Көктайғақта көшеге шашатын қоспа аяқкиім мен көліктің дөңгелегіне зиян ба?
Көктайғақта көшеге шашатын қоспа аяқкиім мен көліктің дөңгелегіне зиян ба?
1,236
оқылды
Қаңтар айы басталғаннан бері аяз күшейіп, боран соғып, кейбір аймақта көктайғақ болып жатыр. Өскемен тұрғындары әлеуметтік желіде «көшеге көктайғаққа қарсы шашылатын қоспадан аяқкиім мен көлік дөңгелегі бүлініп жатыр» деп шағым айтқан. «Қазақпараттың» дерегінше, жазбада коммуналдық қызметтердің қала көшелеріне шашатын реагенттерінен аяқкиім мен көлік дөңгелегі бүлініп жатқаны туралы жазылған. Жұрттың көктайғаққа қарсы қоспа ішінде химиялық заттар қолданылады деген күдігі басым. Өскемен қаласы әкімдігінің «Таза Өскемен» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Асхат Тәженов тұрындардың күдігі мен күмәнін сейілту үшін осы мәселеге қатысты пікір білдірді.
«Көктайғақта көшеге құм шашамыз. Ешқандай химиялық реагент қолданбайбыз. Әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарап жатыр. Реагенттерді шашу – қомақты қаражатты талап етеді. Бір тонна реагенттің өзі 1,5 миллион теңге тұрады. Ал қаланы түгел қамту үшін шамамен мың тоннаға жуық реагент кетеді. Бізде мұндай қомақты қаражат қарастырылмаған», – дейді Асхат Тәженов.
Бұған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше өңірде сабақ қашықтан оқытылатынын  хабарлаған болатынбыз.