Jibek Joly телеарнасында Президент телерадиокешені түсірген «Бәрін өзгерткен Қаңтар» атты деректі фильмі көрермен назарына ұсынылды.
Туынды авторлары қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде бұзақылардың арам ойы неге іске аспай қалды, қорқыныш аурасы, хаос және шарасыздық туралы баяндауға тырысқан. Фильмнің басты кейіпкерлері – бұзақылық кезінде елді қорғаған қазақстандықтар. Қарапайым азаматтар туып-өскен атамекенін қорғап жүріп ерлік көрсетті. Сондай-ақ деректі фильмде Қаңтар оқиғасына қатысты бұрын-соңды айтылмаған фактілер мен қатысушылардан алынған эксклюзивті сұхбаттар ұсынылады. Қаңтар оқиғасы мемлекеттік төңкерістің сәтсіз әрекеті ғана емес, ел тарихындағы ең ірі лаңкестік шабуыл болды. Оқиға салдарынан 238 адам қаза тапты. Оның қатарында тұрғындармен қоса полицейлер мен әскери қызметкерлер де бар.
Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық істер әлі де қаралып жатыр. Ал кейбір қатысушыларға Мемлекет басшысы рақымшылық жариялаған болатын.