Жуырда «AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы болып Елнұр Бейсенбаев тағайындалды. Бүгін Мәжілістегі депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Елнұр Бейсенбаев «AMANAT» партиясының алдағы уақытта атқаратын жұмысы жайында Facebook-тағы парақшасында жазды.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасын, саяси реформаларды іске асыру, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауына дайындық және тағы басқа да ауқымды жұмыс алдағы уақытта жүзеге асады.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы болып тағайындалуыма байланысты бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты мандатын тапсырдым.
Парламент Мәжілісі мол тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыдан шыңдалуыма ерекше ықпал еткен үлкен мектеп болғаны сөзсіз. Мәжілісте заң жобаларын талқылау мен қабылдау, түйінді мәселелер бойынша депутаттық сауал жолдау, халықпен тікелей жұмыс істеу сияқты міндеттер маған ел өміріне терең бойлауға, қоғамдық-саяси жұмыстың ортасында болуға мүмкіндік берді.
Енді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы деген жауапкершілігі жоғары міндет жүктеліп отыр. Осы орайда маған зор сенім білдірген «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов пен барша партияластарға айрықша ризашылығымды білдіремін.
Барлығымызды алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Мемлекет басшысының жаңару мен жаңғыруға бағытталған реформаларына қолдау білдіре отырып, халықпен тығыз әрі ашық жұмыс істеу, өзекті қоғамдық мәселелерге арналған партиялық жобаларды жүзеге асыру, алдағы сайлау науқанында ел үдесінен шығатын жұмысты пысықтау сияқты ортақ мақсатымыз бар. Сондықтан да алға қойған міндеттерді жоғары деңгейде орындау үшін барлық тәжірибемді жұмсауға күш саламын.
Сондай-ақ, замандас әріптесім, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы қызметін жемісті атқарған Асхат Ораловқа да арнайы рахмет айтқым келеді. Асхат Раздықұлы партияның тарихи кезеңінде аса ауқымды жұмыс атқарды. Саяси ұйымның заманауи трансформациясын сәтті іске асырып, нәтижелі өзгерістер жасады.
Ендігі кезекте партияда бір жыл ішінде атқарылған қоғамдық әрі саяси реформаларды ары қарай жалғастыру және күшейту жолында бірге қызмет етеміз!» – деп жазды Елнұр Бейсенбаев.
Бұған дейін «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы тағайындалғанын хабарлаған болатынбыз.