Сурет арқылы жоғалған жақындарын тапты – Советбек Мағзұмов
Сурет арқылы жоғалған жақындарын тапты – Советбек Мағзұмов
851
оқылды
Тарих көптің жадында сурет арқылы сақталады. Олай болса, халықты таңғал­дырар кадр түсіру – өнермен пара-пар. Фотожурналистикада объективін арқалап, талай оқиғаның ортасында жүріп, қажырлы қызмет еткен жандардың бірі – Со­ветбек Мағзұмов. Белгілі фототілші қазақ журналистикасының аңыздарымен қыз­меттес болып, Қазақ телеграф агенттігінде, «Социалистік Қазақстан», «Ай­қын», «Литер» газеттерінде еңбек етті. Бүгінде Советбек Мағзұмов жеті асудың бел ортасы 75 жасқа толып отыр. Осыған орай ардагер фототілшімен сұхбаттастық. – Алғашқы еңбек жолыңызды аудандық газеттен бастапсыз. Фо­то­журналистикаға қалай келдіңіз? Жан қалауыңыз ба? – Еңбек жолымды Қарағанды облысы Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінен бастадым. Газеттің тарихы өте ертеден басталады. 1932 жылы «Қызыл кенші» деген атпен шыққан. Газеттің бірінші бас редак­торы белгілі қаламгер – Әбділда Тәжібаев. Бұл басы­лым­ның бірінші жауапты хатшысы Жұмағали Саин еді. Аудандық газет болса да, редак­цияда белгілі тұлғалар жұмыс істеді. Баубек Бұлқышев те газеттің штат­тан тыс тілшісі болған. Газет апта­сына үш рет шықты. Сенбілік нө­мірді А3 форматында, қазіргі тілмен айт­қанда, «Етжеңді» нөмір шығар­дық. Аудандық газетте істеп жүрген кезімде басқа облыстық басы­лым­дарға, «Социалистік Қазақстанға», «Лениншіл жасқа» суреттер жіберіп, мақалалар жазып тұрдым. Шағын хабар, суреттеме, репор­таж, очерк жазатынмын. Сол кезде ең жеңіл жанр хабар деп ойлай­тынмын. Бі­рақ кейін Қазақ теле­граф агент­тігінде жұмыс істегенде ең ауыр жанр екенін түсіндім. 1970 жылы оқуға түсетін болып, «Ор­талық Қазақстан» газетінің редакторынан мінездеме сұрап хат жазып жібердім. Олар сырттай бөлімге оқуға түсуге деп жазып жіберіпті. Мінездемеге қарасам, мені қатты мақтапты, тіпті КазГУ-ға түсудің қажеті жоқ сияқ­ты. Ал аудандық газет мені жұмыс­тан шығып кетеді деп мінездеме бергісі келмеді. Содан құжат тапсы­ратын соңғы күні дегенде «Социа­листік Қазақстан» газетінің бас ре­дак­торы Ұзақ Бағаев ағайдан мінез­деме алып, оқуға тапсыруға үлгер­дім. 1-курста оқып жүріп, кездей­соқ «Казахстанская правда» га­зетінің фотографы Чи-Ко-Ванмен таныс­тым. Ол жетімдер үйінде өскен, ұлты кәріс азамат еді. Жо­ғары білімді, Мәскеуде оқыған. Жетімдер үйінен шыққан кезде оған Чикован деген фамилия береді. Грузияда Чикован деген князь болған. Бірақ ол фамилиясын Чи-Ко-Ван деп кәрісшелеп жаз­дырып алыпты. Не деген ұлтжан­дылық десеңізші. Ол кісі маған: «Менімен бір жыл жүр. Сосын сені газеттер өзі іздейді» деді. Ол кезде студенттерге газетте жұмыс істеу арман еді. Сөйтіп, сабақтан кейін газеттің 4-бетіндегі жаңа­лық­тарға сурет түсіріп жүрдім. Жазғы дема­лысқа шыққанда Чи-Ко-Ван мені «Қазақстан пионеріне» алып бар­ды. Бас редакторы – Фариза Оң­ғарсынова. Осылайша, «Қазақ­стан пионерінде» 3-4 жылдай жұмыс істедім. Қазір ойлап қарасам, жақсы журналист болу үшін ең бірінші балалар басылымында жұмыс істеу керек екен. Сонда журналист сая­сатқа кетіп қал­май­ды. Баланың тілін, психологиясын