Иранда наразылыққа шыққан тағы екі адам өлім жазасына кесілді
Иранда наразылыққа шыққан тағы екі адам өлім жазасына кесілді
484
оқылды
Иранда 2023 жылғы 7 қаңтарда былтыр қыркүйекте басталған наразылыққа қатысқан екі адам дарға асылды. CNN телеарнасы наразылыққа қатысқаны үшін өлім жазасына кесілгендер саны төртеу болғанын жазды. 22 жастағы Мұхаммад Мехди Карамиге және 39 жастағы Мұхаммад Хуссейниге "Басидж" қызметкерлерін өлтірді деп айып тағылған. Бұл іс бойынша тағы үш адам өлім жазасына кесіліп, 11 адам түрмеге отырғызылған. Amnesty International жазуынша, айыпталушыларды күшпен мойындатқан. Хуссейнидің адвокаты желтоқсанда өзі қорғап отырған азаматтың аяусыз азапталғанын, күшпен мойындату заңсыз екенін мәлімдеген. Ал Иран билігі күшпен мойындатқанын жоққа шығарған. Amnesty International хабарлауынша, наразылыққа қатысушылар адвокат таңдау құқығынан айырылған. Еске салайық, 2022 жылғы қыркүйекте Иранда жаппай наразылық басталды. Бұған 22 жастағы белсенді Махса Әминиді "хиджаб кию ережесін сақтамағаны үшін" ұстап, кейін оның қаза тапқаны себеп болған.