Мемлекет басшысы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына барды, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы орталықтағы Смарт сыныптың жұмысымен танысты. Ем алып жатқан балалар оқудан қол үзіп қалмауы үшін «Ақылды сынып» ұйымдастырылған. Мұнда мектеп бағдарламасына сәйкес математика, тарих және басқа да пәндер оқытылады. Сондай-ақ музыканың және ертегілердің көмегімен терапия сабақтары, түрлі шығармашылық ойындар мен шахмат үйірмесі қарастырылған.
Президент республиканың әр өңірінен келіп, ем алып жатқан балалармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесті. Мемлекет басшысы жеткіншектердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Балалар жылының аясында білім, денсаулық сақтау, спорт және басқа да салаларда жеткіншектерге көңіл бөлінгенін айтып, бұдан әрі де қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді.
Президентке балалар бөлімшелерінде 351 бала ем алып жатқаны туралы баяндалды. Биыл бұл жерде 18 мыңға жуық бала емделген. Кейінгі 3 жылда Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына 30-дан астам жаңа медицина технологиясы енгізіліп, мамандары шетелде біліктілігін жетілдірген.
Кездесу соңында Президент балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, барлығына сыйлық үлестірді.