зерттейді. Сөйтіп, мені «Социа­листік Қазақ­стан» газеті жұмысқа шақырды. Ойланбастан бардым. Себебі «Со­циалистік Қазақстанда» жұмыс істейтін журналистерге үй беретін. Ал оқуды бітіргеннен кейін Қазақ телеграф агенттігіне өзім сұранып бардым. ҚазТАГ жабылғанша сонда жұмыс істедім. Осы кезде жазуды қойып, тек фотожурналистикаға бейімделдім. Фото дегеніміз – өнер. Кеңес үкі­меті кезінде фотоөнермен айна­лысқандар аз болды. Алматыда 6-7 газет болса, әр газетте тек бір фотограф болатын. Сондықтан фо­тожурналистика менің жан қалауым десем де болады. Арқа төсінде жүріп белгілі тұлғалардың барлығын су­ретке түсірдім. 1980 жылы 30 тамыз күні ҚазақКСР-ының 60 жылдық тойы болды. Көкшетаудан мені ша­қырды. Сол кезде Брежневтың қасында бар-жоғы 4-ақ адам жүрдік. Себебі басшылардың қасында ақпараттық агенттіктің адамдары ғана жүретін. Қонаев Содан 1997 жылы Президенттің Жарлығымен ҚазТАГ таратылды. Содан кейін ешкім жұмысқа ша­қырған жоқ. 6 ай жұмыссыз жүр­дім. Жұмыс тәжірибем жоғалмас үшін Халықты жұмыспен қамту орта­лығына барып тіркелдім. Содан 2004 жылы «Айқын-Литер» газет­терінің Астана қаласындағы фото­тілшісі болып жұмысқа кір­дім. Ол кезде «Айқын», «Литер» газеттеріне жұмысқа орналасу журналистерге арман болатын.   Сурет мақаланы сүйреуі керек – Фотожурналист болу оңай емес. Мақаланың оқырманға жетуі фотографтың түсірген суреттеріне тікелей байланысты. Сәтті кадр түсірудің сыры қандай? – Иә, сурет мақаланы сүйреуі керек. Жақсы сурет ортанқол мақа­ланы алға алып шығады. Сурет сәтсіз таңдалса, қандай жақсы ма­қала болса да, ашылмай қалады. Сурет пен мақаланы қабыстыру беттеуге де байланысты. Мен газетте беретін суреттерімнің барлығын есеп­теп түсіретінмін. Сұхбатқа бар­ғанда, кейіпкердің эмоциясына, жарықтың түсуіне қарай түсіремін. Әр мақалаға 4-5 сурет дайындаймын. Журналистің мәтініне қарай лайық­тысын ұсынамын. Сурет пен мәтін­нің байланысына баса мән беремін. Оқырмандар да бұл байланысты бірден байқайды. Хамза Абдулин – Сонда сіз қай бағытта көбірек сурет түсірдіңіз? – Кешегі Кеңес Одағы дәуі­рінде фотожурналистер де әр ба­ғытқа қарай бағытталатын. Біреуі спортты, енді біреуі репортаждар түсіретін. Мен ақпараттық агент­тікте жұмыс істегендіктен, жаңа­лықтарды түсі­руге бейім болдым. Мысалы, ТАСС-қа айына 2 сурет, бір жылда 22 фото беретінмін. – Фототілші болып жүргенде қызық сәттер де көп болған шығар? – Иә, «Литер» газетінде жүрген уақытымда Динара Бейсембина деген журналист болды. Басшылық екеумізді Астанадағы қонақүй­лердің біріне аялдаған Польшаның театр және кино актрисасы Бар­бара Брыл­скадан сұхбат алуға жіберді. Желтоқсан айы болатын. Дала ми­нус 30 градус аяз. Сұхбатқа келісіп, таңғы 9-да қонақүйге бар­дық. Бірақ актри­саның көмекшісі: «Барбара Брылска қатты ауырып жатыр. Мүл­дем сөйлей алмайды. Сондықтан сұхбат бермейді» деді. Ал Динараға қарасам, көзі мөл­діреп жылаудың аз-ақ алдында отыр. Содан батыр­лығым ұстап кетті де, көмекшісіне: «Актрисаны суретке түсірмесем, басшылық мені жұмыстан шығарып жібереді» деп айттым. Сәлден кейін Барбара Брылска келді. Мен актри­са жур­налистерден шаршаған­дық­тан сұхбат беруден бас тартты деп ойлап едім. Бірақ ол шынымен де ауырып тұр екен. Осылайша, сұх­бат та алдық, фотоға да түсірдік.   