Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева словениялық Вероника Эрьявецпен бірге WTA 125 турнирінің жұптық сынында чемпион атанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Финалда қазақстандық-словениялық жұп чехиялық Лора Самсон мен словениялық Тамара Зиданшекке қарсы ойнады.
Алғашқы сетте қарсыластары 7:5 есебімен басым түсті. Екінші партияда Құламбаева мен Эрьявец 6:2 есебімен жеңіске жетіп, матчты шешуші супер тай-брейкке ұластырды.
Тартысты өткен супер тай-брейкте Самсон мен Зиданшек екі рет матчболға ие болғанымен, оны пайдалана алмады. Ал Құламбаева мен Эрьявец төртінші матчболын сәтті аяқтап, 14:12 есебімен жеңіске жетті.
1 сағат 40 минутқа созылған кездесуде жеңімпаз жұп бір эйс жасап, сегіз брейк-пойнттың төртеуін өз пайдасына шешті.
Бұл – 26 жастағы Жібек Құламбаеваның WTA 125 санатындағы турнирлерде жұптық сында жеңіп алған үшінші титулы. Қазақстандық теннисші биыл осы деңгейдегі жарыста екінші мәрте топ жарып отыр.
Осы жеңісінен кейін Жібек Құламбаева жұптық сындағы WTA Live рейтингінде 1 010 ұпай жинап, 86-орынға көтерілді.
