәселелерін пысықтауды тапсырды.
"Инфляцияның жоғары қарқыны экономиканың үдемелі дамуына мүмкіндік бермейді және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Осыған байланысты келесі жылы оны 2 есеге төмендету бойынша жұмыс - ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып отыр. Бұл жұмыста формалдылық болмауы тиіс", - деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ кеңесте Алматы облысында "G4 City" жобасын одан әрі іске асыру мәселелері қаралды. Премьер-Министр  "G4 City" аумағында арнайы экономикалық аймақ құруды жеделдетуді, қаланың бас жоспарын бекіту және қала құрылысы құжаттарын әзірлеу жөнінде қажет шаралар қабылдауды, сондай-ақ, жобаны тұтастай іске асыру жөніндегі Жол картасын өзектендіруді талап етті.