Қазір аппаратура бар да, шебер маман аз –Бұрынғымен салыстырғанда, қазір елімізде фотожурналистика қаншалықты дамыған? –Бұрын шебер мамандар көп болды. Бірақ аппаратура жоқ еді. Қазір керісінше. Аппаратура бар да, шебер мамандар азайып бара жатыр. Мысалы, «Социалистік Қазақстан» газетінде С.Басбеков, Б.Тілекметов, «Қазақстан әйел­дері» журналында Н.Жұбанов, «Коммунизм туы» га­зе­тінде Р.Дүй­­сенғалиев деген аза­маттар істеді. Барлығы да КазГУ-ды бі­тірген. Ол кезде фототілшілер мін­детті түрде Журналистика фа­куль­тетін бітіруі керек еді. Бол­ма­ғанда жоғары білімді болуы тиіс. Қазір біз көрге­німізді түсіреміз. Ал ол кезде фото­журналистер тақы­рыпты ашуды ойлайтын. Бүгінде бұлай ізденетін маман аз. Қай га­зетті алып қарасақ та, ма­мандар ре­дакциядан алысқа шықпайды. Те­леарналарда да осы үрдіс бар. Жур­налистер ешқайда бармай-ақ материал жазады. Сон­дықтан оқы­май-ақ фотожурналист болатын­дарға қарсымын. Батыр Баян – Кәсіби фото мен арзанқол фо­тоаппарат түсірген суреттердің айырмашылығы бар ма? – Қазір техника дамып жатыр. Кез келген адам қолындағы смарт­фонмен де сурет түсіре алады. Бірақ қанша десек те, кәсіби фо­тоап­па­раттың сапасы да, деңгейі де озық. Кезінде ҚазТАГ бізді ең қымбат, не­містің Leica деген фо­тоаппа­ра­тымен қамтамасыз етті. Бұл аппа­рат­тардың цифрлық нұсқасы бү­гін де бар. Бірақ бағасы қымбат. Ме­нің жеке коллекциямда Hasselblad, Leica фотоаппараттары әлі күнге дейін бар. Қазақстанда бұл аппа­раттар 15 дана ғана. Сондықтан ешкімге бермеймін. Өйткені бұл – тарих. Қазіргі фо­тоаппараттардың сапасы жақсы. Бірақ бәрібір Hasselblad пен Leica-ға жетпейді. Сосын біз оқиғаның алдын ала түсірілім жасап, дайындалатынбыз. Ал қазір журналистер іс-шараның өзіне ғана барады. Мысалы, 1975 жы­лы бір топ журналист Алматы әуе­жайына бардық. Жаңа техни­ка­лық рейспен Дінмұхамед Қонаев ке­летін болды. «Казахстанская прав­да» газетінің фотожурналисі Ку­кушкин Қазақ азаматтық авиа­ция басқар­масының бастығы Николай Куз­нецовпен бір күн сөйлесіп, бәрін зерттеп, фотоға түсіріп алыпты. Ал іс-шараға тек көріну үшін барыпты. Осы сияқты тілшілер де ертең бо­латын оқиғаны бүгін алдын ала жа­зып қоятын. Нәтижесінде, оқиға­лар дер кезінде газеттің сол күнгі нөмі­ріне басы­латын. Бір рет мен тұқым себетін науқан басталғанда совхозға жаяулатып жетіп, инже­нермен ке­лісіп, тракторларды жүр­гізіп, алдын ала кадр түсіріп алдым. Сол сурет бір­ден Мәскеудің үш га­зетіне басыл­ды. Осылайша, кадр­ларды көбіне қолдан ұйымдастыруға тура келеді. каскадер – Интернет фотографтардың жұмысын жеңілдетті ме? – Интернет пайда болғалы фо­тографтар жұмыстарын редакцияға тез жібере алатын болды. Ал бұрын Көкшетауда жүріп редакцияға су­реттерді конвертке салып, пошта­мен жіберетінбіз. Жедел суреттерді Ал­матыға жеткізіп, ол жерден «фо­то­телеграф» деген аппаратпен Мәс­кеуге жолдайтынбыз. – Түсірген суреттеріңіздің іші­нен ең бір есте қалғандары болды ма? – Иә. Петропавл қаласында Мағжан Жұмабаевқа ескерткіш қо­йылды. Сол жерде мен бірінші