Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек ақшалай берілетін болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау ата-аналарға балаларына қажетті тауарларды өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді.
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енген атаулы әлеуметтік көмек теңгемен беріледі.
2020 жылғы қаңтар айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алатын отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына АӘК-қа қосымша әлеуметтік қолдау шарасы ретінде азық-түлік пен тұрмыстық химия жиынтығы түріндегі кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынылғаны белгілі.
2022 жылы әлеуметтік көмек алатын отбасының әрбір мүшесіне, яғни әр балаға АӘК-тың орташа мөлшері – 6 650 теңге. Табысы аз отбасылардың балаларына қосымша ұсынылатын азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтың құны 5 174 теңге деңгейінде белгіленді.
Бұл ретте кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы алушылардан осы топтаманы заттай түрден ақшалай форматқа ауыстыру туралы ұсыныстар жиі келіп түсті.
Кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы алушылардың ұсыныстарын ескере отырып, 2023 жылдан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау туралы шешім қабылданды. Монетизация АӘК алатын әрбір балаға ай сайынғы негізде 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақшалай төлем түрінде жүзеге асырылды. Бұл ата-аналарға балалардың жеке қажеттіліктеріне байланысты қажетті тауарларды өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді.