Сайрам ауданында «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Үміт керуені» атты фестиваль өтті. Партия филиалы ұйымдастырған шара – мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық дамуына, тең қоғам құрудағы азаматтардың тұлғалық қалыптасуына жол ашуға және өнерін шыңдауға бағытталған.
«Әуелер әнім барда», «Өлеңім – өмірім» және «Көз жауын алған қолөнер» атауларымен өткен фестивальге Сайрам және Түлкібас аудандары, Шымкент қаласынан 20-дан астам өнерпаз қатысты. Облыстық мәслихат депутаттары Динара Егамбердиева және Гүлбахира Тәжібаева фестивальдің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жиында бақылаушылар құрамы жасақталып, оның мүшелігіне мәдениет, спорт саласының мамандары, этномәдени орталықтардың өкілдері және педагогтер енгізілді. Іс-шарада көңілді ажарландыратын әндер шырқалып, жүрекжарды өлеңдер оқылды. Ал қолөнершілер көздің жауын алатын бұйымдарын тарту етті.
Талант иелеріне құттықтау сөздерін арнаған партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Алмас Әбдіқадыров және аудандық мүгедектер қауымдастығының төрағасы Асылбек Таукеев өнерпаздарды дипломдармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.