рет Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха Құрманбайқызын суретке түсірдім. Жанында ақын Хамза Аб­дуллин болды. Екеуі құшақ­тасып жылады. Себебі Хамза Мағ­жан Жұмабаевтың үйінде тұрып, оқыпты. Сол сәтті мен фотокадрға алып үлгердім. Жұбан Молдағалиев – Сіздің суретіңіз арқылы жо­ғалған баланы тауып алған дейді. Осы рас па? – Мен осы туралы хабар жаз­ғанмын. Бірақ жоғалтып алдым. «Арқа ажары» газетінде жұмыс істеген кезімде әр аптада пойызбен, машинамен, автобуспен мың ша­қы­рым жол жүретінмін. Сандықтау ауданында келген адамның қалта­сына салмақ түспесін деп жетімдер үйінен бір бөлме дайындап қоятын дәстүр бар. Сол жерге барып орна­ластым. Жетімдер үйінің ауласында отырғанымда үстіне көк көйлек ки­ген қыз бала секіргіш баумен ой­нап жүр екен. Ал менің көзім сондай қозғалыстарды бірден шалады. Кейде менен спорттық жарыс ал­дында: «Аға, қайсы же­ңетін сияқ­ты?» деп сұрайды. Мен «осы» дей­мін. Кейін дәл мен айтқан спортшы жеңіске жетеді. Өйткені мен оның жүріс-тұрысын бірден байқаймын. Сосын әлгі қыз баланы суретке тү­сірдім. Ойымда ештеңе жоқ. Газетке фотоэтюд түрінде бердік. Арада 5-6 ай уақыт өтті. Сандықтауға қайта бардым. Барсам, директор: «Қызық жағдай болды. Бір ер адам келіп, үш күн бойы ауламызда отырып, сіз фото­ға түсірген қызды бақылапты. «Газеттегі суретіне қарап, түрі өзіме ұқсайтынын көріп келдім» дейді. Айтуынша, отбасын құр­ғаннан кейін, ажырасып кетіпті. Әйелінің құрсағында бала қа­лыпты. Өз ұр­пағын іздеп Ресейге дейін барып­ты. Қыздың анасынан сұраса: «өліп қалған» депті. Ана кісіні аяп, құпия құжаттарды аш­тым. Қарасам, әйел қыздың әке­сінің атын көрсетіпті. Ол – қа­сымда отырған адам. Бірақ баланы келді екен деп бере сал­май­мын, сотқа барыңыз. Қалай шешім шы­ғарса, солай болады деп жөнін айттым» дейді. Аудандық сот «бала әкесіне қайтарылсын» деп шешім шығарады. Әкесі Сандықтаудан қашық емес жерде тұрады екен. Ал қыздың аты – Анар. Мұндай жағдайлар бірнеше рет болды. 1987 жылы 10 қараша күні «Казахстанская правда» газеті ме­нің суретімді басты. Көкше­таудың ме­дициналық учили­ще­сінде Фло­ренс Найтингейл атын­дағы музей бар. Музей әр 5 жыл сайын кездесу өт­кізеді. Флоренс Найтингейл меда­лімен Кеңес ода­ғында 35-37 адам марапатталса, Қазақстанда тек 5 адам алған. Солардың бірі – Марина Смирнова осы училищені бітірген. Ұлы Отан соғысы кезінде санинс­труктор болып жұмыс істе­ген. Со­сын маған осы кездесу жай­лы фото түсіру тапсырылды. Бі­рінші Смир­нованы құрбыла­рымен құшақтас­тырып түсірдім. Кейін осы сурет «Ка­захстанкая правда­ға» шыққан­нан кейін Маринаға Болгариядан хат келіпті. Өзімен бірге санинс­труктор болып жұмыс істеген әріп­тесі, газеттен суретін көріп іздеп тауыпты. Осылайша, газетке шық­қан сурет арқылы жоғалған жа­қын­дарын тапты. егін егу – Фототілші ретінде түсірген суреттеріңізден көрме ұйымдастыру, альбом шығару ойыңызда бар ма? – Фотоальбом жасауға қаржы керек. Ол қымбат болады. Сосын жұ­­мыстың сауатты, сапалы болға­нын жақсы көремін. Ойымда мұн­дай мақ­сат бар. Бірақ мен көрмеге қа­тысу­ға қатты құштар болмадым. Ты­ныш жүргенді жақсы көремін. Еш­қашан ешкімге сурет сатпа­ғанмын. – Әңгімеңізге рақмет!